Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ирригация жүйесін жаңарту әлі қанша жылға жалғасады?

Ирригация жүйесін жаңарту әлі қанша жылға жалғасады?
ашық дереккөз
Ирригация жүйесін жаңарту әлі қанша жылға жалғасады?
Жыл басында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласындағы бірқатар аумақтың егжей-тегжейлі жобалау жоспарына енгізілген түзетулер талқыланған болатын. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға қаныққан Нұржан Молдиярұлы қала әкімі Бақытжан Орынбековтің алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктеп, қордаланған мәселелерді шешуді тапсырды. Аймақ басшысы әсіресе Тараз қаласының ирригация жүйелерін қалпына келтіру мәселесін астын сызып тұрып атап өтті. Әрине, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру мәселесі бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Осы уақытқа дейін облыс әкімдігінде талай жиында негізгі әңгіме арқауына айналды. БАҚ беттерінде де бір емес, бірнеше рет көтерілген. Яғни аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Тіпті 2020 жылы ирригация мәселелерімен айналысатын арнайы жұмыс тобы да құрылған болатын. Алайда айта-айта ақжем, жаза-жаза жауыр болған мәселенің әлі де толық шешілмегенін биылғы қыс көрсетіп берді. Биыл Тараз қаласында қар жылдағыдан анағұрлым қалың түсті. Жауын-шашынның мол түсуін көпшілік жақсылыққа жорып, биыл егіннің бітік шығатынын, жердің ылғалы мол болатынын айтуда. Алайда «қар жауды деп қуанба, артында аязы бар», демекші, жауын-шашынның күн құрғатпай жаууының дәл қазір пайдасына қарағанда зияны көп болып тұр. Мәселен, өткен аптаның бейсенбісінде Тараз қаласында жауған қалың қар ертесі күні-ақ еріп, қарғын су коммуналдық қызметтегілерді де, халықты да айтарлықтай әбігерге салды. Ықшамаудан көшелерін, шаһар айналасындағы алқаптарды былай қойғанда, орталық көшелердің өзінде еріген қар суынан адамдардың жүріс-тұрысы, көлік қозғалысы қиындады. Егер жауын-шашыннан пайда болған шалшық судың арық-атыздарға құйылатын сілемі жоғалмаса, арықтар мен жол бойындағы лотоктар көміліп қалмаса, мұндай мәселе туындамас еді. Өздеріңіз білетіндей «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары мен қаланың барлық коммуналдық қызметтері қардың қалың жаууына байланысты сол күндері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеді. 15-16 ақпанда 338 жұмысшы қар тазалауға шықса, 29 техника таратылыпты. Сондай-ақ 420 текше метр қар шығарылған. Шынымен-ақ тазалық сақшысы – «жасыл ел-тараздықтар» жедел әрекетке көшіп, күн-түн демей бел жазбай еңбек етіп, көшелерді қардан тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізбегенде жағдай тіптен ушығып кетер ме еді. Әрине, ирригациялық жүйенің игілігін көру мақсатында жұмыс мүлдем жүргізілмей жатыр деп «Самарқанды су алдырып», қара аспанды төндіруден аулақпыз. Қазіргі уақытқа дейін бірқатар жұмыс атқарылып, межелі бағдарлар еңсерілуде. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Кәрібаевтың айтуынша, өткен жылы 6 ирригациялық каналға («Қапал», «Сеңкібай», «Қарасу 1», «Қарасу 2», «Үшбұлақ», «Төрегелді») жалпы құны 200 миллион теңгеге механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліпті. Жалпы қала аумағындағы 8 ирригациялық каналдың жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды, ал 2 дренаж каналдың ұзындығы 22,7 шақырымды құрайды. Сондай-ақ 6 ирригациялық канал («Сеңкібай», «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді») және 2 дренаж каналы қаланың коммуналдық меншігінде болса, «Базарбай» каналы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының, «Түйте» каналы «МК Түйте суы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде екен. Ал биыл қаладағы арық желілерін тазалау және шлюздерді жөндеу жұмыстарына 65 миллион теңге, «Төрегелді» каналын тазарту жұмыстарына 10 миллион теңге бюджеттен қаражат қарастырылыпты. Сонымен қатар ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы – 164 шақырым. Оның ішінде лоток жүйелері – 41,709 шақырым. Құбыр өткелдерінің саны – 560, каналдағы су қалқаншасының (шлюз) саны – 71. Қаладағы 1 388 көше және бұрылыстардың 699-ы ішкі арық жүйелерімен (ирригация) қамтылған. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, «Мыңбұлақ», «Аса», «Жансая» ықшамаудандарындағы ішкі арық жүйелерінің тозуына (бітелген) орай бүгінде аталған ықшамаудандарда ағын су ақпайтын көрінеді. Ал «Астана», «Бәйтерек», «Арай-2» ықшамаудандары ішкі арық жүйелерімен қамтылған. Алайда бастапқы жоспарда арық жүйелеріне ағын су тарту қаралмауына байланысты мұнда да су ақпайды екен. Байқап отырсақ, Тараз қаласындағы бірнеше ықшамауданға ағын су жетпейді. Ирригация жүйелерінің тозуы тұрғындарды да алаңдатып отыр. Жуырда ғана редакциямызға «Жансая» ықшамауданының тұрғыны Жансая Асқарқызы хабарласып, тұрғындардың талап-тілегін жеткізді. – «Жансая» ықшамауданындағы №39 үйдің алдына жеке кәсіпкер спорт алаңшасын соққан болатын. Әрине, спорт алаңшасының болғаны жақсы. Балаларымыз бір мезгіл спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанады. Алайда тұрғын үйдің алдында жаңа нысан пайда болып, жаңа мәселелер де туындады. Біріншіден, тар жерге тамаша қылып спорт алаңшасын соғуға әкімдіктің қалай рұқсат бергенін түсінбедік. Көптеген ыңғайсыздықтар туындап жатыр. Көліктер сыймайды. Екіншіден, құрылыс жұмыстары кезінде спорт алаңшасының жиегіндегі арық көміліп қалды. Сол күйі тазаланбады да. Қазіргі таңда арықтың үсті автотұраққа айналып кеткен. Барды ұқсатудың орнына бүлдіретініміз қатты қапаландырады, – дейді Жансая Асқарқызы. Ал «Аса» ықшамауданының тұрғыны Эльмира Мадешова ағын су жетпегендіктен егілген тал-дарақтардың көпке ұзамай қурап қалатынын айтады. – Ащы да болса айтайын, ықшамауданда арық жүйелері қоқыс төгетін орынға айналған. Осы орайда тұрғындардың да жауапкершілігін айтпай кетуге болмайды. Қазір ықшамаудандарға барып көрсеңіз, арықтардың іші түрлі қоқысқа толып жатыр. Қоқысты кім тастайды? Әрине, тұрғындар. Кейін қоқысқа толған арықты тазалаудың өзі үлкен бейнет. Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде екенін тұрғындар ертерек түсінсе дейміз. Қаламыздың тазалығына тек коммуналдық мекеме қызметкерлері ғана емес, бәріміз жауаптымыз. Екінші мәселе – арық жүйелерінің жыл он екі ай аңқасы кеуіп жатады. Мәселен, жуық жылдарда «Аса» ықшамауданының ішіндегі арық жүйелерінен су аққанын көрген емеспіз. Тұрғындар көктем-күз айларында өзіміз үшін, балаларымыз үшін тал-дарақ егеміз. Ал суғаратын су жоқ. Амал жоқ, ағаш көшеттері тамырланып кеткенше үйімізден су тасып әуреленіп жүргеніміз. Одан кейін жыл сайын Тараз қаласының аумағында қаншама тал көшеттері егіледі. Шынын айтсақ, егілді деген аты ғана. Көшеттердің күтіміне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Алғашқы бір-екі аптада су тасығандай болады. Кейін ұмытылады. Жиі-жиі суғарылмай, күтім жасалмағаннан кейін көктей алмай қаншама көшет қурап қалып жатыр. Егер арықтардан сылдырлап су ағып тұрса мұндай мәселелер туындамас еді. Дәл осылай жалғаса беретін болса, ондаған жылда «Тараз – жасыл қала» деген статусынан айырылып та тынатын секілді, – деп ағынан жарылды Э.Мадешова. 15-ықшамаудан тұрғыны Марал Бутинова болса, арық жүйелерінің арса-арсасы шығып жатқанын жеткізді. – Обалы не керек, 15-ықшамауданға су жүйелері тартылған. Бірақ не үшін тартылғанын әлі күнге дейін өзіміз де түсінбей жүрміз. Егер су ақпайтын болса, игілігін көре алмасақ, қыруар қаржы жұмсап су жүйесін тартудың қаншалықты қажеттілігі бар? Жанымызға бататыны, қазір ықшамаудандағы арық жүйелері бүлініп, іші түрлі құрылыс материалдарына, басқа да қоқысқа толып жатыр. Арнайы техника, үлкен адам күшін жұмылдырмаса тұрғындар тазалай алмайды, – дейді тұрғын. Тұрғындарды тыңдасақ, ирригация жүйесіне байланысты айтарлары көп-ақ екен. Бірі датын айтса, енді кейбірі ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе жұртшылық ұзақ жылдар қараусыз қалған «Қарасу» каналының бойы толықтай абаттандырылып, қазір жанға жайлы демалыс орнына айналғанын айтып, қала әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп жатты. Сондай-ақ шаһар тұрғындары ирригациялық каналдарды қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза екенін айта отырып, енді ықшамаудандардағы арық жүйелерін жөндеуге көңіл бөлінсе деген ойларымен бөлісті. Тараз қаласының екі шылбыр, бір тізгінін қолға алғалы облыс орталығындағы қордаланған мәселелерді шешуге бел шеше кіріскен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков жұртшылықтың талап-тілегін орындауды қаперінде ұстайды деп сенеміз.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар