ТАСҚЫН СУҒА ТАСТҮЙІН ДАЙЫНДЫҚ КЕРЕК
Биыл елімізде біраз жылдан бері көрмеген қыс болды. Сарышұнақ аязға арқыраған ақтүтек боран қосылып, кейбір өңірлерде адам бойына жетер-жетпес қар түсіп, әбігерге салды. Аяздың қысқанынан міз бақпай бірнеше апта жатып алған ақмамық соңғы бірер күнде ери бастады. «Күннің беті бері қарады» деп тұрғындар қуанғанымен, осы уақытта төтенше жағдай саласы қызметкерлерінен маза кетеді. Себебі ауа райы тағы да күрт жылынып, қар көбесі сөгіліп, арты жауын-шашынға айналса, соңы қауіп-қатерге ұласуы бек мүмкін.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, облыс аумағында ауа райы жағдайына жүргізілген көп жылғы мониторинг дерегінше, қалалар мен елді мекендерде қар жамылғысы қауіпті деңгейден аспайды. Қазіргі уақытта облыстың өзендерінде су деңгейі тұрақты, су тасқыны қаупі байқалмайды. Алайда табиғат болжамға көнбейтінін жете ұққан сала мамандары тасқын судың алдын алу шараларына кірісуде.
Бүгінде таулардағы қар қорының көрсеткіші 25-36 пайыздан аспайды. Таулы аймақтардағы өзендердің мұз құбылыстары орташа өлшеммен 15-32 сантиметрді құраған.
– Су басу мүмкіндігі бар 42 елді мекеннің 34-інен қауіп сейілтіліп, екеуі азайтылды және су басуға бейім 6 елді мекен қалды. Ол бойынша «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасына сәйкес іс-шараларды іске асыру жоспарлануда, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс аумағында каналдарды, дренаждық каналдарды, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын, көпірлерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Талғат Айтбаев 2023 жылы облыс аумағында су тасқыны кезеңін апатсыз режимде өткізу мәселесі өткен жылдың 21 қазанында жоспардан тыс қаралып, хаттамалық ұсыныс тапсырылғанын айтады.
– Облыс аумағында 157 гидротехникалық құрылыс болса, оның 42-сі республикалық меншікте, 105-і коммуналдық меншікте, 10-ы жекеменшікте.
«Киров», «Тасөткел», «Теріс-Ащыбұлақ» секілді ірі суқоймалардың жұмыс режимінің кестесі әзірленіп, толымдылығы мен жұмысына бақылау жүргізілуде.
Бүгінгі таңда «Теріс-Ащыбұлақ» қоймасының толуы 40 пайызды, «Тасөткел» – 29, «Киров» – 40, «Ынталы» – 14, «Ақкөл» – 17, «Қарақоңыз» – 56, «Бүркітті» суқоймасының толуы 26 пайызды құрайды.
Гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын тексеру және нақтылау бойынша 13 суқоймаға ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталды. Суқоймалардың ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары «Жамбыл суқоймалары» мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бақылауында. Жөндеу жұмыстары биыл да жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы да су тасқынының алдын алу шараларына атсалысып, жағдайды бақылауға алған. Бұл бойынша жетекші партияның орталық аппараты мақсат-міндеттерді айқындап, аймақтық, өңірлік бөлімшелерге бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес іс-шараларды жүргізуді тапсырған. Мәселен, «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Расул Сұлтановпен және партия аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алтай Стамқұловпен бірге аудан аумағында орналасқан суқоймалар мен тоғандарды зерделеп, жағдайымен танысқан. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 11 техника, 20 мотопомпа, 7 000 қап, 100 тонна құм және басқа да қажетті құрал-жабдықтар дайын тұрғанын, ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілгеніне қанық болды. Жауаптыларға су тасқынына қарсы іс-шаралар, оның алдын алу, қатерлерін жою жұмыстары қатаң бақылауда болатынын, тиісті ұсыныстар берілетінін айтты. Партия аудандық филиалы тарапынан аудан аумағында орналасқан суқоймалар мен тоғандарды зерделеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасады.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала