Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Cапалы өнімге сұраныс көп

Cапалы өнімге сұраныс көп
ашық дереккөз
Cапалы өнімге сұраныс көп
Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, аудан тұрғындарының бірқатарын жұмыспен қамтып отырған «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ішкі және сыртқы нарықты барынша экологиялық таза сүт өнімдерін қамтамасыз етуде. Аталған серіктестіктің өнімдері нарыққа 1951 жылдан бері шығарылып келеді. Іргелі кәсіпорынды аудан тұрмақ, облыста білмейтіндер кемде-кем. Бүгінде серіктестікте 130-ға жуық адам еңбек етеді, орташа еңбекақы 100 мың теңге көлемінде. «Бурное сүт компаниясы» ЖШС биылдың өзінде 1 132 тоннадан астам сүт өңдеп, 268 тонна қатты ірімшік, 36 тонна сары май, 1 мың 20 тонна ультра жоғары пастерленген (қаптамадағы сүт) сүт өндіріп отыр. Кәсіпорында жоғары сапада өңделіп, өндірілген экологиялық таза сүт өнімдері еліміздің ең үлкен мегаполистері – Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясының да бірқатар аймақтарында жоғары сұранысқа ие. Серіктестік директоры Свамбай Ариновтың айтуынша, зауыттың тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт қабылдауға мүмкіндігі жетеді. Алайда кәсіпорын оның тек 30-40 пайызына ғана қол жеткізуде. Өйткені ауданда сиыр сүті тапшы. – Ауданда сауылған сүт бізден бөлек басқа да сүт өңдеу цехтарына өткізіледі. Бірқатар ауылдық округтердің сүті облыс орталығына және өңірдің басқа да аудандарына тасымалдануда. Жалпы Жуалының сүтіне деген сыртқы қызығушылық ауданда сүт кластерін дамытуға өз кедергісін келтіруде. Міне, аудан шаруашылықтарында өндірілген құнарлы сүттің елеулі бөлігінің сыртқа кетуіне байланысты «Бурное сүт компаниясы» серіктестігі толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. Әрине, бұл мәселе зауыттан шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға қолбайлау. Биыл кәсіпорнымыздың құрылғанына 72 жыл толып отыр. Бұл – біз үшін үлкен айтулы белес. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпорында өндірілген сүт өнімдері елімізде ғана емес, Ресейде де жоғары сұранысқа ие. Зауытқа ең керегі – шикізат. Оны біз шаруалардан майлылығына қарай 300 теңгеден қабылдаймыз. Сондықтан осында жеткізілетін сүт қорын молайта түсу үшін аудандағы шаруалар және жеке кәсіпкерлермен, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басшыларымен жиі-жиі бас қосып, келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – дейді С.Аринов. Мұнда өндірілген өнімдер ешқандай алыпсатарлардың араласуынсыз зауыттың өз бағасымен саудаланады. Қазір мұны ауданның тұрғындары жақсы біледі. Тұрғындар көбінде зауыт өнімдерін осы дүкеннен арнайы келіп сатып алуға тырысады. – Майлылығы 2,5 пен 3,2 және 6 пайызды құрайтын термо қаптамадағы сүттің әр литрі 350 мен 400 теңгенің аралығында сатылады. Ал мұнда сары май 3 550 және қатты ірімшіктің әр келісінің бағасы – 3 150 теңге. Қойылтылған сүт 420 теңге, ал құрттың келісі 2 250 теңгені құрап отыр. Зауытта жалпы 15 түрлі сүт өнімі шығарылады. Сонымен қатар «Бурное сүт компаниясы» ЖШС өз өнімдерін облыстың орталығы Тараз қаласында және Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылатын азық-түлік жәрмеңкелеріне де апарып жүр. Міне, осындай жәрмеңкелерде Алматы және елорда халқы зауыт өнімдерін нарық бағасынан едәуір төмен бағаға сатып алуға мүмкіндік алып отыр, – дейді С.Арынов. Сүт кластерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Бурное сүт компаниясы» ЖШС бірқатар салалық марапаттарға ие. Мұның жарқын дәлелі ретінде серіктестік «WorldFoodKazakhstan-2014» және «WorldFoodKazakhstan-2015» көрмелерінде бірінші орынды жеңіп алғанын айтсақ болады. Онымен қоса «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында II орынды еншілеп, елордадағы көрме-конкурстарда зауыт өнімдері жоғары бағаланған. 2019 жылы «Сала көшбасшысы» марапатына ие болды. Бір сөзбен айтқанда, серіктестіктің еліміздегі сүт кластерін дамытуға қосып отырған үлесі зор.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар