Автонарықты нендей өзгерістер күтіп тұр?
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы шетелдік нөмір таққан көлік жүргізушілерін бір желпіндіріп тастады. Тіпті қуанғаннан естері шығып, бір-бірінен сүйінші сұрасты. Мемлекет басшысы ел аумағындағы шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бірреттік алым алуды ұсынса, қалай қуанбасын. Сол секілді Жолдаудан кейін бармағын тістеп, сан соғып қалғандар да аз емес. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керектігін айта келіп, заңсыздыққа тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осылайша енді-енді шетелдік көлік тізгіндеуге оқталып жүргендердің арманы күл-талқан болып, қазір екіұшты ойға қалып отыр.
Жалпы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың басынан 2022 жылғы шілдеге дейін 121 829 автомобиль уақытша әкелу шартымен Қазақстан аумағына кірген. Уақытша әкелу мерзімі – 1 жыл. Кірістер комитеті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елден келетін көлік шетелдік тауар деп саналатынын әрі ол кедендік бақылаудан өтетінін мәлімдеді. Ал осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның онлайн брифингінде соңғы үш жылда 2 мыңнан астам көлік заңсыз тіркелгенін, мемлекетке келтірілген шығын 10 миллиард теңгеден асқанын айтты. Шығын көлемінен-ақ Президент айтып өткендей заң аясынан тыс қалып отырған шетелдік көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қаншалықты қауіп төндіріп тұрғанын аңғаруға болады. Сондықтан да ел Президенті стратегиялық маңызы бар құжатта шетелдік көліктерді тіркеу мәселесін астын сызып тұрып айтты.
Ал енді Жолдауда айтылғандай батыл шаралардың шарапатын кімдер көре алады? Автонарыққа әсер етуі мүмкін бе? Бұл қадам автокөлік бағасын шарықтатып жібермей ме? Жолдау жарияланғалы дәл осы сауалдар қоғамда қызу талқылануда. Ендеше газетіміздің «Халық сөзі» айдары аясында халық үніне құлақ асып, сарапшыларды сөзге тартып, көпті толғандырған мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп көруге тырыстық.
Нұраддин САДЫҚ, сарапшы:
– Президент Жолдауында айтылған көліктерге жеңілдетілген кезең Қазақстан Республикасына бірінші қыркүйекке дейін кіргізілген Армения және ресейлік көліктерге қатысты. Ал одан кейін кіргізілетін көліктерге қатысы жоқ. 200-250 мың теңгеге заңдастырылатын көліктердің барлығы техникалық регламентке сай болу керектігі айтылды. Яғни ұрланған, криминалдық тарихы болмауы керек. Осылардың бәрін ескере келе, ресми түрде Қазақстан аумағына 220 мың көлік кіргізілсе, кейбір ағайынның айтуынша, 300 мың көлікке жеткен.
Солай болған күннің өзінде де олардың арасынан ұрланған, техникалық регламентке сай емес, 2015 жылдан жоғары және сол жақ рөлді автокөліктерді алып тастасақ бар-жоғы 100 мыңға жетер-жетпес көлік қана қалады.
Бұл жеңілдік 19 миллион халқы бар Қазақстан қоғамындағы, көлік нарығындағы 100 мың адамның қолданыстағы көліктерінің мәселесін ғана шешеді. Бұл көлік тапшылығын азайтуға бағытталатын шара емес.
Үкіметке нақты ұсынысымыз бар. 2010 жылы Кеден одағына кірер алдында кедендік рәсімдеудің жеңілдетілген кезеңі енгізіліп, 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін созылды. Тура сол секілді Президенттің айтқаны күшіне енбей тұрып өзгеріс енгізуді ұсынамын. Яғни Қазақстан аумағына кіргізілетін көліктерге 200-250 мың теңгеден аспайтын жеңілдетілген утиль алымы мен бастапқы есептік тіркеу алымын 1 қыркүйекке дейін кіргізілген көліктерге ғана емес, 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін кіргізілетін көліктерге де осындай бірреттік акцияны қолдануды ұсынамын.
Бұл қоғамда қалыптасқан көлік дефицитін біршама уақытқа дейін реттеп алуға мүмкіндік берер еді.
Көлік – көшпенді қазақ халқы үшін тұрмысының негізгі атрибуты, сондықтан оны алуға мүмкіндік беру Үкіметтің алғашқы кезектегі міндеттемелерінің бірі болуы керек. Бұдан бөлек отандық автоқұрастырушылардың өзінде, автосалондарда ешқандай жаңа көлік жоқ. Жергілікті нарықты көлікпен қамтамасыз ете алмай отырған кезеңде халықтың өз қолын өз аузына жеткізуге, өзіне қажет көлігін өзі алып келуге мүмкіндік беру керек. Сол себепті тиісті органдар, министрліктер ұсынысымызды аяқасты қалдырмайды деген үмітіміз бар.
Шыңғыс ТЕМІР, сарапшы:
– Егер сіз Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен автокөлік әкелетін болсаңыз, онда келесі алымдарды төлеуіңіз керек:
– автокөлікті бастапқы тіркеу үшін алым (ол көліктің жылына байланысты: 3 жылдан асқан автокөлік үшін алым – 1,6 миллион теңге);
– утиль алымы (қозғалтқыштың көлеміне байланысты: көлемі 1,6 литрлік автомобиль үшін – 550 мың теңге);
Егер көлікті ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден (Әзірбайжан, Грузия сияқты) әкелсеңіз, онда сіз утиль алымы және бастапқы тіркеу алымдарынан басқа келесі алымдарды төлеуіңіз керек:
– кедендік баж салығы (автокөліктер құнының 15 пайызын құрайды);
– қосылған құнға салынатын салық (автомобиль құнының 12 пайызы);
– көлік құралының конструкциясының қауіпсіздік сертификаты (СБКТС) – 50-200 мың теңге.
Енді Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте айтқан сөзіне оралайық. 250 мың теңге – көптен бері айтып жүрген сома. Біздің ойымызша, бұзылған көліктерді жинау және қайта өңдеу жүйесін ұйымдастыруға жеткілікті сома. Бұл утиль алымының «қызыл» бағасы. Президент бұл іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара деп нақтылады. Ұрланған көліктер туралы айтқан шығар. Барлық тергеу әрекеттері аяқталғанша осындай көліктерді есепке алмау әбден қисынды. Ал кедендік рәсімдеу туралы айтқанда, Президент кедендік төлемдер мен салық төлеуді меңзегені анық.
Сонымен, Жолдауда әңгіме ЕАЭО елдеріне кірмейтін көліктер туралы болды. Бұл көліктер үшін 15 пайыз кедендік баж салығы мен 12 пайыз қосылған құнға салынатын салығын төлеуге тура келеді (және СБКТС жасау).
Егер көлік 1 қыркүйекке дейін әкелінсе, бірақ кедендік баж салығы мен қосылған құнға салынатын салығы әлі төленбесе, сіз оларды төлеуіңіз керек, сосын ұсынылған 250 мың теңгені төлеуіңіз қажет, содан кейін көп күткен қазақстандық нөмірді аласыз. Бірақ ЕАЭО елдерінің (Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан) нөмірлері бар көлік жүргізушілері ше? Егер бұл көліктер ұрланбаған болса және олардың жүргізушілерінің тиісті сенімхаты болса, онда 250 мың теңге көлемінде бірреттік алымды төлеу жеткілікті болады. Содан соң көлігіңізге қазақстандық жолдар ашық.
Журналистер, әлеуметтік желі белсенділері де шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесінен шет қалмады. Мәселен, журналист, қоғам белсендісі Диас Нұрақын Президент тапсырмасы автонарыққа айтарлықтай әсер етіп, баға қазіргіден де шарықтай түсетінін айтады.
«Былтыр да Армениядан заңсыз көлік тасымалдағандарға билік қарайласып, бәріне сары нөмір тағып беріп, бір жараның бетін жапқан. Бірақ бұл безеу сияқты екен. Бірін сықсаң, екіншісі шығады. Армениядан құтылып едік, көшеде Грузияның көліктері қаптап кетті. Сондықтан биыл тағы да сол қадамға барып отыр. Демек біздің биліктің автонарықты монополиялап алған санаулы топқа шамасы жетпей отырған сияқты. Сондықтан Қазақстандағы қымбат көліктен қашып, шетел асқандарға әлсін-әлсін осындай жеңілдіктер жасап жатыр деп ойлаймын. Бірақ сырттан темір тұлпар тасу мұнымен тоқтамайды. Керек десеңіз, шамасы жеткендер әлі Африкадан да алдырып мінеді.
Ең маңызды мәселе – елімізде тағы да көлік қымбаттайды. Бүгінге дейін Армения, Грузия, Корея, Қырғыз бен Ресейден әкелінген көліктер небәрі 250 мың теңгеге (кейбір көліктер қозғалтқыш көлемі, шығарылған жылына байланысты бұдан да аз ақша төлеп) рәсімделетін болды. Кезінде шетелден көлік алып келгендер қуанып отырған шығар. Бірақ басқалар үшін қалтаға қосымша салмақ.
Бір сөзбен айтқанда заңды белшеден басып, шетелден көлік тасығандар тағы да ұтты. Ал қорқақтап, заңды сыйлап, қымбат болса да қазақша тіркеуде тұрған ескі-құсқыға ұрынғандар сан соғып отыр», дейді журналист.
Журналист, ақын Айнұр Төлеу де бір жетіден бері әралуан пікірге арқау болған мәнді мәселеге байланысты ойын іркіп қалмай, ашық жазыпты.
«Жазда ғана інім: «Сізге кішкене биік, жолға шыққанда ыңғайлы болатын көлік алайық. Көлігіңізді сатыңыз, қырғыздан жап-жаңасын айдап әкеліп беремін», деді. «Қырғыздан әкеліп алып, тіркей алмай қалармыз. Заңды бұзбай, тып-тыныш қазіргі көлігіммен жүре берейін» деп, ат-тонымды ала қашқан болатынмын. Бірінші қыркүйек күні Президенттің Жолдауын тыңдап отырып сонда інімнің ақылын тыңдамағаныма қатты өкіндім.
Негізі белгілі бір тәртіп, ереже, заң қабылдап, оны орындамағандарды кешіре беру де дұрыс емес қой. Онда біржолата шетелден көлік әкелуге арналған талаптарды алып тастасын. Мәселен, мен талап-ережелерді бұлжытпай орындаушы азамат ретіндегі құқығым тапталды деп есептеймін» деп өзінің «Facebook» парақшасында жазды.
Тараз қаласы тұрғындарының да шетелдік көліктерді заңдастыруға байланысты өз айтарлары бар. Жанат Заңғарұлы есімді азамат әлі де болса тиісті орындарда жан-жақты сараланып, қарапайым халыққа ыңғайлы шешім қабылданарынан үмітті.
– Көлік алу үшін бала-шағамның аузынан жырып ақша жинап жүргеніме бір жылдан асып кетті. Қазақстандық тіркеудегі көліктердің бағасы өте қымбат. Жағдайы жақсы көлік алу үшін кемі 3 миллион теңгеден аса қаржың болуы керек. Сондықтан келесі айда Қырғыз Республикасына барып, жылы да жаңа, жағдайы да жақсы көлік алып келуді жоспарлап отыр едім. Алайда Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін шақшадай басым шарадай болып, енді не істерімді білмей отырмын. 1 қыркүйектен кейін әкелсем, қалай болмақ?! Таныстарымнан, жора-жолдастарымнан сұрасам, әркім әртүрлі жорамал айтады. Енді әліптің артын бағып, күтуден басқа қолдан келер қайран жоқ.
Шетелдік көліктердің мәселесі биік мінбелерде қанша уақыттан бері талқыланып келеді. Не себепті Үкіметтің осы уақытқа дейін халыққа ыңғайлы, көптің қажетіне жарайтын шешім қабылдай алмағанына қайран қаламын. Утильдік алым мөлшерін азайтты, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы енгізілді. Бірақ автонарықтағы ахуалды реттеуге бағытталған осы секілді жеңілдіктер біз секілді айлығын шайлығына жеткізе алмай, «шықпа жаным, шықпа» деп күн көріп жүрген қарапайым қазақстандықтарға арналмаған. Халықтың белгілі бір тобы ғана жемісін көрді. Ал басқалар қайтпек?! Егер дәл осылай жалғаса беретін болса, қазақстандықтар таяу жылдары көлікті қойып, велосипедке немесе самокатқа көшетін шығар. Дәл қазіргідей жағдайда басқаша ойлау мүмкін емес, – дейді күйінген тұрғын.
Әзірге шетелдік көліктерді заңдастыруға байланысты қазақстандықтар тарапынан туындаған сұрақтардың барлығы жауапсыз қалып тұр. Жуырда журналистерге сұхбат берген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да басын ашып ешнәрсе айтпады.
«Мемлекет басшысы айтқандай бірыңғай төлемнің мөлшері 200-250 мың теңге болады. Біз тиісті шешімді әзірлеп, нормативтік актілерді қабылдаймыз. Соның негізінде Президенттің тапсырмасы орындалады. Әзірше тәртібі дайын емес. Кейін мемлекеттік органдар барлық ақпаратты таратады», – деді Р.Скляр журналистерге берген сұхбатында.
Әрине, Президент тапсырмасының орындалатыны анық. Алайда қалай орындалатыны жұртшылықтың жанын жегідей жеп, терең ойға қалдыруда. Ой құшағында қанша күн, ай, мүмкін жыл жүрер екен...
Талғат НҰРХАНОВ