КӨПТЕН КҮТКЕН ТАЗАЛАУ ТЕХНИКАСЫ
Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасы бойынша Қордайға көптен күткен су шашып жуу машинасы келді. Тазалықты сақтау – коммуналдық қызметке жүктелген негізгі міндеттердің бірі. Мұндағы маңыздысы – эстетика жағы ғана емес, денсаулық кепілі тазалық екендігінде.
Естеріңізге сала кетсек, аудан әкімі Б.Болатбеков санитарлық нормалардың сақталуына ерекше назар аударып келеді. Бұл ретте жұмыс сапарлары барысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, орындау мерзімі бекітілген болатын.
Мәселен, 1 наурызда көктемгі абаттандыру екіайлығы бастау алды. Ауданның бюджеттік ұйымдары, мекемелері мен ауыл тұрғындары тазалық жұмыстарына кіріскен. Коммуналдық қызметтің аралас тазалағыш автокөлігін сатып алуы көріктендіру науқанына көмек болып отыр. «КО-829Б1» су шашып жуу техникасы сыйымдылығы 12 текше метр болатын су цистернасымен жабдықталған. Бұдан бөлек көлік құралының 8 текше метрлік құмшашқыш бункері және аралық щеткасы бар.
«Мұндай көпфункциялы машина әмбебап болғандықтан көшелерді тазалауда кеңінен қолданылады. Кез келген күрделі жұмысты оңай әрі жылдам атқаруға мүмкіндігі бар», дейді коммуналдық қызмет өкілдері.
Арнайы техника осы аптада Қордай ауылының көшелерін жууға кірісті. Көліктің техникалық мүмкіндіктерін ең бірінші болып Жібек жолы және Төле би көшелерінің тұрғындары көре алды. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша, көшелерді ылғалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілмек.
Сонымен қатар көшелерді жуудан басқа, елді мекендердегі көшелер мен әртүрлі аймақтардың жағдайын жақсартатын басқа да жұмыстар атқарылуы тиіс.
Аталған техниканың тағы бір мүмкіндігі – жинау техникасын қолданғанда ресурстар үнемделеді. Көпфункциялы машинаны басқару аса қиын емес, оған арнайы дағдының да қажеті жоқ.
Жалпы жаппай көктемгі тазалау жұмыстары мамыр айында аяқталады.
Шолпан САБАНОВА, Қордай ауданы
Келесі мақала