МАЛДЫҢ ҚАМЫ – ЖАННЫҢ ҚАМЫ
«Қой қоздап, қорада шу» болатын шаққа әлі ертелеу. Дейтұрғанмен қазір мал қыстату науқанының қызған шағы. Осы орайда Қордай ауданындағы мал қыстату науқанының қалай өтіп жатқанын білмек мақсатта ауылшаруашылық бөліміне хабарласып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстық.
Аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жауапты науқанды ойдағыдай өткізу үшін жедел штаб құрылған. Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев төрағалық ететін штаб мүшелері екі топқа бөлініп, ауа райы күрт бұзылған жағдайда малшы қыстақтарын аралап тұрады. Қажеттілікке байланысты малшыларға тиісінше көмек көрсету де штабқа жүктелген.
Жалпы аудан бойынша 510 қыстау мен малшылар үйі болса, 14-і шалғайда орналасқан. Мал қоралары жаз-күз айларында шаруа қожалықтардың және мал иелерінің өз күшімен жөндеуден өткен. Қыс айларына барлық қажеттілігімен қамтылған.
Өткен жыл мал азығын дайындауға өте қолайлы болғаны белгілі. Нәтижесінде шаруалар өзіне қажетті жемшөбін жеткілікті көлемде дайындап үлгерген. Мәселен, аудан бойынша мал азығын дайындау үшін жалпы 50 145 гектар алқап ораққа түскен. Сонымен қатар 267,8 мың тонна шөп, 15 мың тонна пішендеме, 74,4 мың тонна сабан және сүрлемдік жүгеріден 17 мың тонна дайындалыпты. Әр мал қыстату қоралары кемінде 190-260 тоннадан шөппен, 20-25 тоннадан құнарлы жеммен қамтамасыз етілген.
Аймақ көлемінде малшаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері өздеріне тиесілі егістік жерлеріне арпа және көпжылдық шөп еге отырып құнарлы азықпен қамту аса маңызды. «Кордай Корм» кооперативі осы жұмысты мықтап қолға алған. Аудандағы шаруа қожалықтардан жүгері, бидай, арпа сатып алып, құрама жем қоспасын дайындап, аудандағы малшаруашылықпен айналысатын шаруашылықтарға жылына 2000-2500 тонна сатып келеді.
Сонымен қатар қыс мезгілінде ветеринарлық аурулардың алдын алу бойынша дезинфекция және дезинсекция, қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шаралар лайықты орындалуда.
Аудандағы малшы үйлеріне, қашарларына, баздарына қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы жоспар бойынша дезинфекция және дезинсекция жұмыстары толықтай жасалған. Аудан бойынша жұмыстар Қордай аумақтық ветеринария инспекциясы тарапынан қатаң қадағалауға алынған.
Жандос ОМАРОВ, журналист
Келесі мақала