Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жайлы мектеп» – қауіпсіздік кепілі

«Жайлы мектеп» – қауіпсіздік кепілі
ашық дереккөз
«Жайлы мектеп» – қауіпсіздік кепілі
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Кездесуге аталмыш жобаны іске асырудағы бас оператор «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов және мердігер ұйымдардың өкілдері мен басқарма басшылары қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірге биылға жоспарланған 13 мектептің жобалары жасалып жатқанын сөз етті. – 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жамбыл облысы бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен 9 500 орындық 13 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде Тараз қаласында – 4, Байзақ ауданында – 2, Жамбыл ауданында – 1, Қордай ауданында – 3, Меркіде – 1, Шуда 2 мектеп салынатын болады. «Білім беру саласындағы пилоттық «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысын іске асыру мерзімдері бойынша осы жылы құрылысы басталатын 8 мектеп 2024 жылы пайдалануға берілетін болады. Ал қалған 5 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Осы жылы басталатын 8 мектептің құрылысына 15,1 миллиард теңге қарастырылған. «Самұрық-Қазына Констракшн» бірыңғай операторы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық үлгілік жобаларды әзірлеуде, – деді Ерболат Мақсұтханұлы. Баяндамашы бүгінгі таңда 13 мектептің 12-сіне мемлекеттік актілер ұсынылғанын атап өтті. Сонымен бірге алаңнан тыс инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Қажетті жүктемелерге сәйкес техникалық шарттар алынып, берілген техникалық шарттарға сәйкес бірыңғай операторға электр, су, газ, жылумен жабдықтау, кәріз, интернет секілді инженерлік желілер бойынша деректер ұсынылған. Мұнан соң сөз алған «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолданыстағы нормалар мен озық халықаралық тәжірибеге негізделіп әзірленетінін тілге тиек етті. – Қазақстан бойынша біз 3 жылда 401 мектепті іске қосуымыз керек. Оған тиісті қаржы республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлініп отыр. Бұл тұрғыда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын ауыл мен қаладағы мектептер заманауи талаптарға сәйкес біркелкі болады. Ең басты мақсат – оқушылардың қауіпсіздігі. Оқушылардың үйінен шыққаннан мектепке дейінгі жүретін жолына жарық жүйесі жүргізіліп, бейнебақылау камералары орнатылады. Мектеп ішінде де бейнебақылау жүйесі іске қосылмақ. Мектептің тағы бір ерекшелігі – оның қолжетімділігі. Яғни білім ұясы үйлерге жақын жерде соғылатын болады. Бастысы сапаға қатты мән беріледі, – деді М.Айманбетов. Жиын барысында жер телімдерін бөлу және инженерлік коммуникациялар, мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаңа форматтағы мектептерді қажетті оқу құрал-жабдықтарымен, түрлі пән кабинеттерімен, бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз етілетінін баса айтты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жайлы мектеп жайлы орта қалыптастыратынын, ұлттық жоба мектеп тапшылығын азайтып қана қоймай, апатты және үш ауысымдағы мектептерді жоюға бағытталғанын атап өтті. Сондықтан балалардың қолайлы жағдайда сапалы білім алуына қажетті жағдай жасау басты міндет екеніне тоқталды. Сонымен бірге пилоттық жобаны іске асыру және қойылған міндеттерді орындау бойынша бірқатар жауапты мамандарға тапсырмалар берді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар