САЙТҚА СЕНІП, САН СОҒЫП ҚАЛМА
Кейінгі жылдары түрлі журналистер ұжымдарына сабақ береміз. Әрине, өздері өтінген жағдайда. Сол сабақтағы тақырыптың бірі — интернеттің қазақ сегментіне сенбеу туралы.
Атақты жазушы Я. Гашек ондаған сайтта «Я. Шашек» болып тұрғанын, оның қазақ тілінде екі рет басылып шыққан «Сайыпқыран солдат Швейктің бастан кешкендері» кітабының аты бес түрлі бұрмаланып кеткенін мысалға келтіретінбіз. Міне, тағы сондай жағдайды байқап отырмыз.
Интернетке сенеміз деп оқулық авторлары бармақ шайнапты. Өздерінің жазған түсіндірмелері төмендегідей:
«Бірер күннен бері әлеуметтік желіде 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығында Қуат Адистің «Алма» деп аталатын өлеңі белгілі ақын Қастек Баянбайдың атынан жарияланып кеткені жайлы сөз болып жатыр. Сол оқулықтың авторлары ретінде бұл олқылықтың неден кеткенін түсіндіргіміз келеді. Әдетте біз мұндай туындыларды балаларға арналған белгілі мемлекеттік басылым – «Балдырған» журналының ресми сайтынан алып тұрамыз. Бұл жолы да солай болды. Бір өкініштісі сол, кейін қайта тексергенде журналдың сайттағы нұсқасына Қастек Баянбайдың аты-жөні салынып кеткенін білдік. Қазір де солай тұр (сілтемесін қоса беріп отырмыз). Тағы айта кетеріміз, «Білім ал», «Жарар» деген сайттарда да бұл өлең Қ. Баянбайдың атымен берілген екен (сілтемелері көрсетілді). Дегенмен қателіктің орын алғаны рас, сондықтан авторлар ұжымы атынан Қуат Адистен осы олқылық үшін кешірім сұраймыз.
Оқулық авторлары: Б.Т.Қабатай, В.А.Қалиева, Ү.К.Зейнетоллина.
https://baldyrgan.kazgazeta.kz/news/33324
https://bilim-all.kz/olen/18787-Alma
https://www.zharar.com/index.php?do=shorttexts...
Біздің бұған қосарымыз, «Атамұра» баспасының атын былғатпай, авторлар дереу кешірім сұраған екен. Ал қате жіберіп қойып, ештеңе болмағандай бедірейіп отыратындар бар.
Біз өткізетін «Жазу және редакциялау технологиясы» шеберлік сабағында оған да мысалдар келтіреміз. Оны арнайы шақырған ұжымдарды оқытқан кезде айта жатармыз.
Қайнар Олжай
Келесі мақала