Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үй ЖАҒДАЙЫНДА ДА ҮЛКЕН ТІРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУҒА БОЛАДЫ

Үй ЖАҒДАЙЫНДА ДА ҮЛКЕН ТІРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУҒА БОЛАДЫ
ашық дереккөз
Үй ЖАҒДАЙЫНДА ДА ҮЛКЕН ТІРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУҒА БОЛАДЫ
Өңірде өңдеуөнеркәсібіне жіті ден қойып, шағын цех болса да ашып, сүт және сүт өнімін өндірумен айналысып жатқан кәсіпкерлердің қарасы көп емес. Ал қолдан ірімшік жасап, тұтынушыға ұсынатындарды тіптен жоқ деуге болады. Бұл тақырыптың таңдалып алынуына кейінгі кезде табиғи ірімшікке (сыр) деген тұтынушылар сұранысының айтарлықтай артуы арқау болып отыр. Әйтсе де біз Жамбылда табиғи таза өнімді жасауды алғашқылардың бірі болып қолға алған адамды білеміз. Ол – Ирина Канохова. Түркия, Египет, Ливан, Грузия мен Италияға танымал халлуми, фета, сулугуни, брынза, моцарелла және рикотта іспетті ірімшіктер қазір облыс тұрғындарының сұранысына ие. Ирина бұлардың барлығын қаймағы арылмаған таза сүттен әзірлейді. Бұл кәсіпті бастамас бұрын тараздық іскер келіншек танымал ірімшік жасаушылардың шеберлік сабақтарына қатысыпты. Жай ғана ас үйге қатысты керекті кеңес алуы үшін барған шеберлік сағаты оның ірімшік (сыр) әзірлеуге деген қызығушылығын оятып, пайдасы мол кәсіппен айналысуға итермелейді. Кейіпкеріміз өзінің шеберлігін шыңдау мақсатында шетелдік авторлардың ірімшік жасаудың қыр-сыры жайлы жазған кітаптарын қызығып оқиды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағында белді кәсіпкерлермен бірге ірімшік әзірлеу туралы Instagram, Facebook арқылы ұйымдастырылған талқылауларға қатысып тұрады. Ойлана келе сүт өнімінің осы түрін өндіруге ден қойған Ирина еліміздегі мамандармен қатар, Ресейдің ірімшік жасаушыларымен де байланыс орнатады. Ал арнайы ірімшік жасау әдісін ол шетелдіктерден сатып алыпты. Ғаламтор арқылы да жиі ізденген. – «Негізі мен кондитерлік өнімдер пісіретінмін. Ол тауарға да тұтынушылардан түсетін сұраныс артып, кең ауқымда тапсырыс қабылдайтын дәрежеге жеттім. Алайда үйдегі немерелерім тәттіге аса құмартып, тамақ ішпей жүрді. Содан кейін олардың денсаулығына пайдалы тағамдар жасау керектігін ойлана бастадым. Уақыт өте келе ғаламтордан қолдан жасалатын ірімшіктерді көрдім. Нұр-Сұлтан қаласына барып, шеберлік сағатынан өттім. Табиғи ірімшіктерді үй жағдайында жасайтындар біздің өңірде өте аз, тіпті, жоқ десек те болады. Өзім ірімшік әзірлеумен 4-5 жылдан бері айналысып келемін. Әу баста отбасым, туған-туыстарым үшін жасап жүрдім. Үй жағдайында өндірген табиғи өнімім ел арасында әлеуметтік желі (cheese_v_taraze) арқылы тарап, тапсырыс арта бастады, – дейді ол. Қандай бұйым шығарсаң да оған шикізат қажет екені белгілі. Кейіпкеріміз сиыр сүтін қала шетіндегі шаруа қожалықтарының бірінен сатып алуды дағдыға айналдырған. Ол 10 литр сүттен 1 келі ірімшік шығарады. Кәсіпкердің айтуынша, ірімшік жасаудағы ең маңызды жайт – табиғи сүт. Өйткені нарықта ірімшікке еш қатысы жоқ ірімшіктік өнімдер көп кездесіп жатады екен. Ол ірімшік өнімдерінің бағасы жағынан арзан болғанымен оның әзірлеуіне сүттің орнына өсімдік майлары қолданылатын көрінеді. Кейіпкеріміз ұсынған ассортиментте экзотикалық ірімшіктердің оншақты рецептісі бар. Ол негізінен осы уақытқа дейін тұтынушыларға италиялық моцарелла, кипрлік халумми, француздық нешатель, альпі ірімшіктерін, йогурт, дәнді сүзбе ұсынып келеді. Қазіргі таңда Ирина элиталық ірімшікті жасап үйреніп жүр. Ол өз ісі жайлы бізбен әңгімелесе отырып: «Түрлі қиындықтағы ірімшікті әзірлей аламын. Мәселен, моцарелла, чечил, качокавалло, фета секілді, Pasta filata атты созылмалы, брынза сынды жұмсақ ірімшіктер мен дайындалуы көп уақытты алатын пармезан сияқты өнімдерді де еш қиындықсыз жасаймын. База мен теория болса, эксперимент жасаудан қорықпау керек. Аталған табиғи өнім сапалы болуы үшін теориялық білім мен тәжірибе қажет. Бастысы сүт ірімшік жасауға жарамды болса болғаны. Негізінен сүтті арнайы құжаты бар шаруа қожалықтан сатып аламын. Өнімді дайындау барысында сүтті пісірмеймін. Оның ұйытқысын Алматыдан арнайы алдыртамын. Менің ірімшіктерім дүкендегідей ұзақ сақталмайды. Таза сүттен жасалғандықтан ең көбі бір апта ғана шыдайды. Мәселен, моцарелланы бес күннен асырмай пайдалану керек», – деді Ирина Григорьевна. Табиғи таза өнім қай кезде де үлкен сұранысқа ие. Иринаның ірімшіктері де облысқа танымал. Тіпті біз өзіміз білмесек те, шебердің ірімшіктерінен дәм татып көрген болуымыз ғажап емес. Себебі кәсіпкер қаладағы «Фиркан», «Дәмді себет» дүкендер желісімен, шаһардағы ірі мейрамханалармен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Әлеуметтік желі арқылы түсетін тапсырыстар та жетіп артылады. Тек облыс көлемінде ғана емес өзге өңірлерден де Иринаның ірімшігін арнайы тапсырыспен алдыратын тұрақты тұтынушылары бар. Тұтынушылардың барлығының да дәмді өнімге деген бағасы жоғары. Маманның айтуынша, жасалуы жағынан қиыны моцарелла ірімшігі. Сүт өнімінің бұл түрін жасауға 2 сағаттай уақыт қажет. Болмашы ғана қателікке жол берілсе еңбек еш кетіп, сүт рәсуа болады. Ал брынза мен фетаның жасалу технологиясы әлдеқайда оңай. – Ірімшік әр уақытта әртүрлі шығады. Бірнеше рет 20-30 литр сүтімді бүлдіріп алғаным бар. Ашыған сүттен ірімшік шықпайды. Менің жасап жүргенім жұмсақ ірімшіктер. Кейде «Гауда» секілді қатты ірімшіктерді сұрайтындар бар. Алайда ондай қымбат ірімшіктерді жасау үшін әлі көп үйреніп, тәжірибе жинауым қажет. Осының өзінде облыстан, өзге өңірлерден түсетін тапсырыс көп. Алда кәсібімді кеңейтсем деген ойым бар, – деді ол. Кәсіпкер түрлі тағамдар әзірлеуді жас күнінен бастапты. Үйдегі өзге әпке-сіңілілеріне қарағанда оның аспаздыққа қызығушылығы жоғары болған екен. Грузия мен Италия елдерінің танымал ірімшіктерін дайындап, сапалы өнімдерімен облыс тұрғындарын қуантып жүрген кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, жеке дүкенін ашуды жоспарлап жүр.  width=
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар