ҚАЗАҚШАСЫ ҚАЗАҚТЫ ЖАҢЫЛДЫРҒАН ИВАН
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қазақшаға судай, ұлты украин болса да жаны қазақ дәрігер жұмыс істейді. Ол – жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде туа біткен әртүрлі ақаулары бар балаларға ота жасайтын бөлім меңгерушісі Иван Майсюк. Ұлы емші Гиппократ айтқандай, нағыз дәрігер сұңқардың көзіне, қыздың қолына, жыланның даналығына және арыстанның жүрегіне ие болуы керек. Осы қасиеттің барлығы жас та болса алғыр, көпшілікке шарапаты тиіп, әрі қазақ тілінің дамуына зор үлес қосып жүрген Иван Викторовичке тән. Жуырда ауруханаға арнайы барып, жүрегі қазақ деп соққан түсі жылы дәрігермен сұхбаттасып қайттық.
– Иван Викторович , айтыңызшы, қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?
– 1987 жылы Байзақ ауданының Мырзатай ауылында туып-өстім. Үйде әкем де, анам да, бауырларым да қазақша сөйлейді. Ұлтым украин демесеңіз, таза қазақпын. Алған жарым – қазақтың қызы. Тіліміз қазақ тілінде шықты. Ауыл балаларымен ұлттық ойындардың түр-түрін ойнап өстік. Кіндік қаным тамып, өсіп-өнген жердің тілін құрметтеуім, білуім және сол тілде сөйлеуім шарт деп білемін. Мектеп бітіргеннен кейін Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында білім алдым. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 8 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мақтанғаным емес, бізде жоғары санатты, өте білімді де білікті дәрігерлер көп. Мәселен, бізге басқа қалалардан және шет мемлекеттерден де ем іздеп келеді.
– Сіз қызмет ететін бөлімге қандай науқастар жүгінеді?
– Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне туа біткен әртүрлі ақаулары бар балалардың ата- аналары көп жүгінеді. Атап айтсақ, жоғарғы еріннің, тілдің қысқарған френулумы және тағы да басқа туабітті ақаулармен келіп жатады. Осылардың ішінде жоғарғы ерін мен таңдайдың туабітті жырығы бар балаларды ерекше айтып өткіміз келеді. Бір айда ерін мен таңдайдың туабітті ақауларына қатысты 12- ден аса ота жасалады. Алайда бұл жағдайда бір операция барысында алғаш рет екі ақау бірден жойылады. Ол – еріннің жырығы және жырық жағында орналасқан мұрын қанатының дұрыс емес пішіні. Бұған дейін хирургиялық емдеу кезеңкезеңімен жүргізілді.
– Жалпы жақ-бет хирургінің басты міндетіне не кіреді?
– Біздің міндетіміз – балалар мен олардың ата-аналарына шаттық сыйлау. Әзірленген жетілдірулердің үйлесімі арқасында жоғарғы еріннің туа біткен жырықтары бар балаларды емдеудің косметикалық және функционалдық нәтижесі айтарлықтай жақсарады. Сондай-ақ заманауи әдістер алғашқы операция кезінде мұрынның туа біткен деформациясын жоюға ықпал етеді және алынған нәтижені сақтауға, мұрынның шеміршек құрылымдарының қалыпты өсуіне алғышарттар жасайды. Өз кезегінде бұл операциядан кейінгі деформациялардың дамуын болдырмауға және балаларды медициналық-әлеуметтік оңалту мерзімдерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
– «Instagram» әлеуметтік желісінде де белсенді екенсіз. Әлеуметтік желіде отыруға уақытыңыз жеткілікті ме?
– Заманның ағымына қарай мен де әлеуметтік желіні ақтарып, өз парақшамды жүргіземін. Онда мен сәтті аяқталған оталарды салып отырамын. Дәрігерлердің еңбегін көрсеткім келеді. Жасап отырған адал ісімізді салып отырғанның сөкеттігі жоқ шығар. Бірақ соңғы кезде белсенділігім азайып жүр. Өйткені ота жасау, бөлімдегі балаларға жауапты болу керек. Уақыт тапшы.
– Науқастың сырқатнамасын қай тілде толтырасыздар? Диагноз қойғанда қазақшалап жазасыздар ма?
– Айта кету керек, медицина саласы біртіндеп қазақша «сөйлеп» келеді. Дегенмен медициналық терминдерге тиіспеген жөн. Өйткені олардың бәрі латынша. Солай түсінікті әрі үйреншікті. Сырқатнама ғана емес, барлық құжаттар қазақ және орыс тілінде толтырылады. Ал диагнозды орыс тілінде жазамыз. Қазақша жазсақ науқас та, басқасы да түсінбейді. Нақты айтқанда, сырқаттың қазақша атауын білмегендіктен ортада түсінбестік туады.
– Кітап оқисыз ба? Украин тілін білесіз бе?
– Әрине оқимын. Мотивациялық кітаптар оқығанды жақсы көремін. Ал өз ана тілімді түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын.
– Халық арасында «қоянжырық, қасқыртаңдай» аталып кеткен диагноз бүгінгі күні неге жиі кездеседі? Осы ақаулар толық емделе ме?
– Айтып отырған қоянжырық, қасқыртаңдай сынды ақаулар ананың бойында жүктіліктің бірінші триместрінде пайда болады. Егер әйел вирустық ауру жұқтырса немесе қатты ашуланшақ болса, дәрумендер жетіспеуінен де
болуы мүмкін. Халық әртүрлі айтып жатады. Медицина тілімен айтсақ, ақау ғой. Бұл жазылады. Бүгінгі таңда медицина дамыған. Өздігінен жазылып кетпейді. Ота жасалады. Сосын күтім керек, оңалту орталықтарына жіберіледі.
– Ибн Сина «Дәрігердің үш қаруы бар. Олар: пышақ, шөп, жылы сөз» деп айтады. Сіз өз ісіңізде қайсысын бірінші қолданасыз?
– Әрине, біріншіден, пышақты міндетті түрде көп пайдаланамыз. Ота жасау арқылы қаншама нәрестенің оңалуына сеп болып отырмыз. Екіншіден, міндетті түрде жылы сөз. Ауырып тұрған адамға жылы сөйлесең қуанып қалады. Әрі дәрігер айтқан соң сенеді. «Жылыжылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, науқастарға, олардың ата-аналарына байыппен, жай, жылы сөйлейміз. Анығында, бұл дәрігердің этикасына да
жатады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА