КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ КӨҢІЛДЕН КЕТПЕСЕ ЕКЕН...
Аты аталмай жүрген ұлтымыздың сан саладағы саңлақтары мен жампоздары, тау тұлғалары қаншама. Қордай ауданының Кенен ауылынан шыққан қазақтың алғашқы кәсіби бишілерінің бірі, жерлесіміз Алмас Бекбосынов жайлы не білеміз? Би өнерінің майталманы туралы өнер зерттеушісі Айдар Жорановтың айтуынша, ұлтымыздан ерлер арасынан шыққан алғашқы санаулы кәсіби бишілердің бірі, балет өнерін де көпшілік бишілерден бұрын меңгерген Алмас Бекбосынов көрінеді.
Қазақстан Республикасының халық әртісі, қазақтың ұлттық балет өнерінің негізін қалаушылардың бірі Болат Аюханов көзі тірісінде былай деп жазған екен: «Классикалық биді қазақтар арасында алғаш меңгерген маман осы кісі болатын. Бекбосынов залды дүркіретіп тұрғанда мен балет өнерінде қаз-қаз басқан баладай едім. Біріншіден, Алмас ағай еркіндікті сүйетін, әрі тәртіпті, әрі орындаушылық қасиеті басым жан ретінде көз алдымда қалды. Оның классикалық би бойынша аздаған білімі бар еді, бірақ ол әрбір қойылымды нағыз кәсіби шебер маман ретінде ойнап шығатын...».
Алатаудың ақиығы атанған әнші-сазгер Кенен Әзірбаев та Алмастың өнерін кезінде жоғары бағалапты. Кенен Әзірбаев өзінің «Өзгерген өңір» деген мақаласында: «Кировтықтардың (қазіргі Кенен ауылы –
автор) мақтаныш тұтатын адамдары бар... Әйгілі балет өнерінің шебері Алмас Бекбосынов есімін жерлестері зор мақтаныш тұтады» деп жазады.
Ендеше әйгілі биші Алмас Бекбосынов қайдан шыққан? Қордай ауданындағы Ешкілі Қордай тауын ежелден осындағы Мүлкіаман-Қонай руы қоныстанған. Сол таудың бір сайы Диқанбайдың атымен аталады. Диқанбай Алмас Бекбосыновтың атасы. Диқанбайдан Назарбек, Базарқұл, Бекбосын деген 3 ұл тарайды. Ал Бекбосынның ұлы Алмас – біздің даңқты жерлесіміз.
Бекбосын ағасы Базарқұл екеуі 1920 жылдары белгілі себептермен Алматы қаласына қоныс аударады. 1930 жылы соғыс қарсаңында Бекбосын ағамыз елге оралады. Ал ұлы Алмас оның туған қайнысы Қазақстанның халық әртісі Қамал Қармысовтың қолында қалып оқиды. Осында жүріп өнер жолын таңдайды. Атақты биші жерлесіміздің отбасына келетін болсақ, жұбайы Рахима Ахматова әйгілі жазушы, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің балдызы болған екен. Алмастың кіндігінен тараған балалары – 1944 жылы ұлы Әнуарбек, 1945 жылы қызы Қарлығаш өмірге келеді. Жұбайы Рахима опера әншісі болыпты.
Жалпы Алмас Бекбосыновтың өмірбаянына қысқаша тоқтала кетсек, ол 1924 жылы 24 ақпанда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және қазақтың кәсіби балет бишісі ретінде елге танылған. 1940-1959 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында үздіксіз биші болған. Алмас Бекбосынов И.Надировтың «Көктем» балетінде Айдардың, В.Великановтың «Қамбар-Назым» балетінде Қамбар, Б.Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» балетінде Гирейдің, А.Аданың «Жизель» балетінде Ганс бейнелерін әдемі сомдаған. Сондай-ақ ол «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Абай», «Біржан-Сара» операларында би көріністерін нақышына келтіре орындаған. 1959 жылы ол АҚШ-та болып, Американың талғамы биік өнерсүйер қауымына қазақ биінің құдіретін паш еткен. Оның Нью-Йорк қаласында қазақтың ұлттық «Көкпар» биін жоғары шеберлікпен орындағаны туралы сол кезде Одақтың басылымдары тамсана жазған болатын.
Алмас Бекбосынов 1959 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін 1974 жылға дейін қазақ теледидарында би қойылымдары жөнінде режиссер болып қызмет атқарды. 1974 жылдың тамызында Алмас Бекбосынұлының жүрегі мәңгіге тоқтады.
Осы орайда Кенен ауылының тұрғындары, аудан жұртшылығы атақты жерлесіміз Алмас Бекбосыновтың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Кенен ауылындағы №1 жасөспірімдер және жастар шығармашылығы орталығын сол жампоз жерлесіміздің атымен атау жөнінде ұсынысымызды айтқымыз келеді. Ердің есімі елдің есінде болуы керек. Бұл ұсынысымыз жерде қалмас деген сенімдеміз.
Мергенбай ҚҰТТЫМБЕТОВ, Қордай ауданы