Тұрғын үй мен жер телімін беруде ашықтық қажет
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен Тараз қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндап, 2025 жылға дейінгі қаланың даму жоспарының орындалу барысы мен алдағы жұмыстарға тоқталды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыс орталығының өнеркәсіп саласындағы өсімі – 9,5, ауылшаруашылық өнімдері – 3, пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы – 5,4, инвестиция 7,5 пайызға артқан. Жалпы құны 20,9 миллиард теңге болатын 71 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып, оның 25-і пайдалануға берілген. Даму жоспары бойынша 16 726 адам жұмыспен қамтылды.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 567,8 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Ол жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен орындалмақ.
«Тараз» индустриалды аймағында 55,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаның жұмыстары қолға алынуда.
Ағымдағы жылы облыс орталығында «Пышка» ЖШС кондитерлік цех, «Алел-Агро» ЖШС құс етін өңдейтін цех салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Казарма», «Арай» мен «Барысхан» тұрғын алқаптарында және 15-ықшамауданда (2) жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп көзделуде. Бұдан бөлек «Талас» ықшамауданында фитнес-зал, Құмшағалда спорткешен салу жоспарлануда. 54 инженерлік инфрақұрылым жобасы жүзеге асып, 116 көше орташа жөндеуден өтеді.
Автобус паркін жаңарту мақсатында биылдан бастап жыл сайын үлкен және орташа сыйымдылықтағы 70 автобус сатып алынбақ.
Бүгінгі таңда 111 134 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекте тұр. Оларды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында 1821,6 гектар аумаққа қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталған.
Үш жыл ішінде 3,2 миллиард теңгеге суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі деп көзделуде.
Облыс әкімі өзекті мәселелерге назар аудартты. Атап айтқанда, Нұржан Нұржігітов тұрғын үй құрылысының қарқынын сынға алды.
– Жыл сайын баспана кезегіндегі азаматтардың саны өсіп келеді. Біздің міндетіміз – олардың барлығын баспанамен қамтамасыз ету. Алайда үй құрылысының қарқыны ойдағыдай дей алмаймыз. Жұмыстың сапасымен бірге орындалу кестесі де қатаң бақылауда болуы тиіс. Бұл құрылысы созылған мектептерге де қатысты. Кезектегі азаматтардан менің атыма көптеген өтініштер түсіп жатады. Бұл ашық әрі түсінікті жүйе болуы керек. Барлық деректер интернет-портал арқылы қолжетімді болуы шарт. Тұрғындарға кезектің барысы туралы жаңартылған ақпараттардың тұрақты түрде жеткізілуі маңызды, – деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ жылу желілерін жаңғырту, қазандықтарды жөндеу жобаларының жоқтығы да сыналды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі инвестициялық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру, аудандарға бекітілген бас инспекторлардың қызметін жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
– Көп нәрсе бас инспекторлардың жұмысына байланысты. Олардың нәтижелі жұмысы көзге көрінбейді. Дәл солар тұрғындарға ақпараттарды дер кезінде жеткізіп, абаттандыру шараларын ұйымдастырып, мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешу жолдарын іздестіру керек, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала