Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәуір деген мектептің төбесінен су тамшылап тұр

Тәуір деген мектептің төбесінен су тамшылап тұр
ашық дереккөз
Тәуір деген мектептің төбесінен су тамшылап тұр
Биыл қыс ерекше өтуде. Жұртты дірдек қақтырған аязбен қатар қар да осы күнге дейін дембіл-дембіл жауып тұрды. Солтүстіктегідей емес, бізде қыс мезгілі жайлы өтетін болғандықтан көп нәрсені аңғара бермейтініміз рас. Мәселен, Тараз қаласындағы №54 орта мектеп ғимаратының биылғы суық пен тобықтан асатын қардың біресе жауып, біресе еруі салдарынан сыр беріп қойғанын жұрт даурыға айтып жүрген. Негізі оқушылар да шатырдан су сорғалап тұрғанын ата-аналарына айтып барса керек. Қоғамда осындай әңгіме тарағаннан кейін оның анық-қанығына көз жеткізу үшін ғимараттың төбесінен су ағып, қабырғалары жарылып тұрғанын 10 ақпан күні облыстық қоғамдық кеңес мүшелері арнайы барып көрген еді. Олардың мектепті аралап, директор Раиса Тоғысовамен тілдесуі «Facebook» әлеуметтік желісіндегі Аида Бестерекованың парақшасы арқылы тікелей эфирде жұрт назарына ұсынылған болатын. Расында да мектептің қабырғалары жарылған, қар еріп не жауын жауса төбесінен су ағатыны да белгілі болды. Сол кезде Раиса Дастенқызы мектеп жөндеуді қажет ететіні жөнінде бірнеше жылдан бері Тараз қалалық білім бөлімінің әр жылдардағы басшысы атына хат жолданып келе жатқанын, алайда қаржы бөлінбегенін сөз етті. Тіпті 2020 жылы мектепті жөндеу жөнінде жобалық-сметалық құжат та дайындалған екен. Осыдан кейін біз пайдалануға берілуіне бар-жоғы 14-ақ жыл болған нысанда мәселе биыл пайда болмаған-ау деген ой түдік. Раиса Тоғысоваға хабарласып, мән-жайға қанығуды жөн көрдік. – 2020 жылы мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды, бірақ жөндеу жұмысын жүргізуге қаржы бөлінген жоқ. Негізі бұл мәселеге қысқы жылыту маусымында сынып бөлмелерінің, спортзал мен асхананың, дәліздер мен мектептің тағы да басқа аумағында температуралық режимнің сақталмауы (8-12°С) себеп болып отыр. Орын алған кемшіліктердің себебін анықтау үшін және 2020 жылы сейсмокүшейту арқылы күрделі жөндеу жұмыстарына жасалған жобалық-сметалық құжаттарды зерделеу үшін қала әкімінің бұйрығымен қалалық құрылыс бөлімі, қалалық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҒЗИжСС»), жобалаушы мекеме «ТаразЛидерСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарынан комиссия құрылып, осы жылдың ақпан айында жұмысын бастады. Қазіргі таңда 2020 жылы берілген қорытындының шешімінің тиімділігін тексеру мақсатында жобалаушы мекеме жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Р.Тоғысова. Мектеп сыйымдылығы 1 200 оқушыға арналған. Бірақ мұнда дәл қазір білім алып жатқан оқушы саны – 2 268. «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны, немересін осы мектепте оқытып жатқан Зейнеш Үсенбаева балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. – Мектептің төбесінен су ағып тұрғанын, қабырғалары қақырағанын осындағы тұрғындардан естідім. Жақында мектепке осы мәселе жөнінде комиссия келіп, тексеріп жүргенін немере қызым да айтып келген. Одан бөлек облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі видеосын да көрдік. Қабырғасы жарылған, шатырынан су аққан мектепті жөндеуден өткізбесе болмайды. Оқушылардың жазғы демалысында тиісті қаржы бөлініп, жөндеуден өтеді деген үміттеміз. Оған дейін алаңдап күн кешуден басқа амалымыз жоқ. Тиісті мекемедегі жауапты мамандар ең болмаса «балаларға тікелей төніп тұрған қауіп жоқ. Мектеп пәлен уақытта жөндеуден өтеді немесе өтпейді» деген секілді мәлімдеме де жасамай отыр, – деді З.Үсенбаева. Облыста 445 мектеп бар болса, былтыр оның 16-сына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті, қалғанына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Күрделі жөндеуден өткен 16 мектептің үшеуі Тараз қаласына тиесілі. Осы орайда біз облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектен биыл Тараз қалалық №54 мектепке жөндеу жұмысы жүргізіле ме, осыны сұраған едік. – Биыл өңірдегі 18 білім нысанына, яғни Жуалы, Қордай, Меркі аудандарындағы бір-бір білім ошағын, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында екі мектепті, ал Тараз қаласында тоғыз білім нысанын күрделі жөндеуден өткізу мақсатында тиісті жоспар әзірленіп, бүгінгі күнде мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізіліп жатыр. Тараз қаласының С.Шәкіров көшесіндегі №82 мекен-жайында орналасқан №54 орта мектеп ғимараты типтік, 3 қабаттан тұрады. Осы жылдың 16 ақпанында мектеп ғимаратының қазіргі жағдайы туралы мән-жайды білу үшін жұмыс тобы құрылып, тиісті мекемелердің мамандарымен бірлесіп бірқатар жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні аталған мектепке құрылыс-монтаждау жұмыстарының ауқымын анықтау мақсатында тиісті мекемелердің қорытындысы күтілуде, – дейді Мейірхан Азатұлы. Тағы да айтамыз, Тараз қаласындағы № 54 мектептегі жағдай биыл пайда болған мәселе емес. 2020 жылы мектепке сейсмокүшейту арқылы жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасалғанымен қаржы не үшін бөлінбеген? Әлде жауаптылар мектептің төбесі опырылып түскенде бірақ қаржы бөлуді ойлап жүрді ме екен? Осы жөндеу жұмыстарына кететін қаржы кейінге шегеріле беретіндей ердің құны ма еді? Осыны аталған басқарма басшысынан сұрағанымызда ол сұрағымызды жауапсыз қалдырды. Десе де қазақ «Ештен кеш жақсы» дейді. Биыл жөндеу жұмысын жүргізуге тиісті мекемелерден оң қорытынды алынса, мәселе шешімін табады деген үміттеміз.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар