Балықшылар бақ сынаған БӘСЕКЕ
Бұрындары балық аулау аш қалмаудың қамы болса, қазіргідей тоқшылық кезде әуестіктің бір түріне, тіпті спортқа айналып отырғаны ақиқат. Табиғаттың тамырын тап басып, балықтың қармақты қауып-қаппасын нақты білген балықшылар жылдың үш мезгілінде де құмарын тарқатып жүретіні бар.
Шу өңірінде алуан бағытта жұмыс жасап, ісін дөңгелетіп отырған бірнеше үкіметтік емес ұйым тіркелген. Енді олардың қатарына бағдары басқаша «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі қосылып отыр. Аты айтып тұрғандай, бұл балық аулау десе ішкен асын жерге қоятын жандардың басын қосқан үкіметтік емес ұйым. Аудандық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаев басқаратын бұл ұйым ең әуелі аудан әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Нариман Абаймен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Болат Асамбековпен, кейін Алматы қаласына арнайы барып, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаевпен тізе қосып жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жуырда ғана аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың 111 жылдығына орай аталмыш қоғамдық бірлестік пен бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының ұйытқы болуымен жастар арасында балық аулау мәдениетін қалыптастыру, әуесқой балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, жастардың табиғатқа деген жанашырлығын, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында мұз үстінде балық аулаудан «Балық FEST Shu» атты аудандық турнир өткізілді. Бұл турнир Жаңа жол ауылдық округінде орналасқан «Эльдорадо» шаруа қожалығының суайдынында өтті.
Шара шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев құттықтауымен ашып, жаңадан құрылған «Балық FEST Shu» балықшыларына толағай табыс тіледі.
– Ауданымызда балық аулау жарыстары былтыр бірінші рет ұйымдастырылса, биыл жалғасын табуда. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, жас ұрпаққа дұрыс үлгі беруде таптырмас тәрбиелік мәні бар дүние екенін атап өткім келеді. Осы бірлестіктің басшылығына және мүшелігіне қабылданып отырған жерлестердің жұмысы табысты болсын деп тілеймін. Үлкен істі бастап, ұйыстырып отырған Жұмахан Төлеуұлына, тиісті бөлімдерге алғысымды білдіремін. Болашақта бұл бастама баянды боларына бек сенемін, – деген Бақыт Аязұлы бірқатар жандарға куәліктерді тапсырды.
Бұл шараға Д.Қонаев атындағы халықаралық қор вице-президенті Шатырхан Керімбеков, аталған қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қалдарбек Срайылов арнайы келіп құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ ол аталған қор президенті Эльдар Асқарұлының сәлемін жеткізіп, Д.Қонаевтың бейнесі кескінделген спорттық 20 медаль мен жарыс кубогын айтулы бірлестік мүшелеріне тапсырды. Ал «Эльдорадо» шаруа қожалығының белсенді мүшесі Эркин Ойшиева заңғар тұлғаның 111 жылдығына орай төсбелгісімен марапатталды.
Мұнан кейін шараға қатысушылар шатырларын тігіп, ойылған мұзға қармақтарын сала бастады. Осы сәтте әсем әуен ойнап, ауданға белгілі «БМ» тобы әннен шашу шашып жатты. Одан бөлек жасы мен жасамысы бар балықшылар қауқылдасып, өзара әңгіме өрбітіп жатты. Балықшылар мерекесіне тілеулестік танытып «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, аудан әкімі аппаратының басшысы – әдеп жөніндегі уәкіл Нариман Абай, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Эльмира Асқарова, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров аталмыш шараға үлестерін қосты.
Үкіметтік емес ұйымды құрып, маңына балыққұмарларды топтастырған Жұмахан Төлеуұлының айтуынша, қазірдің өзінде 20 шақты мүшесі бар қоғамдық бірлестік жыл басталмай жатып жұмыстарына қызу кірісіп кеткен.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қараша айындағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ауылшаруашылықты дамыту, сонымен қатар балық пен құс өсіру бағытына аса көңіл бөлетіндігі туралы айтқан. Соны жүзеге асыру жолында құрылған «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің мақсаты да, мүддесі де мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану, азаматтық сектор есебінде жәрдемдесу болып отыр. Алдағы уақытты мүдделестермен бірге форель тұқымдас балығы мен өңірде африкалық түйеқұстарды өсіру жоспарда бар, – дейді Ж.Чекаев.
Рухани демалыс сыйлаған турнир мәресінде жарысқа қатысушылар мен үлес қосқан азаматтарға арнайы сыйлықтар мен медальдар, кубоктар тапсырылды. Атап айтсақ, Шатырхан Керімбеков пен Қалдарбек Срайылов турнирге атсалысқаны үшін бағалы сыйлықпен марапатталды. Ал Ермахамбет Елубаев – ІІІ, Ержан Вахитов – ІІ, Нұржан Қасқабай
І орынды жеңіп алды. Ал осы жарыстың бас жеңімпазы Сергей Мансарин жеңіс кубогын қанжығалады.
Байжан ЕМБЕРДІ, журналист, Шу ауданы
Келесі мақала