Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
ашық дереккөз
ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Бүгін Тараз қаласы әл-Фараби көшесінің бойында орналасқан «Ақсай» базарында өрт оқиғасы орын алды. Өрттің салдарынан базардың екінші қабатында орналасқан жалпы аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын 44 дүңгіршекке зақым келіп, кәсіпкерлер шығынға батты.  Осы мәселеге орай қала әкімі Б.Орынбеков, қала прокуроры Ж.Сматов, Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ә.Сарбатов және қалалық полиция департаментінің бастығы А.Мадимаров «Ақсай» базарындағы өрттен зардап шеккендермен (дүңгіршек иелері, кәсіпкерлер мен сатушылар) арнайы кездесті. Әуелі Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ә.Сарбатов оқиғаның мән-жайына тоқталды. – Бүгін сағат 13.22-де Тараз қаласындағы Әл-Фараби көшесі, №7/1 мекенжайында орналасқан «Ақсай» базарында өрт оқиғасы тіркелді. 13.26-да өрт сөндіру қызметкерлері оқиға орнына жетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 64 қызметкері мен 17 бірлік техникасы жұмылдырылды. Осылайша өрт 14.29-да оқшауланып, 14.56-да толығымен сөндірілді. Өрт салдарынан сауда үйінің шатыры мен 44 бутик жойылды. Алдын ала мәлімет бойынша 90 кәсіпкер шығынға батқан, – деді басқарма бастығы. Ал қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаровтың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты ҚР Қылмыстық Кодексi 292-бабы «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша іс қозғалған. Сондай-ақ оқиғаның алдын ала себебін анықтау мақсатында 2 тергеу тобы құрылып, өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Бұл жердегі кәсіпкерлер тарапынан көтерілетін негізгі сұрақ шығын мен залал мәселесі екені белгілі. Осы тұрғыда қала прокуроры Жамбыл Сматов: «Сіздер, құрылған тергеу тобының мүшелеріне кәсібіңізге қатысты барлық мағлұматты, оның ішінде құжаттар мен келісімшарттарды, тауар саны мен көлемі туралы мәліметті ұсынуларыңыз қажет. Нәтижесінде шығын көлемі толыққанды есептелетін болады», – деді. Шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлының сөзінше, 2022 жылы 15 желтоқсанда сауда орындары басшылығының қатысуымен өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары бойынша арнайы басқосу өткізілген. Жиын барысында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ә.Сарбатовтың тарапынан сауда орындарындағы кемшіліктер мен оларды жою бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Аталған ұсыныстар негізінде хаттама толтырылып, тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік нысан басшыларына жолданған. Сол жиында «Ақсай» сауда орталығының қауіпсіздік мәселелері бойынша жауапты өкілі де қатысқан болатын. Өкінішке орай, бүгінде осындай жағдай орын алуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес зардап шеккендерге өз кәсібін жалғастыру үшін қаладағы өзге сауда орындарынан уақытша орын ұсыну қарастырылуда. Сонымен қатар, кәсіп үшін алған несиесін шегеру мен уақытша тоқтату жұмыстары бойынша банктермен келіссөздер жүргізіледі. Тергеу жұмысы толық аяқталғанша базар жұмыс істемейді. Сараптама қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге келген шығын көлемі толық есептелінеді, – деген шаһар басшысы «Ақсайдағы» алапат өртке қатысты барлық мәселе жеке бақылауында болатынын баса айтты. Жиын соңында қала әкімдігінің қызметкерлері мен өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер бірлесе арнайы белсенді топ құрды. Бұл топ өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге барлық жағдайды, қажеттілік пен сұранысты жеткізетін болады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар