«Анаға сәлем» өз мәресіне жетті
Әлемнің жарығын сыйлаған аналардың орны біздің халық үшін өте биік. Көктемнің алғашқы күндерімен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу байқауының қорытынды жиыны өтті.
Нәзікжандылар мерекесіне орай биыл екінші рет өткізіліп отырған іс-шараға облыс аумағындағы бірнеше ауданнан талантты жастар қатысты. Байқау онлайн форматта жүргізіліп, 18 бен 29 жас аралығындағы жастар өзара бақ сынасты. Өрендердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған байқауға биыл жалпы саны 28 қатысушы өтінім білдірген.
Байқауға қатысушылардың ана туралы өлең оқып, жолдаған бейнероликтері «Анаға тағзым» орталығының «Instagram» және «Facebook» парақшаларында жарияланды. Байқаудың шарты бойынша бейнероликтің сапасы, қатысушының өлеңді оқу мәнері, креативтілігімен қатар лүпіл мен пікір саны да назарға алынды. Дегенмен қазылар алқасының пікірі шешуші рөл атқарады.
Қазылар алқасының шешімімен «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу байқауында III орын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Жасмин Камалға, Қордай аудандық «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Хурлиман Қосыбаеваға және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әкімжан Қуанышбекұлына бұйырды.
Ал II орынға «Jambyl» телеарнасының редакторы Ардақ Сапибулла мен «Taraz 24» телеарнасының тілшісі Нұрғиса Зұлпықаров лайықты деп танылды.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Жетпісбаев байқау жеңімпазы және І дәрежелі диплом иегері атанды. Қалған қатысушылардың барлығына дерлік алғыс хат табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін концерттік бағдарламаға кезек берілді. Аталмыш байқаудың былтырғы жеңімпазы Альбина Зауытбек барлық аналардың құрметіне арнап «Ана туралы» өлең оқып, «Сырғалым» сырласу клубының мүшелері «Ана жүрегі» композициясын орындады. Кештің әсерлі сәттерінің бірі – «Анаға тағзым» орталығындағы «Сырғалым» сырласу клубының жетекшісі Балауса Бисенованың орындауындағы «Боз орамал» әнінің аясында залда отырған аналардың бәрінің иығына орамал жабылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала