Ақындарға аға болған Абдула
«Барлық ақын баласы бір ананың» деп Мұқағали ақын жырлағандай, олар бір-біріне кіндіктес жаратылған. Құрсағы бөлек болғанымен шайырлардың сана сезімі, түйсігі, табиғи жаратылысы бір-біріне ұқсас, тағдырлас пенделер. «Жыр» атты жеке әлемде әмірші, жалған дүниеде жылаған ақиқатты әлдилеуші, турашыл адамдар. Тумысынан туысқан, ән мен жырда жүректері қатар соққан аға-інілер әдебиет пен өнерде аз емес.
Ұлылар тарихында Шәмші Қалдаяқовқа да көрнекті ақын Мұхтар Шаханов ағалық қамқорлығын көрсеткені белгілі. Композитор мен ақынның бір туған бауырға бергісіз достығы жайлы көп естеліктер жазылған. Еліне еркелеп жүретін Ш.Қалдаяқовтың кейбір пендешілігіне періштедей қорғаушы бола білген М.Шахановтың ақынға тән ұлы қасиетін тіпті ел басқарған Дінмұхамед Қонаев та құрмет тұтқан. Ән шабытымен шайқалып, аздап өмір заңдылықтарына кей-кейде бағынбай кететін «Вальс королінің» бала қылықтарын Шаханов бақылап отыратын. Сүрінген сәттерінде сүйеніш, құлаған шақтарында қолдау білдіруден жалықпаған ұлы ақынның рухани жанашырлығы Шәмші өмірінде өте маңызды.
Ал бүгінде Әулиеата өңіріндегі әдебиет және өнер өкілдерінен «Абдула деген кім?» деп сұрай қалсаң, олардың тарапынан Абдула Бақбергеннің «ақындарға қамқоршы аға, қолдаушы пана» болғаны, тұла бойы қайырымдылық, мейірімділік қасиетке тұнып тұрғаны айтылады. Ол кісі өзі де ақын және «ақын ақынға сүйеніш, демеуші болуы керек» деген ұлы ұғым жыр жүрегінде ұялағандығынан да оның бойында осындай болмыс болуы заңдылық шығар. Ол Талас топырағында дүниеге келіп, кең дүниені жұдырықтай жүрегіне сыйдырған кеңпейіл ақын. Жылаған баланың жалғыз тамшы жасы үшін күллі дүниені тәрк ете салатын Бақбергенұлының көмегі ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовқа да тиген.
А. Бақберген 1971 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүрген кездерінде өзінен кейін келген сарбаздарға орысша әндерді емес, Шәмшінің «Менің Қазақстаным!» әнін жатқа айтқызады екен. Ол үшін жазаға тартылғаны да бар.
1986 жылдары «Вальс королі» Жамбыл ауданындағы қазіргі Жалпақтөбеден үй салып жатқанда сол үйге жетерліктей кірпіш берген. Кейіннен сазгер тұрған үйді жеке музейге айналдыру жөнінде облыс басшыларына ұсыныс айтқан екен. Сол шаруа әлі күнге ретін тапқан жоқ.
Кейіпкеріміз 1990 жылдардың қиын-қыстау кезеңдерінде қызметсіз, үйсіз-күйсіз бала-шағаның қамын күйттеп жүргендерді қанатының астына алып, қамқоршылық жасады. Сол кездерде аға ілтипатына бөленген ақындардың бірі – Серік Томанов. Өзі бір мекеменің басшылық тізгінін ұстап тұрған кезінде Серік ақынды қол астына қызметке алды. Ақша түгіл, тиын табу да оңай соқпайтын бұл уақыттарда ағалап келген інісіне қаржылай қолдау көрсетті. Ақын біткенді бауырындай, баласындай көретін ол С.Томановтың алғашқы «Адасып жүрген ақбөкен едім» деген кітабының шығуына да мұрындық болды. Облыс басшылығына тікелей өзі ұсыныс жасап, жалдамалы пәтерде жүрген ақынға 3 бөлмелі жеке үй алып берді. Секең Абдула ағасына кейде еркелеп: «Менен бұрын сіз өлсеңіз басыңызға ескерткіш тұрғызамын, ал сізден бұрын мен кетсем парақталып шашылып жатқан жырларымды жинақтап кітап шығарып бересіз», деп айтады екен. Әбекең ерке інісінің бұл сөзіне кеңшілікпен қарап: «Өмірімізді жаспен өлшейтін болсақ, ажал алдымен мені алады, содан соң жасы кіші саған барады», деп жауабын әзілмен қайтарады. «Ақбөкен» жырдың иесі алдын болжап айтқандай, ағасынан бұрын небәрі 40 жасында о дүниеге аттанды. Ақын інісіне берген ағалық антына адалдық танытып, оны Тектұрмастағы зиратқа жерлеп, басына құлпытас орнатты. Томановтың табиғатына тән тасты да өзі таңдады. «Жол бойына жерлеңдер мен өлгенде» деп артына аманат жырын қалдырып кеткен біртуар таланттың «У» атты кітабын шығарып берді. 40 жас ғұмырында өлмейтін жыр, өшпейтін із қалдырып кеткен Серік Томанов ағасы Абдула Бақбергеннің 50 жасқа толған мерейтойында толғанып өлең де жазған екен.
Елу жасын ел тойлаған ер көкем,
Елдің қамын ерте ойлаған кемде-кем.
Мерейтойда мерейіңді өсіріп,
Мінген атың торы ма, әлде кер ме екен?
Бәрі – пырақ, бірақ сенің мінгенің,
Анығырақ Ақиқат деп жүргенің .
Жаны жылап жақындаса кімде-кім,
Өз қайғыңдай қиналасың бірге өзің.
Бас тіккен соң бас кетер-ау деместен,
Өлсе дағы шығарсын ба ел естен.
Ердің құнын, жердің «жырын» таусылмас,
Екі-ақ ауыз сөзбен шештің егессең.
Дәуір, қоғам мейлі қанша алмассын,
Албастыны іздеп тауып арбастың.
Жақсылыққа жанұшыра жүгіріп,
Жан сарайын жаны жадау жанға аштың.
Мен іздеген бірі өзің мықтының,
Ең ізгі өлең негізде деп ұқты інің.
Инфаргің иттей еріп сүмеңдеп,
Мені аңдып тұр Құдайдың бұл құтты күн.
Мейлі мені күні-түні аңдысын,
Қан қысымы шектен шықсын, қарғысын.
Ер Абдула екеумізге мәңгілік,
Мәңгүрттікпен майдандасу мәңгі сын.
Ақ қағазды көк қаламмен сиялап,
Хиуадан қисын таптың қиялап.
Аттан түспес аз қазақтың бірі сен,
Сақалыңа сары шіркей ұялап.
Туған жерге туын тігіп «Азаттың»,
Дұшпаныңа оқ атпадың, сөз аттың.
Қылша мойным талша деген тағы сен,
Қылышынан қаймықпаған казактың.
«Қылышынан қаймықпаған казактың». Серік ақынның жырында жазылған бұл өлең тармағы Абдула Бақбергеннің еліне, жеріне деген патриоттық сезімі мен батырлық қырын ашады.
Тәуелсіздік алмай тұрып, яғни 1989-90 жылдары ел басына айтарлықтай қауіп төнген еді. Казактар Оралда көтеріліс жасап, бес облысты басып алмақшы болған. 400 жыл патшаға қызмет еткендерін кеңінен атап өтпекші болыпты. Қазақстан бойынша 600-700-ге жуық азамат жиналып, батыс өңірлерді иеленбекші болған қара ниеттілерге қарсы бейбіт шеру ұйымдастырған.
Сонда КСРО президенті Михаил Горбачев: «Казактарға қарсы келмеңдер. Олар да халық. Мерекелесе, мерекелей берсін» деп сөйледі. Үлкен басшы осылай айтқан соң казактар тайраңдамақшы болады. Ол уақытта жас, жаңадан құрылған «Азат» партиясының осы облыстағы төрағасы Абдула Бақберген жан-жақтан жиналған көтерілісшілердің екпінін басып, дау тудырмай ұлт арасындағы мемлекеттік мәселені бейбіт шешуге жол таба білген. Наразы халықтың ашуынан қорыққан казактар қашып, келген жерлеріне жылыстайды. Отан үшін осындай қауіпті қадамдарға барған А.Бақбергеннің ерлігін ел біледі.
Жалпы бұл оқиға туралы Абдула Бақбергеннің өзінен әңгіме арасында естігеніміз бар.
– Тәуелсіздігімізді «әне-міне аламыз» деген кез болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бірінші хатшы болып сайланған уақыт. Теледидардан Михаил Горбачев «Қазақстандағы 5 облыс, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен, Орал – Ресей федерациясының меншігі. Мал баққан жерлерінің бәрін қазақтар өзіміздікі деп иемденіп алған» деп сөйлеп тұр. Тыңдап тұрып қаным басыма шапты. Дереу Тараздың «сен тұр, мен атайын» деген жігіттерін жинап, орталық алаңға бардық. Алаңда Лениннің бюсті тұрған тұста, халықтың алдында «Орынбор, Түмен, Барнаул – Қазақстанның, мына біздің жер» деп Горбачевтің үлкен портретін жерге лақтырып, аяғыммен мыжып тұрып өртедім. Ол газетке шықты. Содан арада көп уақыт өткен жоқ маған Орал Сәулембаев деген алматылық азамат хабарласты. «Әбеке, біздің 5 облысты казактар басып алып, автономиялық республика құрмақшы. Не істейміз? Қарап жата береміз бе?» деді. Жамбылдан Асқар Сырғабаев, Нұрмат деген жігіт бастаған 13 адам Оралға аттандық.
Республикамыздың барлық өңірінен келген ұлтжанды халық көп болды. Елдің алдына шығып Ельцин сөйледі. Не дегені есімде жоқ, бірақ шерушілерге басу айтқан шығар. Бес облысты басып алып, автономиялық республика құрмақшы болған казактар тіпті шіркеуге жалауларын іліп қойған екен. Көпшілікті көрген соң мысы басылды. Ұрандап тұрған біздің азаматтар оларды таптап өтуге тақалып-ақ тұр. Көтерілісші елге қарсы Одақ билігі әскери күш дайындап қойған. Қаруларын сайлап, тек бұйрық күтуде. Халық пен биліктің арасындағы қақтығысты туындатуға жол бермеу керек. Көпшілік ішінен бір үлкен әйел азаматы ортаға орамалын тастап, үлкен шудың бетін қайтардық. Билік жақтан келген басшылықтың алдында халық атынан сөйледік. «Біз жерімізді бермейміз. Осы жерде тұрып аштан өлсек те, атсаңдар да, шапсаңдар да бәріне дайынбыз» дедік. Екі ортада шу шығармай бейбіт шешім қабылданып, КСРО билігі мен казактардан жерімізді аман алып қалдық, – деді ол.
Арамызда жүрген тірі қайраткер, батырларымызды барында бағалай білейік. Әбекеңнің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында да халық атынан сөйлеп, батыл қадамдар жасағанын жұрт біледі. Сол батыр – Абдула. Ақын Абдула биыл 5 қаңтарда 70 жасқа толды. Оның бұл мерейлі тойын ағайын-туыс лайықты дәрежеде атап өтті.
Қазіргі таңда ол облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Тараз қаласының №1 заң кеңесінің адвокаты. Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Құдай қосқан қосағы Хансұлу Ыбырайқызы – ұзақ жыл мұғалім болып еңбек еткен ұстаз. «Ыбырай Алтынсарин» атындағы мадальдің иегері. Бүгінге өнегелі отбасы иелері Алты ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, 21 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала