АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ: Қордайлық жас өз кофеханасын ашты
Декреттік демалыс – көптеген нәзікжандылар үшін екінші демі ашылып, бұрыннан ойға алған арманын іске асыруға таптырмас уақыт. Әсіресе бала тәрбиесімен отырған қазіргінің қыз-келіншектері үйде бос жатпай, жеке ісін дөңгелетіп, жарының бір жағына шығысуды жөн санайды.
Осындай жандардың бірі – Қордай ауданының тұрғыны Раушан Жұмабаева. 27 жастағы келіншек жуырда аудан орталығынан кофехана ашты.
Жас кәсіпкер кофеханасына «Yum-yum coffee» деген атау берген. Бұл ағылшын тілінен аударғанда дәмі тіл үйіретін кофе деген мағынаны білдіреді. Бұл жерден сіз хош иісті сусынды ғана емес, ыстық шайды да, пештен жаңа шыққан круассан мен тәтті десерттердің түр-түрін де өзіңізбен ала кетсеңіз болады.
Раушанның негізгі мамандығы – экономист. Мамандығы бойынша Алматы қаласында бірнеше жыл жұмыс істеген. Кейін тұрмыс құрып, содан соң декреттік демалысқа шығады.
– Бұрын банк саласында қызмет істедім. Сонда күнделікті таңертең ыстық кофе ішуді әдетке айналдырдым. Хош иісті сусынды ішіп отырып, келешекте жеке кофеханам болса деп көп армандайтынмын. Декреттік демалыста осы арманым мақсатқа айналып, оған жету жолында әрекет етіп, міне, бүгін көздегеніме жетіп отырмын. Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында мемлекеттен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, қоғамдық тамақтандыру орталығына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Құрал-жабдықтардың сапалысын алу үшін қосымша тағы несие алуға тура келді. Қайтарымсыз грантқа ие болғанымда ісімді алып кететініме сенім де арта түсті. Мен секілді кәсіп ашқысы келген жастарға қолдау болатын мемлекеттік бағдарламалардың барына рақмет! – дейді жас кәсіпкер.
Ш.ӘБДІРҰЛЫ
Келесі мақала