Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күтумен өткен ғұмыр

Күтумен өткен ғұмыр
ашық дереккөз
Күтумен өткен ғұмыр
Бала кезімнен санама сіңіп қалған осы бір әңгімені қағаз бетіне түсіріп, баяндап жазу көптен бері ойымда жүрген еді. Бала күнімізде ауылда бізге «Үлкен әже» атанып кеткен Шекер деген кісі болған. Соғысқа кеткен жалғыз ұлын тосып жүрген әжеміз үйіне келгеннен де, кеткеннен де «Баламнан хабар бар ма, қашан келеді?» деп жыламсырап сұрап отыратын. Ондай сауал бізге қойылған кездер де болған. Ол шақта біз ештеңенің байыбына бара бермейтін ойын баласы едік. Соғысты тек кинодан көрген біз әженің сауалына иықты қиқаң еткізіп, ойынымызды жалғастыра беретінбіз. Бір күні анамнан осы жайдың анық-қанығын сұрадым. Сол күні анам біраз сырдың бетін ашты. Ол кісінің айтуынша, Иса атамыз бен Шекер әжем ауылына аты шыққан бақуатты кісілер болған. Қарымсақ байдың ұлы Иса әке дәулетімен малды болған екен. Заман өзгеріп, 1932 жылғы ашаршылықта бар малынан айрылған ол қуғынға ұшырап, Жамбыл қаласының Төрткүл аймағында өмірден өтіпті. Шекер әже он жасар қызы Бибісара мен жалғыз ұлы Бектұрғанды ілестіріп Өзбекстан асып кетіпті. Өте еңбекқор, кез келген істің көзін табатын әжеміз өзбектердің қолында жұмыс істеп күн көреді. Заман енді-енді тыныштала бастағанда елге қайтуды ойлайды. Өзі жалданып жұмыс істеп жүрген қожайыны әжемнің ойын сезіп: «Бізде ұл жоқ екенін білесің, Бектұрғанды бізге тастап кет», деп қолқа салады. Шекер апа да жалғыз ұлын бергісі келмейді. Алайда есі кіріп қалған 11-12 жастағы қызы Бибісара анасын оңашалап шақырып алып: «Апа, інім екеумізді осында қалдырып кетіңіз, сонда мына өзбек жарты қап жүгері, жолыңа жеткілікті етіп ас-суың мен ақыңды береді. Олай болмаса жолда бәріміз аштан қырылып қаламыз ғой», деп ақыл қосады. Тәуекел еткен Шекер әже түбінде бір көрісерміз деген оймен өзбек берген жолазықты алып, елге оралады. Заман оңалып, Шекер әже ұлымен қауышып, көзайым болады. Сорына орай, бірақ қызын жоғалтып алады. Қаншама шарқ ұрып іздегенімен еш жерден таба алмайды. Қызымен қауышарынан үміт үзбей, күндер бірінен кейін бірі зулап өте береді. Жалғыз ұлын үйлендірген соң көңілі жайланып, қуанышқа кенеліп отырған ана тағы да үлкен қайғыға тап болады. Үйленгеніне екі ай болғанда ұлы майданға аттанып кетеді. Зарлап ана, боздап жар қалады. Әуелгіде келіп тұрған хаттар сирей бастағанда ананың көңіліне күдік кіреді. Қай жылы екені белгісіз (өкінішке қарай, ол хаттар сақталмаған), ұлынан хат келеді. «Жаралы болып, Алматыда госпитальда жатырмын, бір айдай шамасында соғысқа қайта аттанамын» деп хал-жайынан хабар береді. Сол хаттан кейін перзенті мүлдем хабар-ошарсыз кетеді. Не тірі, не өлі екенін біле алмай ішқұса болады. Келіні Шырынкүл соғыстан 1946 жылы оралған жамағайын қайнысына тұрмысқа шығып, жар, ана атанады. Ұлы Бектұрғанның көзі болған келіні Шырынкүл тұрмысқа шыққаннан кейін көп ұзамай өмірден озады. Артында қалған үш баласын Шекер әже өзі бағып-қағып адам қатарына қосады. Өзі жетілдірген «жамандарынан» немере сүйіп, әжелік бақытқа кенелсе де, Шекер әже жалғыз ұлын күтуін еш тоқтатқан емес. Үкіметтен алатын аз зейнетақысымен үш жетімді өсірген әженің Хрушевтің билігі тұсында кебектен нан пісіріп жеген кездері болған екен. Сол замандарда менің анам Муслимат осы отбасыға барынша көмектесіп, айран, сүт, бидай, жарма беріп тұрған екен. Кейіннен осы үш бала анамды өз аналарындай көріп, жасаған жақсылығын ұмытпай, өмір бойы құрметтеп өтті. Кейінірек, заман оңала бастағанда Өзбекстанда қалған қызы Бибісараға «Мәдениет және тұрмыс» журналы арқылы іздеу салады. Қырсыққанда қызы табылмайды. Өмір бойы зарлап, ұлын жоқтаумен күн өткізген кейуананың жанары су алып, екі көзі бірдей көрмей қалады. Көзі көрмей қалса да шүйкедей қара кемпір үлкен жолдың бойында тапжылмай ұлын тосып отыратын. Жолай откендерден «Баламды көрдің бе, Бексұлтанымды көрдіңдер ме?» деп сұрайтын. Шекер әже Бектұрған ұлын кейде «Бексұлтан» деп те атайтын. Тағдырдың тәлкегіне түскен әжеміз ұзақ ғұмыр жасады. Соғыстан оралмаған ұлының есімін сандырақтап айтып жатып, 92 жасында өмірден озды. Кетерінен бірер күн бұрын анамды шақыртып алып: «Ісмәт (анам Муслиматты солай айтатын), бар жасаған жақсылығың Алладан қайтсын, мына өсіріп отырған жеті ұл-қызыңның рақатын көр. Келінімнің көзі болған үш жетімді өзіңе тапсырдым», деп бата беріп, бет сипапты. Өмір жалғасуда, заман күн санап өзгеруде. 2018 жылы облысымызға әкім болып Асқар Мырзахметов келгені өздеріңізге мәлім. Ол кісі облысымызға басшылық еткен жылдары үлкен игілікті істер жасалды. Ұлы Отан соғысына қатысқан жүз мыңнан аса боздақтың аты-жөні Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы мәрмәр тасқа ойып жазылды. Шекер әжеміздің ұлы Бектұрған Исаев жайлы қорғаныс істері жөніндегі облыстық департаментке, облыстық архивке өтініш жазып, іздеу салдым. Әжеміздің ұлы оралмаса да есімі жаңғырса деген ниет еді менікі. Әжеміздің аруағы тынышталып, риза болса екен деп ойладым. Жеңіс күні қарсаңында ашылған саябаққа он мыңдаған адам жиналды. Мемориалдық тақтадан туыстарын іздеген халықпен бірге мен де таласа-тармаса аудан-ауданға бөлінген алып гранит тастардан Бектұрған атаны іздестіре бастадым. Ары қарап, бері қарап, таптым-ау әйтеуір! Иә, жарықтық бар екен ғой, бойымды тоқ ұрғандай денем шымырлай түсініксіз сезімге бөленіп, көзіме жас алдым. Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Шоқай ауылының тумасы Исаев Бектұрғанның аты-жөні тасқа қашалып жазылып тұр екен. Екі көзімнен жас парлап: «Әже, ұлыңды мен көрдім. Ұлыңның есімі, рухы ортамызға қайта оралды. Ұлыңның аты тарихта қашалып жазылып тұр», деп іштей күбірлей бердім. Құран бағыштап, арқамнан бір ауыр жүк түскендей күйде болдым. Әңгіме соңында айта кеткім келіп тұр, мен өзім қуғын-сүргінді, зобалаңды көрген жоқпын. Қазақ жерінде туып-өстім. Алайда анам Муслимат Хажымұратқызы Шидакова 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашайлардың қалай жер аударылғаны жайлы жиі айтатын. Анам жер аударғанда 19 жаста екен, өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті. Қазақ жұртына деген ыстық ризашылық сезімі жүрегімде үнемі тұрады. Отбасымызға туғанындай болып кеткен Шекер әжеміздің ұлының есімін өшіргім келмей жанталасқаным да содан болар. Ғұмырын ұл-қызының жолын тосып, күтумен өткізген әжеміздің алдындағы борышымды осылай өтегенім бар.

Исмаил ХАДЖИМУРАТОВ, облыстық Қарашай-Балқар этномәдени орталығының өкілі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар