Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жұлдыз едің жыр көгінде өрлеген...»

«Жұлдыз едің жыр көгінде өрлеген...»
ашық дереккөз
«Жұлдыз едің жыр көгінде өрлеген...»
9 ақпан – қантамырымен қан емес, қара өлең аққан Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Өмірден ақынның өзі кеткенімен, оның аты мен өлеңі кеткен жоқ. Әдебиет айдынына келген әрбір жастың осы бір ұлы тұлғаның шығармашылығымен «ауыратыны» баршамызға аян. Төменде біз редакциямызға келіп түскен облысымыздағы бір топ ақынның «Қазақ поэзиясының Хантәңіріне» арнаған өлеңдерін жариялап отырмыз. 

Алатауға айналған ақын

Жалғасы боп Абайлардай тектінің, Тежей алмай тасқын жырдың екпінін. Маңдайына сыймай кеттің қазақтың, Өзіңді аңсап, іздейтіндер көп бүгін.

Байлыққа да, мансапқа да ермеп ең, Жұлдыз едің жыр көгіне өрлеген. Жақсылықты бір Тәңірден сұрадың, Көкіректе ағып жатты шерлі өзен.

Шын толғандың, шын мұңайдың, шын күлдің, Арманыңды ақ үмітке ілдірдің. Іріліктің үлгі болар тұғырын, Жақын түгіл, жатыңа да білдірдің.

Мәрмәр тастан жасалғандай бір мүсін, Алатауға айналып сен тұрмысың?! Адамдықтың аттамадың ақ жібін, Сол үшін де баға жетпес құндысың.

Жыр майданға біліміңді баптаған, Қыран едің көзіңді қан қаптаған. Қаламың да мұқалуды білмепті, Жүрегіңнің жалынына қақтаған.

Көп күншілдер тайдырмақ боп тағыңды, Саған талай жөнсіз күйе жағылды. Сонда да сен төзімділік танытып, Сынай білдің бабың менен бағыңды.

Дәлелдедің бойыңдағы дарынды, Бүкіл қазақ ақын ұлын сағынды. Мұңайта да, қуанта да білдің сен, Жырларыңмен өнерсүйер қауымды.

Қара өлеңнің қасиетін мол танып, Поэзияға жаңалықпен жол салып. Ой мен бойың таза болса қаншалық, Мөлдіреген өлең жаздың соншалық.

Баршаға аян жырың бұлттай екені, Көшіп-көшіп ғасырларға жетеді. Саған деген ескерткіш сол ең үлкен, Әр жүректе Мұқағали мекені.

Жыр боп ұшты кеудеңдегі бұла сыр, Биігінде қалар әр кез шын асыл. Тіршілікте көре алмаған күншілге, Енді шыңнан күле қарап тұрасың.

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ, ақын

Тәңір оған өлең берді...

Өлеңдері оқырманын баурайтын, Ақын еді ол Алатаудан аумайтын. Ұлы Мұқаң – поэзияның саңлағы, Әрбір сөзі көңіліңді аулайтын.

Жастық шағы сұм соғыспен кез келді, Тәңір оған өлең берді, сөз берді. Қару емес, қалам алып күресті ол, Міне, содан тағдыры да өзгерді.

Сөйтіп әне, басынан бұлт аунады, Тағдыр оны, ол тағдырды таңдады. Қаруменен ел сияқты кезенбей, Қаламмен-ақ ел жүрегін жаулады.

Жырларынан сезім иісі аңқыған, Айнымады ол өзі берген антынан. Адал болды ол өзін сүйген өлеңге, Ал адамдық жазған жоқ ол қалпынан.

Ол ұшқан қаз жүрегінде жыр тулап, Әдебиет айдынында пыр-пырлап. Мұқаң солай он сегіз мың ғаламды, Өлеңіне сыйдырыпты бір шумақ.

Айдана СӘРСЕНОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті

Мұқағали айтқандай

Мұқағали айтқандай, Құс та болғым келмейді қалықтайтын, Құстарда да болады тамұқтай мұң. Көкте ұшып жүргенде қанат жайып, Жерде қалып кетпейді барлық қайғым. Мұқағали айтқандай, От та болғым келмейді қаным ыстық, Ыза-кекпен сан мәрте жаңылыстық. Ашу өрті тұтатып аңдаусызда, Талай мәрте алдандық, сабылыстық.

Мұқағали айтқандай, Сәби болғым келеді күнәдан пәк, Сәби түстер еріксіз тұрады алдап. Қанша сәби болсаң да түбі ертең, Есейесің, болашақ тұрады алда.

Сәби болғым келеді, сәби болғым, Кіп-кішкентай жүректе сезім толған. Сәби болып өткенді ұмытар ем, Құлазыған менің де кезім болған.

* * * О, Мұқа! Мұқағали, Мұз ақын, Һәм өлеңі тау мен тасты бұзатын. Махаббатты жырлап өтіп барында, Алтын сөзбен жазып кеткен өз атын.

О,Мұқа! Лирик ақын, Мұзбалақ, Ақын бойы керек етер жүз талап. Тау мен тасты, аң мен құсты жыр етіп, Өлең сөзге салып жүрген жүз құрық.

Өлеңдері қырға шыққан биіктеп, Озып шыққан жыр додада жүйіткіп. Өмір сырын ұғындырып өлеңмен, Сөзбен шешкен мәселені түйіткіл.

О, Мұқа! Мұқағали, Ұлы ақын, Сен өлсең де, сөзің өлмей тұратын. Өлең сөзбен жылатып ап адамды, Өлең сөзбен тұратұғын жұбатып.

О, Мұқа! Мұқағали, Ұлы ақын, Өшпей мәңгі төрімізде тұр атың!

Анар МҰРАТБЕКҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Талай жанның жол тапқан жүрегінен

Есіміңді естісем елең етем, Сөз маржаның тартылған жебеге тең. Мұзбалақ Мұқағали тірі десем, Ұрпағың бүгін соған сене ме екен?!

Себебі дарқан қазақ бұл жайында, Ақылдың асыл сөзін тереді екен. Жаны жайсаң жақсының аты өлмесе, Ғалымның хаты өлмейді деген екен.

Талай жанның жол тапқан жүрегінен, Жыл құсындай жырларды түлетіп ең. Өзің жазған өлеңді түйіп алып, Оңашада күбірлеп жүретін ем...

Шабытпенен сыр шерттің ғашығыңа. Талантың талай сырды жасыруда. Сен қалдырған сөз мұра жеткілікті, Талай кезең, талай дәуір ғасырына.

Қарасаздың бауырынан өлең емген, Сенің шыңың асқақтау төбелерден. Жолыңды жалғайтұғын ұрпақ барда, Ақын ата, шаң басып, көнерер ме ең?!

Өлеңнің алдаспанын арқалаған, Баяғы базарың еш тарқамаған. Сен жатқанда қыр астында бізге қарап, Саған өлең арнаймыз, дарқан бабам!

Серпен СЕРІКБОЛСЫН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар