Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШЕРХАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ТАЛДАУ БІР ШАРАМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

ШЕРХАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ТАЛДАУ БІР ШАРАМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ
ашық дереккөз
ШЕРХАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ТАЛДАУ БІР ШАРАМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыс бойынша кәсіби даму институтының филиалы «Шерхан шығармаларын оқыту және талдау» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді. Семинардың басты мақсаты – Шерхан шығармашылығының жаңашылдығы мен тәрбиелік мәнін сараптау, халық жазушысының тіл қолданысын зерттеп, зерделеу. Жоғары оқу орындары ғалымдары мен білім беру ұйымдарының педагогтары қатысқан шараны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары Шынар Тайғанбекова ашып, алғы сөз сөйледі. Әрмен қарай жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері әртүрлі тақырыпта баяндамасын жасады. Баяндамашылар алда жазушының шығармашылығын жас ұрпаққа жеткізудің жолын көрсетіп, өздерінің ұсыныстарымен қатар, жасаған бағдарламаларын да ортаға салды. Семинарда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлы «Мемлекеттік тіл және Шерхан Мұртаза» атты баяндамасын жасады. Ал облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Ерман Әбдиев Шерхан Мұртазаның өткен жылы жарық көрген «Ауылды, сені сағынам» екі томдығында жарық көрген күнделіктеріндегі қайраткерлік жолы, азаматтық болмысы хақында және осы еңбекті құрастыру барысында жинақтаған мұрағаттар жайында әңгімелеп, Шерағаның өміріне қатысты құнды деректермен бөлісті. Сондай-ақ Шерхан шығармашылығы жайында ізденіп жүрген Шерхан Мұртаза атындағы №30 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Балжан Махамедова да өз ойымен бөлісті. – Қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті жазушы, публицист, қайсар тұлға Шерхан Мұртаза шығармашылығының бастауы журналистикадан келді. Журналистік қызметі қандай қарбалас, ауыр болса да Шерхан аға жазушылықтан қол үзген жоқ. Бірақ «Журналистің жұмысы – кейде жазушыға дос, кейде қас» деп кетті. Ш.Мұртазаның мектеп бағдарламасында оқытылған «Қызыл жебе» романы, «Интернат наны» шығармалары балалар өмірінен ғана емес, тұтас бір халықтың басынан өткен тағдыр шындығын бейнелей алды. Соғыстан кейінгі жылдардағы ел өмірінде түрлі оқиғалар көркем тілмен шебер бейнеленіп берілген шығармалары қазақ көркемсөз өнеріне ерекше құнды еңбектер болып қосылды. Жазушы өз шығармаларында халық өмірін, әсіресе ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін мейлінше толық, жан-жақты, нақты суреттейді, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы арқылы олардың мінезін, өмірлік мақсат-мұратын шебер бейнелеп бере алған, – деді Балжан Махамедова. №57 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары Айнұр Дінжанова мен Қалдыгүл Ералиева да өз ойларын ортаға салды. Әрине, «жүректен маржан іздеген» қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның мол мұрасын насихаттау мұнымен аяқталмақ емес.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар