ТАРАЗДЫҢ АУМАҒЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Тараз қаласында 14-ықшамаудан пайда болады дегелі «Жаңа аудан қайдан бой көтереді? Құрылысы қашан басталады? Қашан аяқталады?» деген сұрақтар әрбір тараздық тұрғынның көкейінде жүр.
Жақында ғана атауы «Әулиеата» деп бекітілген 14-ықшамаудан автобекет аумағында орналасқан. Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Арман Әбдешовтің айтуынша, 2016-2022 жылдар аралығында онда инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліпті. Бөлім басшысы «Әулиеата» ықшамауданында алдағы уақытта 14 000 халық тұратынын айтады. Мұнда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан бөлек, шағын орталықтар, мәдени-демалыс орындары, спорт кешендері, мейрамхана, дүкен, ойын-сауық орталықтары көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасады.
Жаңадан бой көтеретін ықшамауданда облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталғаны белгілі. Үш тілде білім беретін дарынды балаларға арналған IT лицей де біраз жылдан бері жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие беріп келеді. Сондай-ақ мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы қолға алынған. Алдағы уақытта ықшамауданда тұрғындардың игілігі үшін саябақ та салынады. Сонымен қатар 1 300 адамға арналған салтанат сарайы, екі жайлы мектеп, үш балабақша, бір емхана, бір медициналық орталық, денешынықтыру және сауықтыру кешені, жастарды дамыту орталығы да қамтылады.
– Соңғы өзгертілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 79 көпқабатты тұрғын үй, 98 жеке таунхаус, 1 мектеп, 1 балабақша және әлеуметтік нысандар қарастырылған. Бүгінгі таңда кредиттік көппәтерлі 20 тұрғын үйдің және ішкіалаңдық инженерлік желілерінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жобалаушы мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Айта кетер жайт, Байзақ және Жамбыл аудандарының 14 елді мекенін қала аумағына кіргізу жоспарланған. Ол ауылдарда 44 мың адам тұрады. Сонда қала аумағы 30 мың гектарға дейін өседі. Ал 2025 жылға қарай қала екі әкімшілік орталыққа бөлінеді. Қаланың өсуі үш жаңа ықшамаудан құруға мүмкіндік береді. Олардың құрылысы 2023 жылдың соңына жоспарланған, – деген Арман Әбдешов облыс орталығындағы «Зербұлақ» көлінің маңында еліміздегі ең ірі мәдени-сауықтыру демалыс орнының құрылысы басталатынын мақтанышпен айтты.
Ауқымды жобаны ұсынушылардың мәліметінше, демалыс аймағында аквасаябақ, аллея, бес жұлдызды қонақүй, SPA орталығы және ойын-сауық орталығы сынды біртұтас кешенде бірнеше қызмет көрсету нысандары қамтылады. Сондай-ақ аквасаябақта 14 түрлі аттракцион орналасады. Қазіргі уақытта «Зербұлақ» көлінің маңындағы құрылыс жұмыстарына 60-қа жуық құрылысшы мен 5 техника тартылған. 10 қаңтардан басталған құрылыс жұмыстары маусымның 1-іне дейін аяқталады деп жоспарланған.
Кешен іске қосылса, шаһардың және жалпы облыстың экономикалық және туристік әлеуетін жақсартады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Тараз қаласының тартымды имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА