Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨРТЕНГЕН БАЗАР, ЗАР ИЛЕГЕН САТУШЫ

ӨРТЕНГЕН БАЗАР, ЗАР ИЛЕГЕН САТУШЫ
ашық дереккөз
ӨРТЕНГЕН БАЗАР, ЗАР ИЛЕГЕН САТУШЫ
Соңғы кездері базарлардың отқа орануы жиілеп кетті. Алысқа бармай-ақ, өткен аптада Тараз қаласындағы Әл-Фараби көшесінің бойында орналасқан «Ақсай» базарында орын алған өрт оқиғасын еске алайықшы. Ұлы сәске кезінде басталған өрт салдарынан базардың екінші қабатында орналасқан жалпы аумағы 1 050 шаршы метрді құрайтын 44 дүңгіршекке зақым келген. Тараз қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 90 кәсіпкер шығынға батқан. Екі ай бұрын облыс орталығындағы «Береке» базарынан да өрт шығып, саудагерлер айдың-күннің аманында сарсаңға түсті де қалды. Жалпы өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бүгінгі күнге дейін облысымыздағы 5 базарда өрт оқиғасы тіркеліпті. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыс бойынша 39 базар (Тараз қаласында – 16, аудан орталықтарында – 23) түрлі бағытта халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде халықтың басым көпшілігінің тауарларды базардан сатып алатыны белгілі болған. Сондықтан базарлардағы қызмет көрсетулердің заманауи талаптарға сай болуы, тазалық, тәртіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған сақтық шаралары мен құрылыс нормаларының сақталуы күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Базарларды ретке келтіру мәселесі облыс әкімдігінде талай жиынның негізгі арқауына айналып, тиісті мемлекеттік органдарға, кәсіпкерлерге олқылықтарды жою мақсатында нақты тапсырмалар берілгенін көз көріп, құлақ естіді. Алайда айтылған мәселе, берілген тапсырма айтылған жерінде қалып қойып жатқан сыңайлы. Егер тапсырма тиянақты орындалып, жауапты органдар сыннан нақты нәтиже шығара білсе, базарлар отқа оранып, саудагерлер зар илеп қалмас еді. Әрине, әлдекімге мін тағып, жосықсыз кінәлау оңай. Сондықтан көлеңкеге қарап көйлек пішкеніміз жарамас деп тиісті мемлекеттік органдардағы жауапты басшылармен, кәсіпкерлермен тілдесіп, көкейдегі көп сауалымызға жауап іздеп көрдік. Алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өткен жылдың қорытындысы бойынша ұсынған мәліметтеріне назар аударалық. Департаменттің мемлекеттік өрт сөндіру басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, 2022 жылы облыс аумағында 753 өрт оқиғасы (2021 жылы – 667) тіркеліпті. Өрт салдарынан 8 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алыпты. Материалдық шығын 132 миллион 407 мың теңгені құраған. 2021 жылмен салыстырғанда өрттің саны 13 пайызға, материалдық шығын сомасы 2,3 есеге өскен. Ал адам өлімі 4,6 есеге, жарақат алғандар 10 есеге кеміген. Өрттің басым көпшілігі тұрғын үй секторы (69 пайыз) мен автокөлік құралдарында (22 пайыз) орын алған. Сондай-ақ өртке жол берген 760 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 161-іне 4 миллион 249 мың 912 теңге айыппұл салынса, 599-ына ескерту берілген. – 2022 жылы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері шаруашылық жүргізуші субъектілерге 2 090 өрт-техникалық тексеру жүргізді. Тексеру барысында 11 419 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу деректері анықталды. Сонымен қатар тексеру нәтижесі бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 1 662 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 505 тұлғаға 20 миллион 414 мың 895 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 147 тұлғаға ескерту берілді. Айыппұлды өндіру 99 пайызды құрады. Бұрын анықталған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдаманы орындамау бойынша әкімшілік сотқа 148 әкімшілік материал жолданды. Нәтижесінде бүгінгі күні 131 әкімшілік материал бойынша сот жалпы сомасы 34 миллион 293 мың 961 теңге айыппұл салды. Айыппұлмен қатар 28 объектіні 30 тәулікке пайдалануды тоқтату туралы шешім шығарылды және 17 әкімшілік материал соттың қарауында, – деген Мақсат Әшірбайұлы өткен жылғы өрт оқиғалары туралы деректерді қысқаша баяндап, көп жағдайда тілсіз жаудың адамдардың немқұрайдылығынан орын алатынын да жасырмады. Мәселен, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуынан – 447 (59 пайыз), тұрғындардың отты пайдалану кезіндегі салғырттығынан – 147 (19 пайыз), пештерді орнату және пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан – 65 (8 пайыз), ата-аналардың балаларды дұрыс қадағаламауы себебінен – 39 (5 пайыз), қасақана – 50 (7 пайыз) және 5 өрт оқиғасы (1 пайыз) басқа да себептермен тіркелген. – Жуырда ғана Тараз қаласындағы «Ақсай» базарында өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 64 қызметкері мен 17 техника жұмылдырылды. Өрт 14:29-да оқшауланып, 14:56-да толығымен сөндірілді. Өрт салдарынан сауда үйінің шатыры мен 44 бутик жойылды. Қазіргі таңда оқиғаның себебін анықтау мақсатында өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуының салдарынан шыққан. Әлі де анықталу үстінде. Негізі базарларда өрт қауіпсіздігі талаптары сақтала бермейді. Атап өтер болсақ, тексерулер кезінде өрт дабылы қондырғысының жұмыс істемеуі, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жоқтығы және негізгі өту жолдарын бетон блоктармен жауып тастау секілді кемшіліктер анықталды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда өрт сөндіру техникасы ішке кіре алмайды. Бетон блокты алып тастау үшін қаншама уақыт жоғалтады. Одан бөлек эвакуациялау жолдарына түрлі тауарларды қойып, жауып тастаған. 2021 жылы шағым бойынша «Ауыл-Береке» базарына тексеру жүргізілді. Сол кезде де жоғарыда аталған кемшіліктер анықталды. Тіпті өрт сөндіру гидранттарының үстіне сауда бутиктерін қойып тастаған. Тексерудің қорытындысы бойынша, кемшіліктердің барлығы жойылды. Бірақ кейін өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзушылықтар қайтадан орын алуда. Бір сөзбен айтқанда, базарларда қауіпсіздікке тиісті деңгейде мән берілмейді. Сол үшін базарларды талапқа сай ету аса маңызды. «Grand bazаar» секілді үлкен сауда кешендері соғылса, қауіп сейіліп, өзекті мәселенің түйіні тарқатылады, – дейді М.Әкімбаев. Базарларда өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі ҚР «Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» Заңында да нақты жазылған. «267. Базарларды ашық алаңдарда немесе ғимараттарда (құрылыстарда) орналастырғанда келесі өрт қауiпсiздiгi шаралары орындалады: 1) ашық базарлардағы сауда қатарларының жабындылары жанбайтын материалдардан жасалады; 4) сауда қатарлары арасындағы өтетін ашық жолдарды матамен, қағазбен, үлдiрмен және басқа жанғыш материалдармен жабуға болмайды. 268. Базарларды басқа мақсаттағы ғимараттар бөлігінде немесе оларға іргелес құрылыстарда орналастыруға жол берілмейді» деп, соқырға таяқ ұстатқандай нақты көрсетілген. Заң талаптары мен нормаларының қалай орындалып жатқанын білмек мақсатта Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» және «Береке» базарына барып, ахуалды өз көзімізбен көріп қайттық. Облыс орталығындағы ең ірі 2 базардың жағдайы бұрнағы жылдармен салыстырғанда оңалған. Дегенмен бейберекетсіздік әлі де жалғасып жатқаны бірден байқалады. Көрген-баққанымызды түйіндеп айтқанда, заң нормалары сақталмаған. «Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлу-ай» деп халық әнінде айтылғандай, егжей-тегжейлі баяндамасақ та арғы жағын өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар. Ал базар әкімшілері өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. – Жыл басынан бері кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нұсқама берілуде. Төтенше жағдайға жол бермеу мақсатында өрт сөндіру құралдарын, өрт қалқандарын толық тексеріп шықтық. Мерзімі өткендерін ауыстырдық. Эвакуациялау жолдарының барлығын ашып қойғанбыз. Сонымен қатар 17 өрт сөндіру гидранты жұмыс істеп тұр. Басқа базарларда өрт сөндіру гидранты санаулы ғана. Мәселен, былтыр «Береке» базары өртенгенде суды біздің гидранттан алды. Айрықша атап өтерім, бізде ерікті өрт сөндірушілер командасы жұмыс істейді. Егер қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, тиісті мамандар жеткенше алғашқы көмек көрсетеді. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтағандықтан болса керек, 5-6 жылдың көлемінде біздің базарда өрт оқиғасы тіркелген жоқ, Лайым, тіркелмей-ақ қойсын, – дейді «Ауыл-Береке» базарының бас инженері Амангелді Ажмаханов. «Береке» базарының хатшысы Жейде Қонышбаева да қауіпсіздікке ерекше мән берілгенін жеткізді. – Өткен жылғы өрттің шығу себебі – сауда нүктесін жалға алған кәсіпкер бәліш пісіріп, майын сол күйі қалдырып кеткен. Күзетші жеткенше өрт күшейіп кеткен. Сондықтан тиісті шараларды қабылдадық. Оған дейін де қауіпсіздік мәселесін назарымыздан тыс қалдырған емеспіз. Мәселен, кәсіпкермен келісімшартқа отырғанда өрт сөндіру құралдарының болуы талаптарда нақты жазылады. Әрбір контейнерде өрт дабылы қондырғысы жұмыс істеп тұр. Өрт сөндіру гидранты да бар. Өрт сөндіру көлігі келген кезде негізгі жолдар ашық болады. Жолға ешнәрсе қойғызбаймыз. Әр бейсенбі сайын өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді Жейде Қонышбаева. PS. Жоғарыда айтып өткеніміздей, базарларды заман талабына сай етіп, қызмет сапасын жақсартуға кейінгі бірнеше жылда барынша басымдық берілуде. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алмақ. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың сөзіне сүйенсек, облыс орталығында орналасқан 9 базарды Қазақстан Республикасының сауда саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестендіру үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қолға алыныпты. Осы мақсатта базар басшылықтарымен бірлесе отырып, әрбір базар бойынша қайта жаңғыртудың жол картасы әзірленіп, бекітілген. 2022 жылы Тараз қаласында екі базар толығымен жаңғыртылған. Ал 2023 жылы 3 базарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі екен. Егер шынымен-ақ басқарма басшысы айтқандай базарлардың сәні мен мәні, сәулеті мен дәулеті келісіп, жаңғыртылып жатса, қандай ғанибет? Әйтеуір соңы сиырқұйымшақтанып, тағы да айтылған сөз айтылған жерінде қалып қоймаса игі.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар