ҚОРЫМДАРҒА ДА QR-КОД ҚОЙЫЛМАҚ
Қазіргі кезде әлемдегі барлық мемлекеттердің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе – жаппай цифрландыру. Мәселен, қазір қолыңызға әмияныңыз бен ақшаңызды, құжаттарыңызды ұстап жүрмей-ақ, QR-код арқылы біраз мәселені шеше аласыз. Соңғы жылдары еліміздегі тарихи нысандарды цифрландыру да жаппай қолға алынып, тарихи ескерткіштерге QR-код орнатылған болатын. Енді биылдан бастап QR-код зираттарға да қойыла бастапты.
Жалпы бейіттерде QR-код орнату алғаш рет технология жақсы дамыған Қытай, Жапония, Корея елінде пайда болған. Дегенмен аталған мемлекеттерде мұндай кодтарды жаппай қойды дей алмаймыз. Себебі құлпытасқа QR-код орнату әрбір азаматтың өтініші болған кезде ғана жасалады. Яғни марқұмның жақындарының бірі өтініш білдіруі керек.
Цифрлық технологиялардың бұл мүмкіндіктерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Қамқор-Шапағат» орталығы енгізіп отыр. Бүгінге дейін Астана қаласында 20-дан аса зираттың басындағы құлпытасқа QR-код орнатылып үлгерген.
– QR-код әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар тәжірибе екенін еске салайын. Мәселен, зират басындағы құлпытасқа QR-код орнатылады. Оған кез келген адам ұялы телефонын жақындатып, жүйеге өткен кезде өмірден озған азамат туралы толық мәліметтерді алады. Айталық, ол көзінің тірісінде қандай адам болды, нендей өнегелі істері бар, қай өңірдің тумасы деген сынды сауалдарға қатысты толық мағлұматтарға қанығады.
Бұл заманауи жүйе жаппай қолданысқа енгізілген жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай үрдіс дамыған елдерде бар. Сондықтан бізде де тәжірибе, сынақ ретінде жасалуда. Егер жұртшылық тарапынан қолдау тауып жатса, әрине, жалғасады, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы «Massaget.kz» порталына берген сұхбатында.
Ал ҚМДБ жанындағы «Қамқор-Шапағат» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы бұл іс заманауи көштен қалмайық деген мақсатта жасалған деген уәжін білдіріпті.
– Дамыған біраз мемлекетте осындай тәжірибе бар. Шариғатта адамның суреті немесе Құран аяттарын салуға тыйым салынған. Сондықтан марқұмның туыстарының өтінішіне сай істеп отырмыз, – дейді ҚМДБ жанындағы «Қамқор-Шапағат» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы.
Осы орайда біз облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Халид Қожахметовтен пікір сұрағанымызда: «QR-код мәселесі әлі талқылану үстінде. Әлі нақтыланбағандықтан ешнәрсе айта алмаймыз. Егер тиімді болса, қолға алынады», деп қысқа қайырды.
Бір анығы, облысымызда мүрделер мен мазараттарға QR-код әлі қойылмаған. Дейтұрғанмен арнайы салттық қызмет көрсету орталығының директоры Қадірхан Абдуллаев мұндай жаңашылдықты дұрыс көрмейтінін айтады.
– Менің бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 44 жыл болды. Әр адам жерге тапсырылып, Алланың құзырына өтер кезде біздің мекемеден тіркеуден өтеді. «Аты-жөні кім? Неден қайтыс болды? Қандай дәрігер қарады»? дегендей анықтаманы толтырып, тиісті органға жібереміз.
QR-код қою артықтау деп ойлаймын. Белгі таста онсыз да аты-жөні, туған және қайтыс болған күні жазылады. Бұл деген артық ысырап қой. Ешкім оны тегін қойып бермейді. Шетелде сондай екен деп білгенімізді жасай береміз бе сонда? Менің білуімше, мұндай мұсылман елдерінде жоқ. Шариғат бойынша да дұрыс емес шығар. Біреудің өмірдерегі біреуге қажет пе? Менің әке-шешем, балам дүниеден өтті. Басқаға олардың кім болғаны, не істегені, жалпы анықтамалығы неге керек? Егер білгісі келсе, жерге тапсырыларда арнайы құжат толтырылады. Тиісті мекемеден соны алсын. Біреу мына өмірде басшы болған шығар, біреу диқан, біреу өмір бойы қара жұмыс істеген шығар. Ол кісілер үшін біздің тарапымыздан QR-код емес, Құран бағыштау ғана керек, – дейді Қадірхан Керімжанұлы.
Біз аталмыш тақырыпқа байланысты халықтың ой-пікірін білуді де жөн санадық.
– QR-код қою жайлы енді естіп отырмын. Бір жағынан дұрыс та сияқты. Себебі қазір бейіт басына үлкен мазар салдырып жарысатындар көбейді ғой. Қорым емес, ханның сарайы ма дерсің. Оған қарап, ол кісінің тірі күнінде құрметті адам болғанын да болжайсың. Егер мазарларды біріздендіріп, қара тасына QR-код қойса абзалырақ, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ахан Беспаев.
– Әлеуметтік желіден көріп-біліп жатырмыз ғой. Бүгін QR-кодты қойдырсақ, ертең ана дүниемен тікелей эфир арқылы байланысамыз дейтіндер табылар. Заманға ілесеміз деп адасып жүрмейік, – дейді Ардақ Сәрсенбаева.
Айта кетейік, QR-кодты алу үшін марқұмның жақындары құлпытас орнатар алдында тұрғылықты жердегі «Қамқор-Шапағат» орталығының филиалына жүгінеді. Мұнда қайтыс болған адам туралы мәліметтер жинақталып, арнайы домен мен хостинг ашылады. Бір кодтың құны шамамен 15 000 теңге екен. Кодты қара тасқа оюға немесе тастың үстіне пластик белгі ретінде қоюға болады. Алайда интернет ресурстағы сайт болғаннан кейін ол сайттың сервистік қызметтері бар. Солардың ақысын жыл сайын төлеп отыру керек. Әйтпесе істен шығып қалады екен.
Қалай дегенмен де бақилық болған адам үшін маңызды нәрсе QR- кодтың қойылып, қойылмағаны емес, артында қалған ұрпағының тілек-дұғасы. Алла Тағала да ысырапшылдықты жөн көрмейтінін білеміз. Сондықтан заманға ілесеміз деп сауап амалдарымызды естен шығарып алмасақ болғаны.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала