ӨНЕРКӘСІПТЕ ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ ТИІС
Еліміздің индустриялық дамуы үшін өнеркәсіпте қауіпсіздіктің қатаң сақталуы аса маңызды. Себебі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің даму деңгейі арқылы мемлекеттің технологиялық әлеуетін бағалауға болады.
Өнеркәсіптік авариялар экологиялық, материалдық шығындарға, адам өліміне, кейде бүкіл саланың тоқырауына әкеледі. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі кәсіпорынның немесе өнеркәсіп саласының табысты дамуының индикаторы ғана емес. Сонымен қатар адамдардың өмір сүру сапасы, қоршаған орта, мемлекеттің технологиялық және инвестициялық мәртебесі өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесіне тікелей байланысты. Оның деңгейі адамның, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерін қорғай алса ғана ол мемлекетті шын мәнінде өнеркәсіптік дамыған ел деп атай аламыз.
Кейінгі 5 жылда қадағаланатын субъектілер саны аз ғана өссе де өнеркәсіп кәсіпорындарындағы апаттар 30 пайызға арта түскені байқалады және жағдайға жасалған талдау қорытындылары өндірістерде техногендік авариялардың туындау қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде екенін көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, оның ішінде стратегиялық маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындау, сондай-ақ өнеркәсіпті қолдау шараларын шынайы істермен толықтыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты ұйымдық мәдениеттің бір бөлігі саналатын өндірістегі қауіпсіздіктің жоғары мәдениетін қалыптастыру, қолдау және дамыту қажет деп санаймыз. Өйткені ол өндірістік және экономикалық мақсаттардан басым болып, барлық қызмет түрлерінің жалпыға бірдей және ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесі азаматтардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатер төндіретін тау-кен, металлургия, мұнай-газ өндіру, мұнай-химия, химия және өнеркәсіптің басқа да салаларындағы техногендік апаттардың алдын алуға бағытталған.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі ретінде қауіпті өндірістік объектілері бар бақылаудағы кәсіпорындарға, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша мақсатты бағытта апаттардың алдын алу арқылы жарақаттану себептерін төмендетуге мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізіп, үнемі назарда ұстап отырады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын, басқа да нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын бұлжытпай орындағанда ғана адам денсаулығына залал келетін өндірістік апаттарға жол бермеуге, оның салдарынан болатын материалдық шығындарды азайтуға болады.
Жалпы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын өкілдері жұмыла жұмыс істеуі қажет. Яғни өнеркәсіптік қауіпсіздік мемлекет тарапынан ұдайы бекітілген жылдық кестеге сәйкес қадағаланып отырғанымен, әрбір кәсіпорын басшысы өндірістік бақылау жүйесін дамытып, өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін басты назарға қойып, мамандарының біліктілігін арттырып, уақытылы оқытылуын қамтамасыз еткен жағдайда жазатайым оқиғалар мен апаттардың санын азайтуға мүмкіндік туар еді. Жұмыла жасалған әрекет мемлекеттің де, кәсіпорынның да зор жетістікке жетуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Дания НАМАЗБАЕВА, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің тау-кен өнеркәсібіндегі мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманы
Келесі мақала