Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨЗ ТІЛІМІЗ ӨГЕЙДІҢ КҮЙІН КЕШПЕСІН

ӨЗ ТІЛІМІЗ ӨГЕЙДІҢ КҮЙІН КЕШПЕСІН
ашық дереккөз
ӨЗ ТІЛІМІЗ ӨГЕЙДІҢ КҮЙІН КЕШПЕСІН
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі – елдің абыройы. Оның бағасын арттыратын да, қадірін қашыратын да өзгеден бұрын, ең алдымен, мына өз ұлтымыз. Яғни қазақ балалары бір-бірімен өзге тілде әңгімелесетін болса, ана тіліміздің болашағы қалай болмақ? Талай тіл жанашырлары бұл мәселені кеңінен көтерді, айқайлап айтты. Бірақ бүйіріміз бүлк етер емес. Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Осы Қазақстанның азаматы ретінде мемлекеттік тілімізді неге құрметтей алмаймыз? Өзге ұлт тұрмақ, өз қандастарымыздың ана тілінде сөйлей алмай орыс тілінде шүлдірлеп тұратынын күнде көріп жүрміз. «Көре-көре көз де үйренеді» демекші, қазір таңғалуды қойдық. Руслан Бейсен есімді тараздық тұрғын ана тілімізге деген алаңдаушылығын білдіріп, редакциямызға хабарласқан еді. Айтуынша, ол жеке көлігімен адам тасып күнелтетін болғандықтан қаны қазақ жолаушылардың дені өз тілін біле тұра көбіне орыс тілінде сөйлесетінінің талай куәсі болыпты. Ол мұны құлдық санамен байланыстырып отыр. – Бір жолы қала ішінде екі әйел тоқтатып, көлігіме отырды. Анасы мен қызы екені сөздерінен білініп тұр. Ұлты қазақ болса да жолай бір-бірімен орысша сөйлесіп келе жатты. Діттеген жеріне жеткенше орысша шүйіркелесті. «Сіздер қазақсыздар ма?» деп сосын әдейі сұрадым. «Қазақ екенімізді түрімізден танымай тұрсың ба?» дегендей анасы жақтырмай бажырая қарап, «Иә» деп жауап берді. «Қазақ бола тұра неге бір-біріңізбен орысша сөйлесесіздер?» деген едім, басым бәлеге қалды. «Біз демократиялық мемлекетте өмір сүреміз, қай тілде сөйлесек те өз еркіміз. Сіздің шаруаңыз болмасын, өз жөніңізді біліңіз, бізде неңіз бар?» деп жер-жебіріме жеткізіп айқайлап берді. Затым еркек болғандықтан онымен сөз салғыластырмадым. Сонда мен ұлттың, тілдің болашағына алаңдамауым керек пе? Қазақ тілінің қайтсек көсегесін көгертеміз деген ой әр қазақтың көкейінде тұруы керек деп ойлаймын. Осыны мәселе етіп көтеріңіздерші. Айта берсек, мүмкін мініміз түзелер. Бәріміз бұл мәселеге немкеттілікпен қарасақ, әрине, ертең тілден айырыламыз. Ал тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын қазақ зиялылары әлдеқашан айтып кеткен, – деді Р.Бейсен. Сөзінің жаны бар. Ұлтымыз қазақ бола тұра ұрпағымызбен өзге тілде әңгіме айтар болсақ, болашағымыз не болмақ? Әлеуметтік желілерде қоғам белсенділерінің дүкен сатушыларынан мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап еткен түсірілімін көзіміз талай шалған. «Қазақ тілінде қызмет көрсетпейміз» деп, ол сатушылардың бұлданып жатқандығын да көз көріп, құлақ естіді. Мемлекеттік тілге қатысты қоғамда орын алып жатқан мұндай мысалдар толып жатыр. Анадан туғаннан әр ұлт өз тілінде сөйлейді. Қай мемлекеттің де тұрғындары сол жердің тілі мен заңына құрмет көрсетеді. Өткенде «TikTok» желісінде екі орыс ұлтының өкілі түрлі тақырыпта сөйлесіп отыр. Оның бірі ресейлік азамат. Ол қазақстандыққа сұрақ қойып отыр екен. «Орал қаласында қай тілде сөйлейсің? Мемлекеттік тілде сөйле деп ешкім талап қоймай ма?» десе, ол: « Әрине, біз орыс тілінде сөйлейміз. Мемлекеттік тілде сөйле деп кейбір «мамбеттер» айтады. Оралда жұрт көбіне орысша сөйлеседі. Кезінде Орал Ресей Федерациясының жері болған, сондықтан мұнда орыс ұлты көп тұрады», деді. Отаны Қазақстан болса да орманға қарап ұлыған, құдығымыздан су ішіп, құндылығымызға түкірген мұндай азамттар бізге опа бермейтіні анық. Бірақ бұл да әлеуметтік желіге кешірім сұраған бейнеүндеуін жолдап, «Мас күйде болғанымды пайдаланып, сұхбат құрған адам арандату сұрақтарын қойды» деп жалтарма жауаппен құтылмақшы болды. Дегенмен ақпарат көздерінен осы азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын оқып қалдық. Қазіргі мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде тіл жанашырларының бірі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматовамен тілдестік. – Бұл әбден айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Шындыққа келсек, ұлт болып қалуымыз үшін ұлттық кодымызды сақтауға ең негізгі кепілдік – тіл. Тіліміз дұрыс болмаса, оны жоғалтып алсақ, онда біз қандай ұлтпыз? Тіпті ұлт та бола алмаймыз. Кім екенімізді білмейміз. Мұның бәрі анық, ашық нәрсе. Қайталай беруден ештеңе өнбейді. Осынша уақыттан бері бұл мәселені көтермеген адам қалмады. Әбден айтылатын сөздің бәрі айтылып, тіпті үлкен мінберлерде де талай мәрте мәселе қозғалды. Қаншама үлкен ғалымдар, тіл жанашырлары айтудай-ақ айтып жатыр. Өздерінің беделдерін де, ұлтқа деген ар-ожданын да, сүйіспеншілігін де, қадір-қасиетін де тілдің жолына құрбан етті. Бірақ еш өзгеріс көрмедік. Құптарлықтай бір нәтиже шықты деп айтатындай дәрежеде емес. Шындықты жасыра алмаймыз. Мемлекеттің мықтылығы – тілде. Әр отбасының ұлтжанды болуына, Отанды сүюіне негіз бола білетін рухани қадамдар жасауымыз керек. Әр отбасыдан мемлекет, қоғам, орта құралады. Күнделікті тіршілігіміз сол әрбір отбасынан шығатын адамдармен қарым-қатынас арқылы жүзеге асады. «Балық басынан шіриді» деген мақалдың кері келіп тұр қазір. Үлкен қалаларды айтпағанның өзінде, өзіміздің шағын шаһарда да халық бір-бірімен орысша сөйлеседі. Анасы мен қызы, әкесі мен ұлы, тіпті әжелеріміздің өзі орысша сөйлейді. Осындай жағдайларды көргенде қарның шын ашады. Не істеуге болады екен? Адамдардың санасын қалай өзгерте аламыз деген ащы ой, ащы шындық бәрімізді де мазалайды. Бұл бір шешімі қиын мәселеге айналып барады. Ендігі жақсылықтың барлығы «Әділетті Қазақстанда» деп жатырмыз ғой. Оң нәтижелерді сол «Әділетті Қазақстаннан» күтейік, – деді университет профессоры. С.Исматова мектеп оқып жүрген кезінде сол кездегі идеология өтірікке толы болғанын айтады. Жүйе адамдарды алдарқатып ұстағанын, өтірік ақпармен жұмыс жүргізген жүйе ақыры құлап тынғанын сөз етті. – Сонау 60-жылдары «енді бір 20 жылдан кейін коммунизм болады, коммунизм болған уақытта бүкіл халық емін-еркін, рақаттанып жақсы өмір сүреді. Дүкендерде барлық қажеттілігіңнің бәрі толып тұрады, қалағаныңды барып ала бересің, затты ақы төлеп сатып алу деген болмайды» деп алдады. Өтірікке сеніп, жас болсақ та сол коммунизмге жету үшін комсомол болдық. Бүкіл қажыр-қайратымызды қоғамға жұмсадық. Армандаған алдамшы коммунизмге жетуге бар ынта-жігерімізбен талпындық. Халқымыз осы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жетсе, керемет өмір сүрсе екен деген мақсатта өз басым барымды салып еңбек етіп, қолдан келгенше патриот болуға тырыстым. Қазір көз алдыма сол кез елестейді. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылы да алдамшы, ұры-қарының дәурені жүрген кезең екеніне енді көз жеткізіп жатырмыз. Өз басым «Әділетті Қазақстан» деген бастамадан көп жақсылық күтіп отырмын. Мемлекет басшысынан, мемлекеттік жүйеден көп жақсылықты үміт етіп отырмыз. Мықты ұлтжанды азаматтар, жалынды жастар билік басына баратын шығар, тілге қатысты елімізде өзгеріс болады деп ойлаймын. Ең бірінші мәселені тілден бастайтын шығар деп сенемін. Қазіргі істеліп жатқан шаруалар үйреншікті. Ешкім оған селт етіп қарамайды да. Басқа ұлт өкілдеріне қазақша сөйле деп талап етсең, ол үшін жазаланасың. Басқа ұлттар ішінара анда-санда қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып қалса болды, соған қарап мәз боламыз. Біздің әлсіздігіміз осында жатыр. Олар мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Олар солай міндеттелуі шарт. Халықтың санасын өзгерту үшін ерекше құбылыс қажет. Мына түрік елінде болып жатқан жағдай білген адамға үлкен сабақ. Осы жағдайдан кейін бүкіл халық өзгеруі тиіс. – дейді С. Исматова. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді...» дейді. Өз тілімізді өзгеден бұрын өзіміз құрметтей білсек, бұл құндылығымызға басқа да басын иеді. Негізі мемлекеттік тіл де, ұлтаралық тіл де Қазақстанда қазақ тілі екені заңмен реттелмесе, бәрі де бекер.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар