Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әулиеаталықтардың саны қайтсе көбейеді?

Әулиеаталықтардың саны қайтсе көбейеді?
ашық дереккөз
Әулиеаталықтардың саны қайтсе көбейеді?
Қазір әулеттік жиын-тойлар мен басқа да басқосулар болмаса ағайынның өзін жиі көре бермейтін заман болды. Мұны сөз етуімнің өзіндік себебі бар. Әкемнің туған інісінің екі ұлы болса, соның үлкенінің еті тірі. Жастайынан бизнеспен айналысып, шамалы шыр біткеннен кейін Алматы қаласына қоныс аударған болатын. Бірақ отбасымен Таразға жиі келіп тұрғандықтан оның сыртта жүргені аса біліне қоймайтын. Бір-бірімізге қоңырау шалып та хал-жағдай сұрасып тұратынбыз.

Шетелге кетіп жатқандар көп

Былтыр арада біршама уақыт үнсіздік орнағаннан кейін, әрі алып қаладағы бір шаруаның жайын білмекке «WhatsApp» арқылы аталған ініме қоңырау шалдым. Әңгіме барысында ол: «Нұреке, сіз естімеген екенсіз ғой, мен отбасыммен шетелге көшіп кеткенмін», деді. Жасыратыны жоқ, бұрын Қазақстаннан шетелге көшетіндерді тек өзге ұлт өкілдері деп ойлайтынмын. Себебі кез келген адамды түптің түбінде тарихи отаны – ата-бабасының кіндік қаны тамған, туған жерінің топырағы өзіне тартатыны анық. Сондықтан менің ойымда «елден кететіндер – тарихи отанына қайтатындар немесе әділетсіздікке тап болған немесе бірдеңе бүлдіргендер» деген түсінік жүретін. Осыдан кейін бұл ойымнан айныдым. Інім өз басын өзі алып жүретін азамат, бауырларына қай кезде де қол ұшын беріп тұратын және кәсібі бар азамат болғаннан кейін оған Отан, ел-жер, жайлы тұрмыс пен мол табыс үшін шетелге кету патриоттыққа жатпайтыны жөнінде ақыл айтуды артық санап, іштей тындық. Жалпы шетел асып жатқан қазақстандықтардың арасында қазақтардың саны қанша? Осы сауалға жауап табу үшін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz сайтындағы ресми мәліметке сүйендік. Қазақстанның аумағынан тұрғылықты тұру үшін былтыр 9 айда шетелге 20 мың 341 адам қоныс аударыпты. Ал шетелден көшіп келгендер саны – 10 мың 995. Елімізге көшіп келгендер мен көшіп кеткендерді салыстырсақ, қазақстандықтардың саны былтырғы 9 айда 9 мың 346 адамға азайған. Оның ішінде облыс аумағынан былтыр 9 айдың ішінде 31 мың 887 адам басқа өңірге және шетелге қоныс аударған екен. Ал облысқа көшіп келгендер саны – 23 мың 425. Сонда былтырғы бар-жоғы 9 айдың ішінде тек ішкі-сыртқы көші-қон есебінен облыс халқының саны 8 мың 462 адамға азайыпты. Мұның ішінде Жамбыл облысына шетелден көшіп келген 333 адам болса, оның 195-і өз ұлтымыздың азаматы. Ал облыстан шетелге кеткен 963 азаматтың 56-сы қазақ. Біз атап көрсетіп отырған сандардың қатарына шетелге кеткендердің ішінде оқуға, уақытша жұмыс істеуге барғандар кірмеген. Бұл тек Қазақстаннан шығып, өзге елдің азаматтығын алғандар ғана. Ал еліміз бойынша 2021 жылы шетелге 41 мың 13 адам қоныс аударса, Қазақстанға қоныс аударушылармен салыстырғанда халық саны 27 мың 699-ға азайған. Бұл аз цифр емес. Осы орайда «Қазақстандықтардың, оның ішінде қазақтардың шетелге қоныс аударуына не себеп?» деген заңды сұрақ туындайды. Біз бұған дейін әр 6 ай сайын шетелде егіншаруашылығында жұмыс істеп, қаржы жинап отбасын асыраған, осы күні шетелге қоныс аударуды мақсат тұтқан бір әулиеаталық азаматты тауып, пікірін тыңдап көрдік. Оның айтуынша, шетелге жұмыс істеуге барып жатқан жерлестеріміздің арасында жасы 35-ке дейінгі азаматтар көп екен. – Қазақстанда жүріп дүние жиып, одан кейін шетелге кететіндер көп емес. Бірақ мен білетін бір нәрсе бар. Егер кез келген мемлекетте еңбек нарығында қандай да бір мамандық иесіне немесе жұмысшыға сұраныс болмаса, халықтың жайлы тұрмыс іздейтіні анық. Азаматтар тұрақты жұмысқа орналаса алмай, таныс-тамыры барлардың ғана жолы болса, халық күнкөрістің басқа амалын іздей бастайтыны анық. Сол секілді жұмысы бола тұра еткен еңбегіне татымайтын мардымсыз жалақы алса, тапқаны тамағынан артылмай, баспанаға қол жеткізе алмаса, әділдік салтанат құрмаса, онда кез келген адамның өзіне жайлы, ыңғайлы мекен іздеуі заңдылық. Оған ешкім заңмен тыйым сала алмайды. Мен Шотландия мемлекетінің бір ауылдық елді мекенінде екі жыл көкөніс, жеміс-жидек өсірумен айналысатын шаруашылықта еңбек еттім. Жасым 30-да. Өз елімізде жүріп отбасын құрғаннан кейін көп еңбектенуім қажет болды. Бірақ қанша жұмыс істесем де табысым азық-түлік пен пәтерақыдан артылмады. Қазір ол жақта 600 мың теңге айлықақы аламын. Алты ай үй бетін көрмей өзге елде жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан отбасыммен сол елге қоныс аударуды ойлап жүрмін, – деді аты-жөнін атаудан бас тартқан ол. «Арқа да аяз болмаса, арқар ауып несі бар?» дейді қазақ. Алайда біздің елдің тұтқасы болар жастардың ойы осындай болса, келешегімізден қандай үміт күтеміз. Мынадай ұлан-ғайыр жерімізге келешекте кім ие болады? Экономикалық тұрғыда белсенді жастардың шетел асуы мемлекет деңгейінде ойланатын мәселе.

Халықтың табиғи өсімі мәз емес

Қайбір жылдары Мемлекеттің экс-Президенті Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстандықтардың санын 2020 жылға дейін 20 миллионға жеткізу қажет», деген болатын. Қазір 2023 жыл басталды. Алайда қазақстандықтар саны 19 миллионнан енді асты. Жалпы халық саны 19 миллион 765 мың 4 адам болса, оның ішінде 1 миллион 217 мың 955-і әулиеаталықтар. Көршілес Түркістан облысында 2 миллион 116 мың 400 тұрғын бар болса, оның 1 миллионнан астамы Шымкент қаласында тұрады. Сонда біздің өңір халқының саны бір ғана Шымкент қаласы тұрғындарының арғы-бергі жағында ғана екен. Осы орайда халықтың табиғи өсіміне назар аудардық. Статистикалық мәліметке тағы да иек артсақ, өткен жылдың 9 айында еліміз бойынша 299 мың 711 нәресте дүниеге келсе, 101 мың 666 адам өмірден өтіпті. Оның ішінде біздің облыста 19 мың 829 сәби дүние есігін ашса, 5 550 адам бақилық болған. Десе де біз облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, өңір халқының табиғи өсім қозғалысына қатысты нақты мәліметті сұрадық. – Негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштердің жағдайын айтар болсақ, былтыр табиғи өсім көрсеткіші (17,49-дан 14,70-ке) 16 пайызға төмендесе, туу көрсеткіші (25,15-тен 27,06-ға) 7,6 пайызға біршама өскен. Облыста ана өлімінің 1 жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 5,3-ті құрады. Бұрнағы жылы 6 жағдай орын алған еді. Нәрестелік өлім көрсеткіші 1000 тірі туған нәрестеге есептегенде 7,1 промильді құрап 134 нәресте шетінеген. 2021 жылы 180 нәресте шетінеп, көрсеткіш 8,2 промильді құраған болатын. Ұрпақты болу денсаулығына байланысты проблемалары бар отбасылар үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында былтыр денеден тыс ұрықтандыру үшін 431 квота бөлініп, оның 401-і (93 пайыз) игерілді. Бүгінгі таңда тіркелген жүктілік саны – 83, қабылданбағаны – 86, 232-сі жұмыс барысында. Жалпы 2021 жылы өңірде 28 675 бала дүниеге келіп, оның 236-сы қайтыс болды. Нәресте өлімі көрсеткіші – 8,2 пайыз. Ал өткен жылы 25 377 сәби дүние есігін ашып, оның 192-сі шетінеді. Былтыр нәресте өлімінің көрсеткіші 7,5 пайызды құрап отыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева. Бір айта кетер жайт, орта есеппен алсақ, былтыр туған 25 377 сәбиді облыс халқының ішінде 2 пайыздың арғы-бергі жағындағы аналар ғана өмірге әкелгені байқалады. Адамның тууы, өлімі, некеге тұруы мен бұзылуы секілді факторлар демографияның құрамдас бөліктері. Қазақ елі санының өсуіне кезінде қолдан жасалған аштық, қуғын-сүргін, соғыс, жұт, індет секілді кесапаттар айтарлықтай кесірін тигізді. Біз ғасырлар бойы осындай келеңсіздік салдарынан өспедік. Ал бүгінгідей бейбіт заманда, әсіресе тәуелсіздік алған мамыражай жылдарда халық саны неге қарқынды өспеді? Бұған жауап табу үшін демография саласынан хабары бар деген азаматтарға хабарластық.

Әлеуметтанушы не дейді?

Өз сөзінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жетекшісі Бақыт Әлмұратов облыс халқының жылына бір пайызға ғана өсіп отырғанын айтты. – Әулиеаталықтардың табиғи өсімінде қозғалыс бар. Бірақ бұл көрсеткіш аса қуанарлықтай жағдайда емес. Жалпы облыста Тараз қаласынан кейінгі ең халқы көп аудан – Қордай. Бұл ауданда 150 мың тұрғын бар. Одан кейінгі орында 115 мың халықпен Байзақ ауданы тұр. Үшінші орында Шу ауданы, мұнда халық саны – 105 мың. Бір айта кетер жайт, халқының өсімі жағынан бір қалыпты тұратын аудан – Мойынқұм ауданы. Бұл ауданда соңғы отыз жылда халқының саны әлі 30 мыңнан жылжымай тұр. Негізі халық санының көбеюіне тікелей әсер ететін фактор – табиғи өсім және көші-қон. Бұл ауданда бала туу көрсеткіші жаман емес. Бірақ тұрғындардың жыл сайын өзге өңірге көшуі есебінен осы аудан халқы өспей жатыр. Жалпы өңір халқының 38 пайызы қалалық жерде тұрып жатса, қалғаны ауылдық елді мекендерге тиесілі. Ал Қазақстан бойынша ауыл халқының саны – 44 пайыз. Әйтсе де халықтың туу көрсеткіші қалалықтарға қарағанда ауылдық жерде көңілге қонымды. Бүгінде Үндістан дүниежүзі бойынша халық өсімі жағынан бірінші орында тұр. Бұл ел экономикасы айтарлықтай дамыған мемлекет емес, бірақ жылына шамамен 52 миллион бала дүниеге келеді. «Халқының жағдайы жоқ мемлекет саны жағынан қалай алдыңғы қатарға шықты?» деп кейбіреулер ойлануы мүмкін. Бұған ол елдің некеге ерте бастан отыруы, жастайынан тұрмыс құрып, отау тігуі себеп болып отыр. Қазақстанда жылына 450 мың нәресте жарық дүние есігін ашады. Осы ретте еліміз бойынша халықтың демографиясына оңтүстік өңірлер айрықша үлес қосып жатқанын айта кетуіміз керек. Елімізде бала туу көрсеткішінің бұдан да жоғары болуына кері әсер ететін факторлар ел ішінде баршылық. Мәселен, халықтың әл-ауқатының, тұрмыстық жағдайының төмендігі, жұмыстың, кәсіптің жоқтығы халықтың туу көрсеткішін шын мәнінде тежейді. Қазақтар, әсіресе ауылдық жердегі тұрғындар жағдайы жоқ болса да «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген нақылға сүйеніп, балаға берілетін жәрдемақыға, жөргекпұлға арқа сүйеп, оны табыс көзі ретінде қарастыру арқылы көбеюге бейім. Бірақ шын мәнінде олай емес. Қай елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмен, сол елдің халық саны баяу өсетіні әлемдік тәжірибеде дәлелденген, – деді ол. Сондай-ақ әлеуметтанушы өңір халқының, жалпы қазақстандықтардың санын көбейту үшін бұған мемлекеттік тұрғыдан арнайы іс-шараларды қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. – Қазақстанда демография ғылымының атасы, елімізде алғаш осы салада зерттеулер жүргізген ғалым-демограф Мақаш Тәтімовтің кезінде айтқан сөзіне сүйенсек, жастардың үйлену, некеге отыру үдерісіне көңіл бөлуіміз керек. Біздің батыс халқына еліктеуіміздің салдарынан бұл үдеріс қазір бұзылды. Қазақстандық жастардың алғашқы некелесуінің орта жасы 1990 жылдары 20-23 жас аралығында болса, 2000 жылдары 25-27, 2010 жылдары 30, 2020 жылғы алғашқы некелесу 30 жастан асты. Яғни жастар дер мезгілінде отау құру мерзімін он жылға кешіктіріп келеді. Бұл ел жастарының сүрбойдақ болып жүріп қалуын көрсетеді. Бұл бала санының төмендеуіне тікелей әсер етеді. Жағдайы жоқ бір отбасы 5 бала тапқанымен, жағдайының жоқтығынан он жігіт отбасын құрмай 10 жыл бойдақ жүрсе, біз сонда қалай көбейеміз? Осы олқылықтарды реттеу үшін отбасылық институттарды іске қосуымыз керек. Елімізде «Сенімен болашақ» деген республикалық отбасылық институт бар. Жақында соның облыстағы филиалының жетекшісімен сөйлестім. Оның айтуынша, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға бір айға «Жас отбасылар» мектебінен өтуге жолдама беріледі екен. Сол арқылы жастар бір ай отбасылық өмірге қатысты семинар-тренингтерге қатысып, кеңестер алып тұрады. Мұның басты мақсаты – еліміздегі жас отбасылардың ажырасуын болдырмау. Бұл құптарлық үрдіс. Осы секілді отбасылық институттарды ары қарай дамытудың пайдасы болмаса зияны жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда мемлекет жас отбасыларға қолдау көрсету, олардың проблемаларын шешу секілді мәселелерге көңіл бөлуі қажет. Мәселен, Түркия елінде 85 миллион халық тұрады. Осы мемлекетте отбасы министрлігі бар. Ал бізде министрлік тұрмақ, отбасы комитеті деген ұғым да жоқ. Негізі білім беру, әлеуметтік қорғау секілді салалық министрліктердің атқаратын қызметі мүлде басқа. Сондықтан бізге жергілікті жерлерде тек отбасы мәселелерімен айналысатын мекемелер қажет. Ал еліміздегі отбасы мәселесін шешу қоғамдық ұйымдар арқылы мемлекеттік тапсырыс аясында бірреттік жасалатын іс-шаралармен бітпейді. Шынтуайтында, халық санының көбеюі үшін отбасы институттарының жұмысын жандандыру және халықтың әл-ауқатын көтеру, некелесу, баланы дүниеге әкелу, оларды әлеуметтендіру мәселесін қолға алмаса болмайды. Мұны қолға алудың мерзімі өтіп бара жатыр. Десе де «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ. Елімізде жастардың саны көп. Сондықтан Білім және ғылым министрлігін екіге бөлгеннен гөрі, отбасы және жастар саясатымен айналысатын министрлік құру қажет еді. Халық санының көбеюі отбасына байланысты болғаннан кейін бұл аса қажетті іс, – дейді Бақыт Әлмұратов. Былтыр 9 айда облыста 5 607 отбасы некесін қиса, 662 отбасы ажырасып кетіпті. Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының деректері бойынша, некені бұзу туралы сот шешімі бұл жерде қамтылмаған. Демек, сот арқылы ажырасқандарды және некесін бұзбаса да бөлек-бөлек тұрып жатқандарды қосса, бұл санның ұлғая түсетіні анық. Сондықтан әлеуметтанушы айтқандай, жас отбасыларға бағыт-бағдар беретін институттар жұмыс істейтін болса, әрине, артық болмас.

Өңірдегі көші-қон жайы қай деңгейде?

Өңір халқының санын көбейту үшін табиғи өсімнен бөлек, өзге облыстан немесе шетелден көшіп келетіндердің тарапынан біздің өңірде тұруға деген қызығушылық болуы керек. Әсіресе шетелдік қандастардың келуіне жағдай жасау – ең маңызды мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», деген болатын. Осы ретте сыртқы көші-қон жайына қаныға түсу үшін облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Еркебұлан Ибрагимовтың пікірін тыңдадық. – Тарихи отанына оралу мақсатында көшіп келуші қандас азаматтар Қазақстан Республикасының Президентінің нұсқауына сәйкес ықтиярхатсыз, яғни жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтығына ие бола алады. Қандас азаматтар қазіргі таңда тұрақты тұрып жатқан жері бойынша көші-қон қызметіне азаматтыққа өтініш білдіреді. Көшіп келуші азаматтарды қағазбастылыққа ұрындырмау мақсатында азаматтыққа өтініш білдіруге қажетті құжаттар тізімі 2 есе азайғандығын хабарлаймыз. Жамбыл облысы бойынша былтыр көшіп келген қандастар саны 867 азаматты құрайды. Аталған азаматтардың барлығы жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылданған. Аталған бағыттағы жұмыстар облыстық полиция басқармасы басшылығының қатаң бақылауында, – деді Еркебұлан Талғатұлы. Қандастар елімізге, оның ішінде өңірге көптеп келуі үшін оларға қандай жағдай жасалып, қандай көмек көрсетіліп жатыр? Біз бұл туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Шыңғысхан Тойбековтен сұрадық. – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы қаулысына сәйкес, «Қазақстан Республикасына қоныс аударған отандастар (қандастар)» көрсеткіші негізінде өткен жылы республика бойынша 14 000 адамға қандас мәртебесін беру көзделсе, оның ішінде облысқа тиесілісі 659 адам. Есепті кезеңде 787 отбасыдан тұратын 1 163 адамға қандас мәртебесі беріліп, яғни көрсеткіш артығымен орындалып отыр. Жалпы қандастарға мемлекеттен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін бастауына мүмкіндік беретін қолдау түрлері бар. Бірақ бұрын қандастарға мемлекет тарапынан арнайы қандай да бір жеңілдіктер берілетін, қазір ондай артықшылықтар алынып тасталды. Бір айта кетерлігі, «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы қаулысына сәйкес Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін қабылдаушы өңірлер болып есептеледі. Қандастарды баспанамен қамту, қаржылай көмек көрсету секілді негізгі қолдаулар аталған өңірлерде көрсетіледі. Егер біздің өңірге келген қандастар кейін сол облысқа көшіп барса, көмек сол кезде ғана көрсетіледі. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жыл басынан есепті кезеңге жұмыс күші тапшы өңірлерге облыстан 161 отбасы, яғни 598 адам қоныс аударды. Оның ішінде Павлодар облысына 53 отбасы (208 адам), Қостанайға 52 отбасы (194 адам), Солтүстік Қазақстан облысына 52 (183 адам), Шығыс Қазақстан облысына 4 отбасы (13 адам) көшіп барды. Қоныс аударушылар арасындағы 275 адам экономикалық жағынан белсенді, яғни жұмыс істеуге қабілетті жастағылар. Олардың 171-і тұрақты жұмыспен қамтылса, 74-і 14-29 жастағылар. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 288 бала балабақша және орта білім беретін мектепке барып жүр. Қоныс аударушы отбасылары толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленеді және олар жалдамалы тұрғын үймен қамтылады. Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбастыларға бір рет 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге материалдық көмек отағасына және әрбір отбасы мүшесіне беріледі. Көшуге материалдық көмек қоныс аударушыға және оның отбасы мүшелеріне олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі. Қоныс аударушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу үшін қалалық жерлерге қоныс аударғандар арасында бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде көмек көрсетіледі. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК мөлшерінде қаржы беріледі. Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді. Ал ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК, отбасында адам саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде ақы төленеді, – деді Ш.Тойбеков. Демек, біздің өңір халқы санының азаюы шетелдіктерден бөлек, сондай-ақ ішкі көші-қон мәселесіне де байланысты екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар