Онлайн оқу оңтайлы ма?
Елімізде пандемияға дейін бұрын-соңды жаппай онлайн оқу жүйесі қолданылмаған. Рас, кей аймақтарда табиғи құбылыстар орын алып, төтенше жағдай қалыптасқанда амалсыздан мектептер қашықтан оқуға ара-тұра көшіп тұрады. Көбіне дауылды желде, қалың қар жауғанда облысымызда бастауыш сыныптар онлайн оқиды. Бұл уақытша өзгеріс, әрине. Биылғы қаңтардың басында қалың жауған қардың салдарынан әрі ауа райының суықтығынан біздің облыстағы мектептердің барлығында 1-4-сыныптар онлайн форматқа көшкенін білесіздер.
Сондай-ақ кей кәсіп түрлеріне баулитын курстардың дені онлайнды қолайлы көріп, осы жүйені таңдаған. Бір жағынан онлайн режим курс оқитын тарапқа да тиімді сияқты көрінеді. Бірақ қоғамдық пікірге құлақ ассақ, оның да олқылығы немесе озығы мен тозығы бар екені рас.
Онлайн оқу дегеніміз – оқушы мен ұстаздың виртуалды әлемде жолығуы. Бұл жүйе өмірімізге бүгін ғана енген жоқ. Оның шығу тарихы XVIII ғасырды қамтиды. Алғаш пошта қызметі пайда болғанда-ақ ағылшын тілін оқытатын осындай журналдар болған.
Алдымен онлайн оқудың оңтайлы тұсына тоқталсақ. Негізі білім алғысы келетін адамға ешқандай шекара жоқ. Бұл жаңа ғасырдың ұраны десек те болады. Жер шарының басқа бөлігінде өтіп жатқан лекцияға немесе өзіңе ұнайтын профессордың сабағына онлайн оқу арқылы қатыса аласың. Жүрегің қалаған таргет, SММ, дефектологтың немесе Бодо Шефер секілді бизнес әлемінің серкелері атанған небір мықты ұстаздардың дәрістерін ақшаң болса болды, онлайн оқи аласың. Қатысып қана қоймай, сертификат иеленуге де мүмкіндік бар. Бүгінгінің жастары университетте бес жыл оқығанша үш ай немесе бір ай курс оқып, жаңа мамандықты игеріп, одан жоғары жалақы алуды көздейді. Және солай етіп жатқандары да бар. Мәселен, әлемнің ең беделді университеттерінде қашықтан оқып, дипломға қол жеткізуге болады. Немесе жоғарыда айтқанымыздай, SММ, таргет, Insta-админ, арест шешуші, қаржылық сауаттылық сынды жаңа дәуірдің мамандықтарын қабілетіңіз болса тез-ақ игеріп, жұмыс бастап кете аласыз.
Қазақтілді онлайн курстардың көбейгендігі де кейде шынымен қуантады. Продюсер, қаржы менеджері, маркетолог саласы да қазіргі күні «Instagram»-да тегін, ақылы түрде, яғни әртүрлі өтіп жатыр. Соңғы кездері ең танымал білім беретін курс ретінде сату өнері курстары алға шығып отыр. «Пиндуодуо», «Таобао», «1688», «Каспи», «Трендиол» курстары еліміз бойынша жоғары сатылымдағы онлайн курстар. Копирайтинг, аспаз сынды курстар да жастар арасында кеңінен оқытылуда. Бір қызығы сол, жаңа дәуірдің адамдары аталған мамандықтарды төрт жыл бойы университет қабырғасында оқу дұрыс емес деген пікірді алға тартып отыр. Онлайн оқудың түрі көп. «Жазасыз бала тәрбиелеуді үйренемін», «Отбасы жарасымы», «Жыныстық тәрбие негіздері», «Ата-ананы кешіру» сынды түрлі курстарды қалауыңызша сатып алып оқысаңыз болады. Психолог көмегі керек болса, оны да онлайн оқисыз.
Ал енді онлайн оқудың зиянына тоқталсақ. Дәстүрлі сабақ беру жүйесіне үйренген ұстаздар үшін онлайн оқу оңай болмады. Күн ұзақ телефонға немесе компьютерге шұқшия отырып сабақ беріп, «ZOOM» платформасы мен «WhatsApp» желісі арқылы жұмыс істеді. Оқушылар да, ұстаздар да денсаулықтарына зиян келтірді. Әрі интернет желісі дұрыс істемейтін шалғай елді мекендерде онлайн оқу мүмкін болмады. Пандемия кезіндегі оқушылардың білімі төмендеп кеткендігі бөлек әңгіме, ал одан кейінгі салдармен ұзтаздар әлі күресіп келеді.
Осы орайда онлайн оқу туралы көпшіліктің де пікірін білген едік. Шымкенттік ұстаз әрі қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы мұндай оқу форматына қарсы екенін жеткізді.
– Интернеті түгел тартылмаған елде «онлайн оқу» деген тым дабырайту ғой. Жалпы келеңсіз жағдайларда ғана болмаса онлайн оқуға қарсымын. Себебі ауылдық жерлерде интернет желісі дұрыс істемейді. Соның себебінен сабақ өткен құрлы болмайсың. Оқушыдан обал. Дәстүрлі оқыту форматына ештеңе жетпейді. Пандемия кезінде білім алушылардың мәңгүрт болғаны рас қой. Мен мектептердегі оқуға қатысты айтып отырмын. Ал онлайн курс сабақтарын мен де сатып алып оқи беретін едім, әрине. Өйткені ол күнделікті әрі ұзақ уақытқа созылған сабақ емес қой, – дейді Ө.Шыныбекұлы.
Жамбыл ауданының тумасы, белсенді жастың бірі Төленді Көпберген де онлайн оқудың кейінгі кезде көбейіп кеткенін, алайда пайдасының шамалы болып жатқанын сөз етті.
– Жалпы ақпараттық заман дамыған сайын онлайн оқыту курстары қаптады. Шыны керек, орыс тілінен бастап барлық тілді онлайн оқу арқылы меңгеру дегенге қарсымын. Логикаға салсаңыз, 40 мың теңгеден басталатын оқулар сіздің қабылдау деңгейіңізді анықтай алмайды. Мәселе осында болып тұр. Ал сіз ақша төленгеннен кейін міндетті түрде нәтижемен шығу керексіз. Мысалы, асханаға адам не үшін кіреді? Қарын тойдыру үшін кіреді. Ал оқуға не үшін түседі? Білім алу үшін. Жарнамасы жер жарып тұрған оқыту орталықтарының 90 пайызы біреуге пайдам тисін деп емес, қалай пайда тапсам деп тұратынын білеміз. Кітапханаға барып, сол білімді кітаптан алса да болады. Тек кітапханадағы сервисті дамытса екен, – дейді Т.Көпберген.
Ал «EduKey» онлайн білім орталығының басшысы Ерлан Копейсіновтің пікірі алдыңғылардан өзгерек, яғни тиімділігі де бар дегенге саяды.
– Біздің оқыту орталығы онлайн форматта оқушыларды ҰБТ-ға, Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсуге дайындайды. Табысты жұмыс жасап келе жатқанымызға екі жылдай уақыт болды. Осы кезге дейін біз дайындаған 5 000 оқушы жоғары оқу орындарына грантқа түсті. Қазір бізде шамамен 10 мыңдай оқушы бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқитын оқушылар бізді өздері таңдады. Негізі грантқа түсу немесе түспеу оқушының өзіне байланысты. Біз «шайнап» берген білімді жұтса болды. Зейін қойып оқитын оқушы міндетті түрде діттеген оқу орнына түседі. Ал жүрдім-бардым оқып, нәтижесі болмаса, әрине, біреуді кінәлі қыла салу оңай. «Сонша ақша төледік, неге білім жоқ?» деп шығады кейбірі. Білім бар. Қазір білімдінің заманы. «EduKey» атты тамаша ұйымдастырылған сайтымыз бар. Онда оқушыға сабақ кестесі беріледі. Оқушылар әрбір сабақты мұғаліммен бірге отырып талқылайды. Онлайн, яғни қашықтықтан жүздесіп отырған ұстаз бен оқушы демесеңіз, кәдімгідей-ақ білім беру үрдісі. Дамыған заманда бұл құптарлық іс, – деген білім орталығы басшысының да сөзін дұрыс қабылдағанымыз жөн шығар.
Қалай десек те пандемия салған ауыртпалықтың салдарынан тұрмыс-тіршілігіміздің ажырамас бөлігіндей болып кеткен мектептегі, жоғары оқу орындарындағы онлайн оқу форматына да ет үйреніп кеткендей. Бастысы қос тарапта да тәжірибе қалыптасты. Десек те бүкіл әлемді үрейде ұстап, үйге тығып тастаған пандемия сияқты қиын шақ қайта оралмасын деп тілейміз. Оқушының мектепке барып, партаға отырып, асыр салып оқыған біліміне жетпейді-ау бәрібір. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала