Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауыл ажары – ел абыройы

Ауыл ажары – ел абыройы
ашық дереккөз
Ауыл ажары – ел абыройы

70 жыл күттірген көгілдір отын

Өрнек ауылы аудандағы іргелі елді мекендердің бірі десек, артық айтпаймыз. Ауыл көшелеріне асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылып, мәдениет үйі еңсе тіктеді. Мұнан бөлек ауылдық амбулаториялық пунктті жөндеуге қаржы қаралып отыр. Ауыл орталығында әмбебап спорт кешені де бой көтеріп келеді. Алланың жердегі үйі – мешіт құрылысы да ауыл азаматтарының демеушілігімен орталықтан салынып жатыр. 2019 жылы қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы да ауылға енгізіліп, жеңілдетілген несиемен кәсіп ашуға ауылдықтар білек сыбана кірісуде. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде көп айтылатын мәселелердің бірі – табиғи газ отыны. Ауылдықтар осы күнге дейін көмір жағудың машақатын әбден тартқан. Тек биыл ғана бұл қиыншылық келмеске кетті. – Өрнектіктер көптен бері көгілдір отынның тілеуін тілеп келді. Биыл аудан басшысының қолдауымен ауылымыз газ желісіне қосылды. Жалпы округте 420 аула бар. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе пеш жағып әбігерге түскен тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың «жылулығын» сезініп отыр, – дейді Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев. Игілікті жұмыстар туралы ауыл қариясы Қойшан Битабаровтан да сұрадық. – Бұл қуанышты қанша жыл күттік десеңізші. Келін болып түскендер газды күтіп жүргенде әже атанды. Біз де бұл жаңалықты қария болғанша күттік. Бастысы – ауылға газ келді. Ауылдықтарды қуанышқа бөлеген облыс, аудан атқамінерлеріне алғысымызды білдіреміз, – дейді қуанышымен бөліскен көнекөз қария. Жалпы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсенбаевтың айтуынша, мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Өрнек ауылын газбен қамту үшін 360 миллион теңге қаралған. Бас мердігер – «AKBARS STORY LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 602 метр газ құбырын жүргізіп, жұмыстар сапалы әрі талапқа сай жасалған.

Мүмкіндігі мол медициналық орталық

Өткен аптада аудан орталығындағы Қойгелді көшесінен «Серпін» медициналық орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов, аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, ауданның Құрметті азаматы, талай жыл ауданда жауапты қызмет атқарған Үміткен Найманова және ауыл азаматтары қатысты. Шарада сөз алған Олжас Елебекұлы медициналық нысандар саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтіп, орталықтың мүмкіншілігі орасан екенін тілге тиек етті. – Бүгінде мемлекетіміз денсаулық сақтау саласына баса назар аударып отыр. Бұған өзіміздің ауданды-ақ мысалға алсақ болады. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Қаракемер ауылында 25 келушіге арналған амбулаториялық пункт пайдалануға берілсе, Жасөркен, Айшабибі ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Ал Өрнек ауылындағы денсаулық сақтау нысанын биыл жөндеуден өткізу жоспарымызға енгізілді. Ал өздеріңіз көріп отырған «Серпін» медициналық орталығының денсаулықты жақсартуға қосар үлесі көп. Орталықтың негізгі басымдықтарының бірі – сапалы медициналық көмек көрсету, кешенді оңалтуға қолжетімділікті қалыптастыру. «Жаны саудың, тәні сау» демекші, орталық ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ шарада Мадияр Әбілханұлы мен Үміткен Қапанқызы да сөз алып, жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Орталықтың лентасын аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, орталық құрылтайшысы Инара Сәрсенқызы және қария Сәрсен Сайлаубаев қиып, орталық кабинеттерін аралап шықты. Аталған медициналық мекеме бір ауысымда 70 келушіні қабылдай алады. Екі қабаттан тұратын ғимарат 74 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған нысанда ересектер мен балаларға жолдама арқылы екінші, үшінші кезеңдегі оңалтуды тегін алады, міндетті медициналық сақтандыру бойынша көмектер көрсетеді. Ем алушыларға барлық жағдай жасалған орталықта физиотерапия, терапия, механотерапия, емдік денешынықтыру, жаттығу залы, массаж, эрготерапия бөлмелері бар. Сондай-ақ реабилитолог, психолог, логотерапевт, педиатр, гинеколог дәрігерлер кеңес береді.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар