Халықтық театрлардың тынысы қайтсе кеңейеді?
Өткен ғасырдың орта кезеңінде бастау алған халық театрларының шығу тарихы туралы айтар болсақ, Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған уақытында еңбекшіл халықтың мәдени тынығуына жағдай жасайтын алғаш ойын-сауық отаулары құрылған. Ел ішінен өнерпаздар өз алдына ұжымдасып, әуесқой театрлар ашқан. Осылайша ауылдық жердегі өнер иелері ұжымшар, кеңшарлардың қара жұмысына жегілген еңбек адамдарының көңілін көтеруге себепші бола білген. Қалың бұқара ішінен талантты азаматтар бірігіп, түрлі қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырған.
Еліміздің барлық өңірлерінде халық театрлары осылай ашылғаны белгілі. Мұндай бастама ілгеріде ел аралап өнер көрсеткен Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы секілді бабаларымыздың палуандық өнерін паш еткен цирк отауларының ошағынан шыққан деген де мәліметтер бар. Сол замандағы әуесқой театрлар түрлі қойылымдар ұйымдастырып, жер-жерді аралап, елге ақылы қызмет көрсеткен.
Аты айтып тұрғандай, халық театрының өнерпаздары халық ішінен шыққан. Арнайы білімі бар кәсіби деңгейдегі әртіс болмаса да тума талантына қарап, оларды театр ұжымына қосып отырған. Жалпы халық театрының жанрына осындай баға берілетіндігі белгілі. Кейін халық театрларын жергілікті мәдениет үйлеріне біріктіріп, оларға жетекшілік ететін мамандарға штаттар ашылды. Жұмыстары арнайы режиссерлік, актерлік білімі бар қызметкерлердің құзыретіне жүктелді. Бірақ театрлық қойылымдарда рөл сомдайтын әртістер халық арасынан тартылды. Кітапханашылар, көлік жүргізушілер, қарауылдардан бастап барлық мәдениет қызметкерлері қамтылды. Халық театрларының жұмысы көпшілік қолдауымен атқарылды.
Негізі халық театрлары ақылы қызметтерге де жауапты. Аудан, ауылдарға гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, халықтан түскен қаражатты жылдық жоспар бойынша мемлекет қазынасына құяды. Немесе театрға керекті дүниелерге жұмсайды.
Қазіргі таңда бұл ұжымдардың арнайы халықтық атақтары қорғалып тұрады. Жыл бойы атқаратын жұмыстары белгілі тәртіп бойынша бекітілетіндігі баршаға аян. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығымен аудан, қалалардағы мәдениет бөлімінің тікелей бақылауында іс-шаралар өткізіп отыратындығын білеміз.
Бүгінде облыс бойынша 12 халықтық үлгілі атағы бар ұжым жұмыс істейді. Олардың атқарған жұмысы ел назарында. Үш жылда бір халықтық атақтарын қорғайды. Аталған театрлардың шығармашылық репертуарында көптеген театрландырылған көріністер мен әдеби-музыкалық кештер, пьесалар мен спектакльдер бар. Олар облыстық, республикалық байқаулар мен фестивальдарға қатысып, біраз жетістіктерге қол жеткізген.
Солардың ішінде Меркі ауданының «Меркі» халық театрының жетекшісі, «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалінің иегері Гүлнұр Нұрлыбаевамен тілдестік.
– Қазіргі кезде «Меркі» халық театрының құрамында 5 адам жұмыс істейді. Ең алғаш 1997 жылы «Тамаша» әзіл-оспақ театры болып құрылып, 2004 жылдан бері «Күлкі шаңырағы» тамаша ойын-сауық отауы ретінде халыққа қызмет көрсетіп келді. 2010 жылы «Ақордада атылған оқ» спектаклі сахналанды. 2011 жылы Тараз қаласында өткен «Театр.kz»
фестивалінде Оразбек Бодықовтың «Үйленгім келмейді» комедиясын қойып, бас жүлде иегері атанды.
2012 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Айтқыштар Ақтөбеде» атты республикалық байқауға «Нянька», «Хирург» атты екі әзіл интермедияларымен қатысып, ІІІ орынға ие болды. Сол жылы Тараз қаласында өткен халық театрлары арасындағы байқауға Баққожа Мұқайдың «Заман ақыр» трагедиясын қойып,
І орынды иеленді.
2016 жылы Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің желісі бойынша жазылған Әлібек Әмзенің «Қара кемпір» трагедиясын халыққа ұсынып, ауылдарға гастрольдік сапармен шығып, шалғай елді мекен тұрғындары назарына ұсынды және Шу қаласына да гастрольдік сапармен барды. Өткен жылы мамыр айында «Күлкі шаңырағы» тамаша ойын-сауық отауы «Меркі» халықтық театры атағына ұсынылып, халықтық атағын алды.
2017 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында өткен «Мінекей – Мейірманның ізбасарлары» атты дәстүрлі әзіл-сықақ отауларының аймақтық байқауына қатысып І орынды жеңіп алды.
Жалпы «Меркі» халық театрының жеткен жетістіктерін айта берсек, өте көп. Ауданда болатын барлық іс-шараларға қатысады, түрлі мерекелердің барлығында театрландырылған көріністер қояды.
«Баяғы, баяғы – Байқожаның таяғы» демекші, бұрынан келе жатқан мәселе – маман тапшылығы және сахналық киімдер мен декорацияның төмендігін де айта кеткен жөн. Басшылық тарапынан тапсырмалар келгенде осы проблемалармен алаңдап қаламыз. Қойылымдағы кейіпкерлерге керекті киімді облыстық театрдан жалға аламыз. Халықтық театрдың төрт-бес қана штаттық бірлігі бар. Көп адамды талап ететін қойылымдарда өзге қызметшілерге жалынамыз. Олардың өзі арнайы актерлік білімі жоқ болғандықтан кейіпкер рөлін сомдай алмай әбігерге түсеміз.
Сосын театрлық қойылымдарға сценарий жазатын мамандар жетпейді. Пьесаны да сол баяғы театрдан аламыз. Жаңа шығарманы бізге ешкім бермейді. Жаттанды ескі дүниелерді сахналаймыз. Немесе өзіміз драматург, сценарист болуға тура келеді. Өз идеяларымыз бойынша тапсырыспен пьеса, сценарий жаздырып тұратын жағдай көп, сахналық киім, декорация, арнайы маман мәселесі шешілсе, бізде жаңашылдыққа ұмтылар едік, – дейді Гүлнұр Серікқызы.
Қазіргі халықтық театрлардың тыныс-тіршілігі жөнінде білейік деп Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты көркемөнер бөлімінің меңгерушісі Несібелі Тұрапбаевамен байланыстық. Ол аталған ауданда халықтық атағы бар театр саны екеу екенін айтты. Олар – «Мыңбұлақ» және «Жуалы» халықтық тетрлары. 1960 жылдардан бері елге қызмет етіп келеді екен. Қазіргі таңда бұл ұжымдарды Ербол Бекжанов, Ерболат Каттебеков басқарады.
– «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халықтық театрлары көпшілікке ойлы қойылымдарын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Театрдың репертуарындағы «Тірі жан», «Бір атаның балалары», «Абылайхан», «Берекең кетсе...», «Тағдыр тақтасы», «Тіл табысқандар», «Аманаты бабамның» секілді тағы да басқа қойылымдары баршаға аян. Театр әртістері драматург Сәкен Жүнісов, Жолтай Әлмашұлы, Мар Баджиевтің шығармаларын сахналап, көрермендерге ұсынып жүр.
Халықтық театрлар құрамында режиссер, қоюшы-суретші және ассистент бар. Қойылымдарға аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары және ауылдық мәдени ошақтардың қызметкерлері де атсалысады. Өнерпаздар республикалық, облыстық фестивальдарға қатысып, талай жүлделі орындарды иеленді. Жеткен жетістіктері көп.
Халықтық театр жыл сайын өтетін «Театр.кz» фестиваліне қатысып, жүлделі орындардың иегері болып жүрген жайы бар.
Бізде де сол біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Екі театрға да маман жетіспейді, киім проблемасы өте өзекті. Қос ұжымда үш-ақ штаттық бірлік қарастырылған. Арнайы театрдың оқуын оқыған жастар жұмысқа келсе дейміз. Бірақ жастар ауылға келуі үшін жағдай жасалуы керек. Кадр тапшылығы жойылса, біздің халықтық ұжымдар ел назарына ойлы дүние ұсынар еді. Жылдағы жоспар бойынша гастрольдерге шығып, қаражат тапқанымызбен ол тек жалға алатын киімдерден артылмай жатыр. Ал арнайы киім тіктіруге қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып тұр, – дейді Н.Тұрапбаева.
Халық театрларының жұмысы нақты қолдау болғанда ғана жанданатыны белгілі. Осы орайда біз мақалада атап көрсетілген мәселелер жөнінде облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлованың пікіріне құлақ астық.
– Мәдениет және спорт министрлігінің талаптары бойынша, штаттық бірліктер әр көркемөнерпаз ұжымдарының жанрына қарай бөлінген. Дегенмен жергілікті атқару органдары өздері қосымша штат қарастырамыз десе, әрине, ешқандай шектеу жоқ. Ол жергілікті әкімдікке байланысты. Аталмыш шығармашылық ұжымдарына жергілікті атқарушы органдардың көмегімен қосымша мамандар тартып, театр өнерінің өрісін кеңейтуге ықпал жасаса біздің тарапымыздан қарсылық жоқ. Егер де қажеттілікті талап етіп жатса, аудандардағы мәдениет бөлімінің басшылығы сұраныс жасауы керек. Аймақтардағы халық театрларының дамығанын қуана қолдаймыз.
Негізі халық театрларының техникалық, материалдық базалары міндетті түрде жыл сайын жаңартылып тұруы қажет. Оған қаржы бөлініп тұрады. Декорация, реквизит секілді барлық қажеттіліктер жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешіледі. Халықтық ұжымдардың ұсыныстарына қарай сұраныс қанағаттандырылуы керек.
Біз халық театрларының шығармашылығын дамыту мақсатында көптеген шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамыз. Театр майталмандарын, өнер қайраткерлерін арнайы шақырып, іс-шаралар ұйымдастырамыз. Келген қонақтарымыз халық театрларының режиссерлерімен сахна шеберлігіне байланысты жұмыстар жүргізеді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан халықтық театрлар кеңесі құрылған. Жыл сайын режиссерлер бас қосып, тәжірибе алмасып отырады. Ал театр репертуарын режиссерлер өздері жаңартып отыруы керек. Жазылған шығармалардан керекті дүниесін тауып, инсценировка жасайды, – дейді Ж.Тұрлығұлова.
Қалай десек те бүгінгі халықтық театрларда қаржылық, материалдық және мамандар мәселесі шешімін таппай келеді. Жағдайын жасайтын болса, ауылға баратын жас мамандар аз емес. Ал арнайы штаттардың бөлінуі аудандардағы халықтық ұжымдардың шығармашылық әлеуетін арттырары сөзсіз. Сахналық киімдерге, декорацияға қатысты түйткілдердің түйіні тарқатылса, театрларымыздың жұмысы жанданар ма еді?
Нұржан ӘЛІШ