Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Сіз жұмсаған үйдің иті қауып алды»

«Сіз жұмсаған үйдің иті қауып алды»
ашық дереккөз
«Сіз жұмсаған үйдің иті қауып алды»
Жас кезімізде мектеп жасындағы бозбала, бойжеткендер арманшыл, қиялшыл болатын. Мектепті бітіруге жақындаған жоғары сынып оқушылары айға сапар шеккен ғарышкер, көкке самғаған ұшқыш, тау-тас кезген геолог, шаһардың шырайын кіргізер архитектор болуға ұмтылатын. Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосибирск, Алматы секілді тағы басқа үлкен қалалардағы жоғары оқу орындарына баруды армандайтын. Әлбетте, елдің бәрі бірдей оқымысты бола бермейді ғой. Білім-ғылымда жолы болмағандар еңбекке араласып, өндірісте, өнеркәсіпте, шаруашылықта тер төгіп, атақ пен абыройға бөленіп, бақытқа кенелетін. Өткен ғасырдың 70-жылдарында еліміздегі 60-қа жуық оқу орындарында 250-300 мыңға тарта студент білім алған болса, қазіргі кезде еліміздегі 115-ке жуық жоғары оқу орындарында 600 мыңнан астам студент оқып жүр. Сан мен сапа деген категорияға сүйенсек, сан жағынан 2 есе артық қазіргі студенттердің көбінің білім сапасы 2 есе кем шығар. Біздің кезімізде әр топтағы студент саны 25 адамнан болып келетін. Жалпыға ортақ тарих, математика, физика, химия пәндері бойынша 6 топтан немесе 150 студенттен отырып дәріс тыңдайтын едік. Мұны айтып жатқаным, студенттердің көптігі бәсекелестікке, пікір алмасуға, көпшілікпен араласып, ұжымда жұмыс істеуге, топтар арасындағы жарысқа оң ықпал ететін. Қазіргідей 10-15 адамға дәріс оқу деген ол кезде болмайтын. Менің қатарластарымның көбісі намысты, жігерлі, оқуға талпынысы жоғары болатын. Сабаққа қатысудың үлгерімге тікелей әсері болатыны белгілі. Оқуға түскен соң өздері талпынатын. Ағалары жәрдемдесу, оқытушыларға сыйлық беру жайттары өте сирек кездесетін. Оның өзін жасырып, білдірмеуге тырысатын, намыстанатын. Ал қазір ше? Төрт жыл бойы аудитория көрмей кететіндер де бар. Әңгіме ашық, еш нәрсе жасырмайды. Сессияға қанша қаражат керек? Емтихан қанша тұрады, кім жәрдем береді? Осының барлығын студенттер бір-біріне мақтанып айтып отырады. Жастар арасында күш сынасу әркез болған, бола береді де. Сонда намысқа тырысып жекпе-жекте жеңсе де, жеңілсе де, артынша қол алысып, татуласып тарасатын. Ол мінезден. Не шықса да мінезден шығады. Бойында жалыны, көзінде оты бар жігіт басқаны да бағалай алады. Соның салдарынан әскерде, студенттік ортада, мектепте әлімжеттікке шыдай алмай, суицидке ұрынып, өзіне-өзі қол жұмсап жату қазір жиі көрініс табуда. Қазір де жастардың арасында жүрміз, аудиторияда жастарға қарап отырып қарным ашады. Жігіттердің көзінде ұшқын, бойында мінез жоқ, немқұрайдылық басым. Қайта мінез қыздарда бар. Ол дұрыс па, бұрыс па білмеймін. Бұл ұлттық болмысымызға лайық емес-ау деп ойлаймын. Енді өзім оқыған студенттік кезге келетін болсам, тобымыз өте белсенді, ұйымшыл, көп ұлтты болды. Арамызда Кавказ жігіттері де оқыды. Студенттік өмірдің көбісі жатақханада өтетін, күні-түні бірге болғандықтан кімнің кім екенін уақыт өзі ажыратып беретін. Топтың ішінде ойы ұшқыр, алғыр, тапқыр жігіттер болды. Солардың бірі – Мұхамеджан Арзымбетов есімді курстасым. Оның жүрген жері ойын-күлкі болатын. Бірінші курстың соңында Мұхамеджан физика пәнінен емтиханға оң қолын дәкемен таңып, үстіне йод, көкдәрі жағып келіпті. Ол нағашыларының үйінде тұратын. Бәріміз алаңдап, «Не болды?» деп сұрап жатырмыз. Өзін қаумалаған біздерге қарап: «Жарақаттанып қалдым», деді. Келесі тарих пәнінен емтиханға келгенде қолында ештеңе жоқ. «Қолыңдағы таңғышың қайда?» деп таңғалып сұрап жатырмыз. Міз бақпастан сабазың: «Физикадан формуланы қате жазып қойсам болмайды, ал тарихтан жауапты дұрыс жазып алуым керек қой», дегені. Бірде Мұхаметжанды оқытушымыз тапсырмалармен бір жаққа жұмсаған болатын. Қожанасыр досым ертеңіне қолына таяқ алып ақсаңдап келіп тұр. Ұстазымыздың «Таяқ асынып келгенің қалай, не болған?» деген сұрағына: «Сіз жұмсаған үйдің иті қауып алды», деді. Оқытушы сасқанынан «Сынақ кітапшаңды әкел» деп, лезде «бес» деген баға қойып берді. Алдар көсең шыққан бойда таяқты қолтығына қыстырып жүгіріп кете барды. Оның осындай күліп отырып еске алатын әңгімелері өте көп. Осылай қызықты сәттерді бастан кешіріп жүріп институтты да аяқтадық. Оқуды тәмамдаған соң біразымыз Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өндірісте жұмысқа қалдық. Ділдәбек Дүйсен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Өмір тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының оқытушысы, техника ғылымдарының доценті
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар