АСҚАР ТАУ АЛАСАРМАЙДЫ
15 қыркүйек – халқымыздың дара перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туған күні. Көзі тірі болғанда қазақтың дана перзенті 100 жасқа толар еді. Қайраткердің 100 жылдығына орай Меркі жерінде екі күн бойы дүбірлеген той, маңызы мол іс-шаралар өтті.
Бірінші күні республикалық ақындар айтысы басталса, ертеңіне азанда Асанбай Асқаровтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Аталған шарада алғаш болып сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қайраткердің елі мен жеріне деген кіршіксіз адалдығы, рухани кемелдігі мен тереңдігі туралы ой қозғады.
Мұнан соң қайраткердің қызы Шолпан Асқарова тебірене сөйлеп: «Біз бүгін үлкен толғаныс үстіндеміз. Бүгін әкемізге жасалып жатқан зор құрметтің куәсі болып отырмыз. Сіздердің, осы елде тұратын барша көпшіліктің ықылас-пейіліне қарап, әкемнің мың жыл жасай беретініне көзім жетті. Анамыз Фатима 98 жаста, Алматыда тұрады. Бұл тойға келе алмағанымен, сіздерге үлкен сәлемін жолдап, рақметі мен ризашылығын бізден айтып жіберді»,– деді.
Келесі кезекте сөйлеген ҚР Халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев бүкіл қазақ даласының қай түкпіріндегі жұртшылықтың да Асанбай Асқаровқа деген құрметі жоғары екенін айта келе, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің тойға деген құрметі мен сәлемін жеткізді.
Мұнан соң іс-шараға қатысушылар Қ.Сармолдаев ауылындағы №1 орта мектепке Асанбай Асқаровтың есімі берілуіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Ал ҚР Президенті архивінің ғылыми қызметкері Аян Жолдасов көпшілікті архивте сақталған Асанбай Асқаровқа қатысты құжаттармен таныстырды. Аталған іс-шарада қадірлі ақсақал Байсейіт Жылысбаев бата берді.
Қайраткердің есімі берілген мектептің мәжіліс залында тұлғаның 100 жылдығына арналған «Аласармас асқар тау» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек сөз алып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтауын оқып берді. Мұнан соң конференцияны жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізіп отырды. Жиында негізгі баяндаманы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Оразалы Сәбден жасады.
«Асанбай Асқаров – Социалистік экономиканы құрушы көрнекті өкіл. Қайраткердің туған дәуірі де аса күрделі болды. Соған қарамастан ол орыс тілінен де тиянақты білім алып, 1939 жылы 17 жасында мектеп оқушыларына орыс тілінен сабақ беруге мүмкіндік алды. Ал 37 жасында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, яғни облыс басшысы деңгейіне көтерілді. Меркі ауданында бірінші хатшы кезінде Шу, Талас өзендерін пайдалана отырып, өңір экономикасын дамытуға күш салды. Астаналық облысты басқарған кезінде Асқаров салдырған «Қазақстан» қонақ үйін, «Медеу» мұз айдынын, Сарбаздар үйі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Ал содан бері Алматыда ешқандай ғимараттың құрылысы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған емес. Осыдан-ақ, Асқаровтың ұйымдастыру қабілеті, абыройы қандай болғанын біле беруге болады. Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда шыны зауытын, қорғасын зауытын жандандырып, индустрия саласының дамуына үлес қосты. Ал қазірде елімізде индустрияның дамуы өзекті. Ол мәселені Асқаров осыдан 44 жыл бұрын көтеруі нағыз мемлекетке деген жанашырлық дер едік. Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы 40 миллион тонна астық құйды, мал өсіру бойынша республика деңгейінде бірінші орынға шықты. Шымкентте салынған саябаққа шетелден неше түрлі жеміс ағаштарын әкеліп отырғызып, өсірді. Адал еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанып, 5 мәрте Ленин орденін иеленді. Осы орайда қайраткердің есімін неге бір ауданға бермеске? Асанбай Асқаровтың өміріне, өнегелі істеріне арнап неге фильм түсірмеске? Жас ұрпақты тәрбиелеуге деген идеология осы емес пе?» деп О.Сәбден өз баяндамасында өзекті мәселені де көтере кетті.
Келесі кезекте мазмұнды баяндама жасаған профессор, академик Хангелді Әбжановтың ойлары да көпшілікті бейжай қалдырмады. «Асанбай Асқаров Жамбыл облысын басқарғанда Таразда үш институттың ашылуына себепкер болды. Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысовты оқушы күндерінен танып, қолдап, жылы ықылас танытты. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романын қолдады. Ол кезде бұл романды қолдау жанып тұрған отқа түсумен бірдей еді. Ақталып келген соң жазған «Ұлы Тұран ұлдары» кітабының шоқтығы биік, тағылымы терең. Асқаров тағылымы жас ұрпаққа үлгі, істері ұзақ жасай береді» деді баяндамашы.
Мұнан соң қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Тшанов, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Президент архивінің директоры Сәбит Шілдебай және өзге де белгілі азаматтар сөз сөйлеп, ой толғады. Бұл жиын жазушы Нұрғали Ораз, ақын Қасымхан Бегманов, қайраткердің қызы Шолпан Асқарованың келуімен де ерекшеленді.
Мұнан соң Меркі аудандық мәдениет үйінде Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры әзірлеген Мархаббат Байқұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты қойылымы көрсетілді. Асанбай рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков, Фатима рөлін дарынды әртіс Индира Мұстафаева шебер сомдады. Өзге де негізгі рөлдерде Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков, Жандар Қырықбаев тамаша ойнай білді. Бұл қойылымда Асанбай Асқаровтың тергеу абақтысында жазықсыз жатқан кездегі қайсарлығы, рухы сынбағаны көрсетілді.
Тұғыры биік тұлғаның 100 жылдығына келген барша қонақтарға арналып, Көккөл демалыс орынында үлкен ас берілді. Қайраткердің рухына арналып Құран бағышталды. Жиын үстінде «Дулат» баба қорының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, «Бәйдібек баба» қорының төрағасы Нағашыбек Қапалбекұлы, бес облыста прокуратура саласын басқарған Әбдір Мәмбетәлиев сөз сөйлеп, қайраткердің терең білімі, тұлғалық қасиетін айтып толғанды.
Мұнан соң Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков сөз сөйлеп, барша қонақтарға алғысын білдіріп, сый құрмет жасады. Сондай-ақ «Меркі әуендері» ансамблі өнер көрсетті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев «Алатаудың тұлғасы» атты Асанбайға арналған әнді (әнін Әбдімомын Желдібаев, сөзін Болат Бекжанов жазған) шырқады. Жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев жырдан шашу шашты.
Мұнан соң барша көпшілік, жиын қонақтары Меркі аудандық мәдениет үйінде өткен «Алаштың арда туған Асанбайы» атты республикалық айтыстың финалын тамашалады. Айтыс басталар алдында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
Мұнан соң айтыс маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен құландық Айбек Тұрсынбай арасындағы сөз сайысымен басталып кетті. Байзақтық Дархан Әбдіманат пен түркістандық Дәурен Ақсақалов та әдемі айтыс жасады. Дархан: «Беу, Дәуке, бұл айтыста абайлашы, Аттамай сүрінбеші мұнарадан, Бір атқа екі кісі мінгескенмен, Ер-тоқымға сияды бір-ақ адам» деді. Ал Дәурен оған: «Керей, Жәнібек хандықты құрды емес пе, Ер-тоқымға таласпай екі бабам» деп әдемі жауап берді.
Жуалылық Қанат Мырзахан мен қарағандылық Ботагөз Мұхитдинова, қызылордалық Нұрмат Мансұров пен байзақтық Рай Дөңбай арасында да керемет жақсы айтыс өрбіді. Қай жұпта да Асанбай Асқаров тұлғасы, қасиеті асқақ жырланып, керемет жыр жолдары болып өрілді.
Айтыстың марапаттау сәтінде Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағы облыстық филиалы төрағасы, айтыскер Ахметжан Өзбеков сөз сөйлеп, екі күндік айтыстың өтуіне, айтыскерлердің өлеңдеріне қысқаша талдау жасап, әр айтыстың қызықты, мазмұнды өткенін атап өтті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (1 миллион теңге) байзақтық Дархан Әбдіманатқа бұйырды. Жүлдені облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тапсырды. Жүлделі бірінші орын (700 мың теңге) түркістандық Дәурен Ақсақаловқа бұйырды. Жүлдеге 500 мың теңге тігілген үш екінші орындарға жуалылық Қанат Мырзахан, құландық Айтбек Тұрсынбай, қарағандылық Ботагөз Мұхитдинова ие болды. Үш үшінші жүлде қызылордалық Нұрмат Мансұровқа, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевқа, байзақтық Рай Дөңбайға табысталды.
Осылайша Алаштың ардақты ұлы Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шара Меркі жерінде дүркіреп өтті.
Есет ДОСАЛЫ