«ДУЛАТИ» УНИВЕРСИТЕТІ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ҒАЛАМАТ ЖОБАСЫ
Газетіміздің 2022 жылғы 24 желтоқсандағы санында «Шаруалар фосфогипсті кәдеге жарата бастады» атты мақала жарияланған болатын. Онда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Минералды тыңайтқыштар зауыты мен Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан шығатын фосфор өндірісі қалдықтарын Жамбыл ауданы шаруаларының егістік алқаптарына пайдаланып жатқаны туралы жазылған. Мақаланы дайындау барысында диқандармен, сарапшы-агрохимик мамандармен пікірлесіп, егістік жердің құнарлылығын арттыруда фосфогипстің ең тиімді тыңайтқыш екеніне көзіміз жете түсті. Әрі фосфогипс ең арзан химиялық мелиорант екен. Сондықтан да ұшан-теңіз пайдасын түсінген облыс диқандары кейінгі жылдарда фосфогипсті егістік алқаптарын тыңайту үшін пайдалана бастады.
Енді алдағы уақытта Тараз қаласының іргесінде тау болып үйіліп жатқан фосфор өндірісі қалдықтары егіншаруашылығында ғана емес, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ғалымдарының ұсынған технологиясының арқасында құрылыс материалын өндіру ісінде де қолданылуы мүмкін.
Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ресми сайтын шолып отырып, «Дулати университетінің ғалымдары фосфор қалдығын қайта өңдеудің тиімді технологиясын ұсынды» деген материалға көзіміз түсті. Оқып, танысып шығып, «Бәрекелді!» дедік. Іле-шала ҚР Ғылым және жоғары ғылым министрлігінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасы, түрлі ақпарат көздері жағымды жаңалықты бір-бірімен жарыса бөлісіп жатты.
Жалпы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы бас директоры Мұқаш Ескендіров осыдан бірнеше жыл бұрын фосфогипс қалдықтарын жол салуға, құрылыс материалын өндіруге де жарайтынын, егер мемлекет тарапынан сол мақсатқа пайдалануға ұсыныс түсіп жатса тегін беретінін жеткізген еді. Алайда кәсіпорын басшысының ұсынысы қолдау таппады. Тіпті қызығушылық танытқан ешкім табылмады.
Араға жылдар салып ұтымды ұсынысқа М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ғалымдарының ден қоя бастағаны қуантып, жобаның жай-жапсарымен танысу мақсатында білім ордасының Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаевты әңгімеге тартып көрдік.
Департамент директорының айтуынша, университеттің ғылыми-тәжірибелік лабораториясында жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйеніп, арнайы жоба дайындалыпты. Егер жоба тиімді жүзеге асатын болса, қоршаған ортаға орасан залалын тигізіп жатқан фосфогипс қалдықтарынан құтылып қана қоймай, облыс бюджетіне мол табыс түсіруге де болатын көрінеді.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыттарынан шығатын қалдықтардың тау-тау болып үйіліп жатқанына талай жылдың жүзі болды. Жыл өткен сайын таудың көлемі де, биіктігі де өсе түсуде.
Фосфогипс калдығын тыңайтқыш ретінде тегін береміз десе де шаруа қожалық басшылары аса қызығушылық танытар емес. Себебі фосфор қалдықтарын сор тартқан жерге болмаса, бәріне бірдей қолдана беруге тағы болмайды. Жерді тыңайтамын деп жүргенде бүлдіріп алуыңыз әбден мүмкін. Ал цемент немесе бетон өндірісіне пайдаланып, жол құрылысына қолдануға қалдық құрамындағы фтор көлемінің көптігі кедергі келтіреді.
Қазіргі таңда зауыттан шыққан қалдық 15 миллион тоннадан асады. Өндіріс орнында екінші цех іске қосылғалы тағы 2,5 миллион тоннаға жуық фосфогипс қалдығы қосылды. Осыған байланысты кәсіпорын басшылығы әкімдіктен қосымша 28 гектар жер сұрап отыр. Шығарындылардың радиациясы аз мөлшерде дегенмен қоршаған ортаға зияны барын ешкім жоққа шығара алмайды.
Көпті алаңдатқан өзекті мәселе бізді де көптен ойландыратын. Ғалымдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде қалдықты 2 кезеңде қыздырып, фторсыздандырып, құрғақ гипс алудың жаңа технологиясы жасалды. Әр кезеңнің сақталуы тиіс технологиясы мен талаптары бар. Себебі химиялық реакцияларды жасауда артық асып, кем түсуге болмайды.
Тиісті кезеңдерден өткеннен кейін әрі қарай өңдеп, цемент өндіре аламыз. Жобаны өндіріске енгізсек, пайдасы көп, – дейді Сейітжан Әуесжанұлы.
Фосфогипсті өңдеп, фторсыздандырудың бірінші кезеңінде қалдық 900 градуста қыздырылғанда 78 пайыз гипске айналады. Ал екінші кезеңде 1,5-2 мың градусқа жеткенде 98,1 пайыз таза гипс алады. Алынған өнімнің 77 пайызын, оған 4 пайыз көмір коксын, 19 пайыз шлак қосса, портландцементін алуға болады. Оны ұнтақтап, тұтынушының сұранысына сай әрі қарай М-400, М-600 үлгісін жасауға да мүмкіндік мол көрінеді.
Алайда жобаны жүзеге асыру үшін алдымен Минералды тыңайтқыштар зауытының жанынан цемент шығаратын өндіріс орнын ашу керек. Ал жаңа өндіріс орнын ашу үшін 2,5 миллиард теңге инвестиция қажет.
– Рас, инвестиция көлемі қомақты. Алайда шығынды бірер жылда-ақ ақтап алуға болады. Алғашқы жылғы табыс бөлек, ал одан кейін жылына 220 миллион теңге табыс табады. Егер кәсіпорын ашылса, облыс қазынасына бір жылда 230 миллион теңге табыс түседі. 45 жаңа жұмыс орны ашылады. Ең бастысы үйіліп жатқан қалдықтан құтылып, пайдаға жаратамыз, – дейді Сейітжан Орынбаев.
Университет ғалымдарының жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Әйтеуір ғалымдардың ғаламат жобасының соңы сиырқұйымшақтанып, су аяғы құрдымға кетіп тынбаса дейміз. Облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілсе, фосфор өндірісі қалдықтарынан құтылып, жұртшылықтың жанына батқан күрделі мәселенің күрмеуі шешіліп-ақ кетер ме еді?! ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі де өңірлік университет ғалымдарының жарқын жобасына көз жұма құрамай, сәтті жүзеге асуы үшін аянып қалмаса игі.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала