Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ БИІК

Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ БИІК
ашық дереккөз
Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ БИІК
Өткен жылдың мамыр айында жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданына барған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесіп, жергілікті атқарушы органға нақты тапсырмалар, міндеттер жүктеген еді. Нұржан Молдиярұлы әсіресе әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың табысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, жайылым тапшылығын жою сынды мәселелерді жіпке тізіп айтып шықты. Аймақ басшысы астын сызып тұрып атап өткен мәселелердің қай-қайсысын болмасын шешу үшін әжептәуір уақыт керек. Ол бір күнде шешіле салатын шаруа емес.  Одан бері де бір жылға жуық уақыт өтіпті. Ендеше облыс әкімі межелеп берген жоғарыда аталған және басқа да мәселелердің қаншалықты орындалып жатқанын зерделеп, жалпы аймақтың бүгінгі даму деңгейін бажайлап, атқарылған жұмыстардың жемісі мен нәтижесін саралап көрсек. Шаруаға мығым құландықтар бүгінде сан салада қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның, облысымыздың табысын тасытып, мерейін асыруға хал-қадірінше үлес қосып келеді. Халқының еңбекқорлығының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттері мен мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың арқасында ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көңілдегідей деңгейге көтерілген. Бұл тұрғыда аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған атқамінерлер аянып жатқан жоқ. Қолда бар мәліметке сүйенсек, өткен жылдың қорытындысымен өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасыпты. Мәселен, өткен жылы шығарылған өнім көлемі 117,3 миллиард теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,4 миллиард теңгеге артық немесе 129 пайызға орындалған. Ал өнеркәсiп кәсiпорындарымен 17,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бұрнағы жылдармен салыстырғанда көп ілгерілеушілік байқалған. Сондай-ақ 20,3 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, жоспардың орындалуы 102,5 пайызға жеткен. Экономикалық өсімі тұрақты аймақта құрылыс саласы да дамитыны белгілі. Құлан жерінде былтыр құрылыс жұмыстарына 14,2 миллиард теңге жұмсалып, нақты көлем индексі 109,9 пайызды құраған. Құрылыс қарқынын жоғалтпаған соң жалпы алаңы 13 160 шаршы метр (2021 жылы – 12 810 шаршы метр) тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ауданда 1 664 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Биыл да ауданда халықты қолжетімді баспанамен қамтуға айрықша назар аударылып отыр. Бүгінде аймақта 80 пәтерлі 2 тұрғын үйдің инфрақұрылымын (газ, электр жарығы, су, канализация) тарту жұмыстары аяқталуға жақындаған. Жыл соңына дейін 2 тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспана кезегінде тұрған 114 мұқтаж отбасының ұзақ жылдан бергі арманы орындалмақ. Сонымен қатар Луговой ауылында бос тұрған бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін кезекте тұрған 20 мұқтаж отбасыға пәтер кілттері табысталмақ. Бірнеше жыл бұрын басталған «Асар» жобасы да мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтуға серпін берген. 2020 жылдан бері «Асар» жобасымен 43 мұқтаж отбасы баспанамен қамтылса, былтыр құрылысы жоспарланған 13 үй толық пайдалануға беріліпті. Биыл да жоба аясында 14 үйді мұқтаж азаматтарға беру жоспарланып отыр. Құрылыстың қарқын алғаны көңіл қуантады. Сөз жоқ, бұл аудан экономикасының дамуында аталған салада жақсы үрдістің бар екенін көрсетеді. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына да оң әсер етері анық. Біріншіден, жұмыссыз азаматтар белгілі кезеңде еңбекпен қамтылып, табыс табуға мүмкіндік алады. Екіншіден, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, демалыс орындары жергілікті тұрғындардың игілігіне арналған. Мәселен, өткен жылы 2 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 24,9 пайыздан 18 пайызға дейін төмендепті. Сондай-ақ биыл Қорағаты стансасында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы, 2024 жылы Ақбұлақ ауылында дәрігерлік амбулатория және Қайыңды ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жоспарлануда. Ал өткен жылы 3 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткен. Биылғы жылдың соңына дейін «Арай» тұрғын үй алқабында құрылыс жұмыстары басталған 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек ауылшаруашылық саласында да оң нәтижелерге қол жеткізілген. Биылғы жоспар да ауқымды екен. – Жалпы былтыр ауылшаруашылықта өндiрiлген өнiм көлемі 59,4 миллиард теңгенi құраса, асыраушы салаға 2,8 миллиард теңге мемлекеттік жеңілдіктер (субсидия) беріліп, толығымен игерілді. Ауданда егін және малшаруашылығы жақсы дамыған. Өткен жылы ауылшаруашылық дақылдары 146,7 мың гектарға орналастырылып, егістік алқабы 2021 жылмен салыстырғанда 2,7 мың гектарға ұлғайды. 108,8 мың гектар масақты дәнді дақыл толығымен орылып, жалпы түсім 198,6 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ 145 гектарға (2021 жылы 120 гектар) қант қызылшасы егіліп, 3,8 мың тонна өнім жиналып, зауытқа өткізілді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде биыл қант қызылшасы алқабын 550 гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Ал мал саны есепті кезеңде 774 мыңға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға артты. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы да агросаланың алшаң басуына, тұрғындардың табысының артуына үлкен ықпалын тигізуде. 2019-2020 жылдары 5 бағыт бойынша Құмарық ауылдық округінің тұрғындарына 797,2 миллион теңгеге несие берілді. 235 тұрақты жұмыс орны ашылып, орташа табыс көлемі 40 пайызға артты. Өткен жылы жоба Абай ауылдық округінде жалғасын тапты. 562,9 миллион теңге қарастырылып, 148 жобаны іске асырып, 8 ауылшаруашылық техникасын алып, 5 143 мал сатып алу көзделуде. Тиімділігін дәлелдеген жоба биыл Көгершін және Көкдөнен ауылдық округтерінде жүзеге асырылады. Жоба шеңберінде 7 516 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде, – деген Ернар Серікәліұлы келесі кезекте шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 5 984-ті құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 122,6 пайызға артқан. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 44 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Сондай-ақ биыл ұлттық жоба шеңберінде аудан аумағында кемінде 20 кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарлануда. Кәсіпкерліктің кең қанат жая бастағаны жергілікті билік үшін де, халық үшін де тиімді екенін айта кеткен жөн. Өз ісін ашып, тірлігін дөңгелеткен азаматтардың өңір экономикасын тұрақтандыруға қосар үлесі мол. Себебі өнім өндіру ішкі нарықтағы бағаның шексіз өсімін төмендетеді. Сондай-ақ табыс көлемі артады. Маусымдық кезеңдерде ауыл тұрғындарына уақытша жұмыс орны ашылады. – Жол мемлекеттің күретамыры іспеттес. Сондықтан өткен жылы аудандағы автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту да назарымыздан тыс қалмады. Автомобиль жолдарының жағдайы орта есеппен 96,5 пайызды құрайды. Өткен жылы 26,2 шақырым жол орта жөндеуден өтіп, толығымен аяқталды. Бүгінде мемлекет тарапынан халықтың бизнес бастап, табыс тайқазанын тасытуына барлық жағдай жасалуда. Мемлекетіміздің мол мүмкіндіктерін аудан тұрғындары да тиімді пайдалануда. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба арқылы былтыр 182 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып, қаражат берілді. Саралай айтсақ, 128 жас, 26 көпбалалы отбасы, 14 мүмкіндігі шектеулі жан, 9 мүмкіндігі шектеулі баланы қараушылар қайтарымсыз грант алды. Ауыл тұрғындары арасында белгіленген кестеге сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 182 адам қайтарымсыз грант алды. Халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеу және оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бойынша да бірқатар шара қабылданды. Атап өтер болсақ, өткен жылы 4,7 мың адамға әлеуметтік көмек және 4,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1-6 жас аралығындағы 698 бала қамтылды. Аудандағы мүгедектерді оңалту орталығында 32 мүмкіндігі шектеулі балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді, – дейді Е.Есіркепов. Ауданда 2025 жылға дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 14 мыңға жуық адамды, 5,5 мың жасты тарту, 6,6 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Әрине, бір жылда атқарылған жұмыстарды және бір жылдың жоспарын толық баяндап шығу мүмкін емес. Бір анығы, тұғыры биік, тынысы кең, тегеуріні мықты Т.Рысқұлов ауданында тапсырмалар тиянақты орындалып, тұрақты даму жолына түскен. Бай тарихы бар өңірдің бүгінгі тірлігі бірлігімен мазмұнданып, уақытпен бірге тыныстап жатыр.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар