Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақбұлымда ауқымды істер атқарылды

Ақбұлымда ауқымды істер атқарылды
ашық дереккөз
Ақбұлымда ауқымды істер атқарылды
Таразға шығыстан кіріп келе жатқанда сол жақ қапталда Ақбұлым атты шағын ғана ауыл бар. Бұл ауылдың тарихы да тым тереңде. Сонау II ғасырдағы қытай тарихшысы Сьюань-Цзаньнің жазбаларында Ақбұлым ауылы туралы деректер кездеседі. Тамыры тарихтың тереңінен сыр шертетін бұл ауылдың бүгінде тіршілігі де көңіл көншітерлік-ақ. Ауылдың Ақбұлым аталуы да кездейсоқ емес. Кезінде Күнгей Алатаудың төменгі сілеміндегі Ақтаудың етегіндегі Қамыстыбұлақ шатқалынан шыққан бұлақ сулары мен Сарыбұлақтан аққан арналар бір тоғанда тоғысып, толып аққан екен. Сөйтіп, Талас өзеніне құйып отырған. Қазір сай-саладағы су арналарының орны аздап сақталған. Міне, осы Талас өзені мен оған Ақбұлым жақтан қосылатын арналардың маңын таңғы уақытта ақ бу басып, бұлыңғыр тартып тұрса керек. Осыған байланысты «Ақбұлым» атанған деген ауызша тарих қалған. Арғы-бергі тарихы «Жетітөбе», арыда «Ақыртас», оңтүстік-шығысында «Ботамойнақ» пиктограммасымен, «Қарауылтөбе», «Қарасай», «Қамыстыбұлақ» шатқалындағы тастардағы таңба бейнелермен, бар болғаны ауылдан мың метрдей жердегі «Төменгі Барысхан» ежелгі қаласымен біте қайнасқан көне мұраларға бай тарихи ауыл – Ақбұлымда бүгінде 722 түтін бар. Онда 4 022 адам тұрады. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, ауылда жерасты суының көтеріліп кетуі ақбұлымдықтар үшін бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналған еді. Халықтың өтінішін назарға алып, айтылған ұсыныс-тілектерді орындау – жергілікті биліктің басты мақсаты. Өткен жылдың басында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Тараз қаласының маңында орналасқан Ақбұлым ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізген. Сол жиында жергілікті тұрғындар 4 көшеге асфальт төселсе, «Төрегелді» дренажды каналы тазаланса, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші мен балалар ойын алаңы жарықтандырылса, кіші футбол алаңына жасанды төсеме төселсе деген талабын айтқан болатын. Өйткені ондағы кейбір көшелер көп жылдан бері жөндеу көрмеген және ауылдағы әлеуметтік нысандарға апаратын жол нашар еді. Ауылдықтардың өтінішін назарға алған аудан басшысы аталған шаруаларды атқару жыл ішінде қолға алынатынын жеткізген-ді. Бүгінде ақбұлымдықтар көтерген мәселе толықтай орындалып отыр. Ауылшаруашылық саласында өзекті мәселенің бірі – егіншаруашылығын дамыту. Ағын суды тиімді пайдалану және гидроқұрылымдардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында «Қазсушар» мекемесі тарапынан биыл «Базарбай» каналының 6 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Осыдан 3-4 жыл бұрын Ақбұлым ауылынан 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынған. Ол қазір халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп тұр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімінің бастамасымен былтыр Ақбұлым ауылдық кітапханасы жанынан цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған. Округте жалпы 3 шағын футбол, 1 «Street Workоut», 1 балалар ойын алаңы бар. Балалар ойын алаңын орнатуға 1 миллион 800 мың 500 теңге қаралып, қаржы толығымен игерілді. Шағын футбол алаңын салуға 4 миллион 672 мың 400 теңге қаралды. «Street Workоut» алаңшасын орнату үшін 2 миллион 159 мың 400 теңге жұмсалды. Ақбұлым ауылында 2021 жылы салынған шағын футбол алаңына жасанды төсеніш (газон) төсеуге, көрермендерге арналған орындықтар қойып, жарықтандыруға құжаттары әзірленіп, аудан әкімдігінен қолдау табылып, қажетті қаражат бөлінді. Нәтижесінде тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа ауызсу жүйесі жобаға сәйкес 638 аулаға жүргізіліп, қолдануға берілді. Биыл ауылдағы Ахмет Төлебеков, Тұрсынбек Дүйсенбаев, Бес ана көшелеріне ауызсу құбыры тартылды. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп жатқан жаңа Ахмет Төлебеков көшесіне техникалық негіздеме алынып, газ құбыры тартылды. Округ аумағында жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 22 көше бар. Оның ішінде 8 көшеде асфальт болса, 1 көшенің асфальты тозған, 10 көше қиыршық тасты. Өткен жылы Органов, Абай көшелеріне қиыршық тас төселіп, Түркістан көшесі асфальтталса, осы жылы Дербіс болыс (5,120 метр), Жеңістің 40 жылдығы (595 метр), Желтоқсан (585 метр) және Төрегелді (405 метр) көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дербіс болыс көшесіне 23 миллион, Жеңістің 40 жылдығы көшесіне 12 миллион 606 мың теңге, Желтоқсан көшесіне 9 миллион 558 мың теңге, Төрегелді көшесіне 5 миллион 456 мың теңге жұмсалды. Көшені жарықтандыру жағдайына келетін болсақ, елді мекенде ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын төрт көшеге жарық берілген. Осы жылы Жібек жолы көшесін және саябақты жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар тарапынан бірнеше мәрте көтерілген жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімдерін беру, ауыл көшелерін жөндеу және көше жарықтандыру мәселелері ұдайы көтеріліп отырған. Биыл төрт көшеге жөндеу жұмыстары, саябақтың ішін жарықтандыру, Жібек жолы көшесінің жарықтандыруын жөндеу, шағын спорт алаңын жөндеу, Төрегелді каналын тазарту, Ахмет Төлебеков, Тұрсынбек Дүйсенбаев, Бес ана көшелерінің ауызсу құбырын тарту жұмыстары атқарылды. Балалардың уақытын тиімді пайдалану үшін саябағымызға және кіші футбол алаңына жасанды төсеніш төселді. Ең бастысы, тұрғындар жасалған игіліктерді сезініп отыр. Ауыл тұрғындары бірнеше рет жабық спорт кешенін, ауылдық клуб салуға өтініш білдірген. Қаражат қаралса, бұл мәселе де шешімін табар. Келер жылы Ақбұлымда құны 15,3 миллион теңгені құрайтын көкөніс сақтау қоймасы салынбақ. Құны 6,6 миллион теңге болатын жылыжай салу жұмысы 2024 жылға жоспарлануда. 2025 жылы да дәл осындай құны 6,6 миллион теңге болатын жылыжай салу көзделуде. Ауыл ажарын ашу жергілікті биліктің басты мақсаты болып отыр. Ал тарихпен етене байланысқан Ақбұлым ауылына әкім болу мен үшін үлкен жауапкершілік болып қала бермек. Тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, тарихи өңірді түрлендіруге бар күш-қайратымды жұмсайтын боламын.

Ердос БЕЙСЕНОВ, Ақбұлым ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар