Аймантөбе аңызы туралы не білеміз?
Ежелден қойнауы аңыз бен тарихқа толы Әулиеата өңірінде әлі де ашылмаған сырлар көп. Ғасырлар бойы небір ғалымдар зерттеп тауыса алмаған құпиялар толып жатыр. Жер-су атауларына қатысты қаншама тарихи-танымдық зерттеулер жүргізіліп, облысымыздың көп жерінен көне жәдігерлер молынан табылуда. Мұндай құндылықтар туралы көптеген кітаптар жарыққа шығып, баспа беттерінде мақалалар жазылғаны
жалпыға аян.
Әулиеата аумағындағы жер-су атауларына мән берсек, оның тарихы елеулі бір оқиғамен байланысты болып келетіні белгілі. Қазіргі таңда облыс аумағында қорық-музей қарауына енген 30 тарихи-мәдени ескерткіштің ішінде 5 археологиялық қалашық бар. Атап айтқанда Ақыртас, Құлан, Баласағұн, Өрнек, Қостөбе халықаралық дәрежеде мойындалып, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Республикалық дәрежедегі 25 ескерткіштің қатарындағы Тектұрмас, Қарахан баба, Дәуітбек, Айша бибі, Бабажа хатун кесенелері бүгінге жеткен Тараздың інжу-маржаны саналады. Ал мұралар тізіміне енбеген өзіндік тарихы бар обалар, қорымдар төбелер қаншама?
Іргелес Байзақ ауданындағы Шөлтөбе, Рсымбет секілді төбелердің тарихы өз алдына бір әңгіме. Дихан ауылдық округіне жататын Аймантөбе ауылының батысында Аймантөбе деп аталатын тарихи қорым бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, ертеде Түркістанды бетке алып осы жерден бір көш өтсе керек. Сол көш арасындағы бір байдың қызы қатты науқастанып, біраз уақыт сол жерге аялдаған екен. Осы жайлы білмек болып ауыл мешітінің бас имамы Кенжехан Рахмановты әңгімеге тарттық.
– Бұл – біздің бала кезден аталарымыздан естіп өскен аңыз әңгіме. Өз уақытында ауыл мектебінде директор қызметін атқарған Жапар Дидарбеков атамыздың нұсқауы бойынша жазылған тарихи деректер кітапқа түсті. Оңтүстікке қарай бет алған көш осы жерлерге біраз уақыт тұрақтайды. Бір бақуатты адамның Айман атты қызы ауыр дертке ұшыраған екен. Көктем мезгілінде бұл маңды аз да болса қоныс еткен әлгі көштің адамдары диқаншылық кәсіппен айналысатын еңбеққор кісілер болыпты. Тек малмен ғана нәпақасын айыруды білген жергілікті тұрғындарға бақша егуді солар үйретіпті. Аталған төбенің етегінде жоғары жақтан бастау алатын Тоқтарбай ата деген қайнардың суы ағатын. Ол су осы ауылға дейін келетін. Су арнасы әлі күнге дейін бар. Осы адамдардан алғаш рет қарбыз егуді үйренген Әліқұл деген кісі екен. Қарбыз өсіруді үлкен шаруашылыққа айналдырған ол ауыл тұрғындары арасында «Қарбыз ата» деп те аталып кетіпті. Жылға жуық, бәлкім, одан да көп уақыт осы маңды паналаған көштегі Айман атты сұлу да ақылды қыз екен. Бойында көріпкелдік қасиеті бар байдың қызы дертінен арыла алмай, ақыр соңында дүниеден озған. Дертінен айығып кетер деген үмітпен аялдаған көш Айман қызды осы төбеге жерлейді. Осы оқиғадан соң бұл төбе «Аймантөбе» деп аталып кеткен.
Бұл төбе өткен ғасырларда «Белгі төбе» деп те аталған. Алыстан жау шапқанда төбенің басына от жағып, халыққа белгі берген. Белгі төбенің атауы Айман төбе болып өзгерген себебі сол, – деді К.Рахманов.
Кейбір ауыл тұрғындары Айман апа, Айман сұлу, Көріпкел апа деп те атайды. Бұл адамның атымен бір төбенің, кейін бір ауылдың аталуында бұдан да басқа себептер бар шығар. Бірақ Айман туралы өзге аңызды бізге тарқатып айтып беретін адам табылмады. Бұрынырақта үлкен қариялар болған екен. Олар бүгінде өмірден өткен. Осындайда өткен тарихты әңгімелейтін көнекөздердің азайып, сиреп бара жатқандығы жаныңа батады.
Осы орайда Аймантөбе ауылының Берікқара орта мектебіне ат басын бұрдық. 133 түтіні, 837 тұрғыны бар елді мекеннің білім саласына басшылық етіп отырған Ералы Төлеев «Аймантөбе» аңызы жайында өздерінде бар қысқаша мәліметтерді алға тартты. Бірақ ол кісінің де айтқан мәліметтерінің сарыны тура осындай және тың деректері тым аз.
Жалпы айтпағымыз, топырағы тарихқа, қойнауы құпияға толы өңіріміздің сырларын аша білейік. Бізге белгісіз жер-су аттарының маңыздылығын айқындап, бүгінгі ұрпаққа дәріптеу артық емес. Қазіргі жастарға өсіп-өнген жерінің тарихын біліп жүру – үлкен парыз.
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала