Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Техника жөндеуден түсетін табыс та көп

Техника жөндеуден түсетін табыс та көп
ашық дереккөз
Техника жөндеуден түсетін табыс та көп
Әдетте көлігіміз бұзылса, үйдегі техникалық жабдықтар сыр берсе, оны жөндейтін шебер іздейтініміз белгілі. Бала күнімізде қазақтар көлігі бұзылса да, үй салса да «Ваня деген орыс ұлтының шебері бар еді, соның білмейтіні жоқ. Бұл соның қолынан келеді» деп жататын.  «Қазақ қырда мал бағып, техникаға әуестенбей тұрғанда өзге ұлттың баласы білгіш болатын. Техниканың қай саласы болмасын алдымен сапалы жөндеу жұмысы тек қазақтан басқаның ғана шеберіне тән» деген алдамшы сенім ой-санамызды жаулап алған. Мұны кешегі кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың салдары ма деп те ойлаймын. Өз ұлтымызды әжуалайтын әзілдер, мысалдар халық ішінде көп айтылатыны да жасырын емес. Қазір өзгелерден асып түсетін қазақтан шыққан шеберлер жетерлік. Бұзылған затты қалпына кім келтірсе де, мына заманда адамзат игілігі үшін шығарылған техникаға, шеберге тәуелділік артпаса, кеміген жоқ. Осы орайда біз жалған түсінікті жоққа шығарып жүрген, өз ісінің нағыз маманы, қазіргі заманауи пештерді жөндеудің ұстасы, тараздық Абзал Шымыр мен Қайрат Бекұзақовтан кәсібі, табысы жайлы сыр суыртпақтап көрген едік.  width= – Менің мамандығым – сантехник. Осы істі меңгергеніме мың да бір шүкір. Халық үшін өте керекті кәсіптің маманы болу маған үлкен мақтаныш, табысы да жақсы. Осының ішінде заманауи пештерді жөндеудің өзіндік сыры бар. Алғаш бұл пештерді қабырғаға қондыруды үйрендім. Тапсырыс берушілердің үйіне барып, жылу жүйесін жүргізіп, пешін жағып, тұтынушылардың рахметін алу ол да бір сауапты іс. Осылай үй иесінің алғысына бөленіп жүрміз. Бұрын осы жұмысты неміс пен орыс ұлтының мамандары істейтұғын. Енді қазақтың біз секілді жігіттері үйреніп жүр, – дейді А.Шымыр. Ол әр жылғы мектеп түлектерінің ішінде оқуға деген бойында шын дарыны болмаса, олардың кәсіптік білім игергенін жөн санайды. Себебі жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс таба алмай жүргенде жасынан кәсіптік білім игергендердің үйлі-жайлы болуымен қатар, табыс табу жағынан да алға шығатынын айтады. – Егер жас жеткіншек арындап, күш-қуаты бойына сыймай, шынымен білім-ғылым игеремін десе, әлбетте оның бетін қақпай, белін бууымыз қажет. Өссін, өнсін, жоғары лауазым иесі болсын. Алайда электрик, дәнекерлеуші, сантехник мамандықтарын оқуға намыстанғандардың не анда, не мұнда жұмысы болмай, сандалып қалатынын көзіміз көріп жүр. Егер білімімен грантқа оқуға түссе мейлі. Ал оған қол жеткізе алмаса, оқуға төлейтін ақшасы болмаса, онда босқа тыраштанудың керегі жоқ. Еңбек жолын қарапайым мамандықтардан бастап-ақ үлкен қызметте жолы болғандар бар. Оларды өмір өзі тәрбиелейді, өмір өзі үйретеді. Дұрысы «Шымшық сойса да қасапшы сойсын». Дәрігердің науқасты қабылдап, оған ота жасағаны секілді пеш жөндеу өнері де – өзінше бір ота. Мәселен өткендегі аязда қала тұрғындарынан көп қоңыраулар түсті. Әсіресе, аспалы пеш көп бұзылды. Пештің қыр-сырын білмеген, түсінбеген адамға бұл жұмыс қиын. Ақауды лезде тауып, жөндеу жұмысын жүргізбесе, жылу құбыры қатып қалады. Ал осы мамандық иесі болған соң, оны жөндеу бізге оңай. 5-10 минутта пешті жағып беру үшін 5-10 жылдық тәжірибемізді пайдаланамыз. Оны бағалаған тұтынушыға да айтар алғысымыз шексіз, – дейді Абзал Шымыр. Дәнекерлеу ісінің маманы, темірден түйін түйген Қ.Бекұзақов қазақтың қолынан техника жөндеу келмейді деген пікірмен келіспейді. Ол бүгінгідей бәсекенің заманында қазақ азаматтарының қай салада да білікті маман екенін мақтанышпен әңгімеледі. – Жас кезімнен техникаға жақын болып өстім. 2012 жылы Алматы қаласындағы «Юнилокс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарапайым қатардағы жұмысшы болып орналастым. Ептілігіме байланысты пештің «Құрастырушы шебері» атандым. Сол жерде мол тәжірибе жинадым. Бүгінгі таңда мұндай заманауи пештердің ел арасында таптырмас ұстасы санаулы-ақ. Негізі қазақ пеші бұзылса базар жағалап, жаңасын алып жатқанын көргенде «әттеген-ай» деп намысқа тырысып, «Қалайда осы пештерді жөндеуді игереміз» деп өзімізге серт бергенбіз. Өзге ұсталар пеш жөндегенде кейде бағасын асыра сілтеп жібереді. Қазақтың да қолынан пеш жөндеу келетінін дәлелдеу үшін осы жұмысты кәсіп қылдым. Адамның жан қалауы арқылы мамандық таңдап, сол бойынша еңбек еткеннен артық не бар? «Мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеу керек» деп жатады жұрт. Сондықтан жастар жанына жақын мамандықты таңдап, олардың бойынан бірбеткейлік, табандылық, намыс деген қасиеттер табылса, бақытына, мақсатына жетеді, – дейді ол. «Бәрін айт та бірін айт», бастысы жастар қай мамандықты таңдаса да еңбексүйгіш болса екен. Өйткені өз жұмысын адал атқарған маман, еңбектің көрігі қызған қоғам ғана алға жылжиды. Біреуге алақан жайып, масылдық пиғыл танытатындардың қатары азаяды. Мақсат БЕГІЛДА, Тараз қаласы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар