Жас отбасыларға неке куәліктері табыс етілді
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күніне орай облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ресурстық орталығы, қалалық АХАЖ бөлімі және «Анаға тағзым» орталықтары бірлесіп мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Салтанатты жиын аясында шаңырақ көтерген 10 жас жұпқа неке куәліктерін табыстау рәсімі өтті. Шараға көпбалалы және 16 баланы бауырына басқан Сапура Ержанова, спорт және өнер жұлдыздарының аналары Ләззат Аяшова («Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың анасы), Күлмән Махмудова (әнші Ернар Айдардың анасы), Ұлбосын Жаналиева (әзілкеш Арман Жаналиевтің анасы) сынды ардақты аналар қатысып, жас жұбайларға ақ баталарын берді.
Алдымен кеш модераторы, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сөз алып, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты шараны облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен құттықтау сөзбен ашып, жас жұбайларға бақытты отбасылық өмір тіледі. Мұнан соң сөз кезегі аналарға берілді.
– Менің аяулы ұлдарым, қыздарым. Қазіргі жастар соңғы жылдарда заманына сай Қозы Көрпеш – Баян сұлу мерекесін тойлап жүр. Ерлі-зайыптылар мен бір-бірін шын жүрекпен ұнатқан жандар үшін бұл мерекенің орны ерекше. Биылғы мереке, неке қию рәсімі Ораза айымен, оның ішінде жұма күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Мұны жақсылыққа балап отырмын. Бәрің де әр үйдің жалғызысыңдар. Ата-аналарыңның махаббатына сусындап өскен перзентсіңдер. Енді міне, өздерің де өз алдарыңа бөлек отау құрып отырсыңдар. Шаңырақтарыңның түтіні түзу шықсын. Үйлену оңай – үй болу қиын. Бұл мақал құрғақ сөз емес. Алдарыңда үлкен белес жатыр. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмір бұл. Сол өткелдерден қол ұстасып бірге өтіңдер. Бұл шешім өз таңдауларың. Өз жүрек қалауларың. Ендеше сезімдеріңе жауапкершілікпен қараңдар, адал болыңдар. Отбасылық өмірге басқан қадамдарың құтты болсын, – деді Сапура апай жастарға бақыт тілей отырып.
Бұдан кейін Ләззат, Күлмән, Ұлбосын апайлар да сөз алып, жас отбасыларға махаббат пен достық, тазалық пен нәзіктік, адамгершілік және имандылық тақырыбында ой қозғап, жылы лебіздерін білдіріп, ақ баталарын берді. Жастардың келешек өміріне азық болар ақыл-кеңестері мен өсиеттерін айтты.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала