ҚҰЛАННЫҢ ҚҰЛАГЕРІ EДІ...
Адам табиғатпен етене жақын деп жатамыз. Мүмкін Адам атаны алғаш рет топырақтан жаратқан соң да адам баласы өзі туған топырағына тартып, табиғатын сүйіп тұратын шығар. Қара өлеңнің қасиетті қара тасына айналған, ақындардың кағбасындай ұлы Абай табиғатты жырлағанда: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес» демеуші ме еді. Абай айтқан өлмейтін адамдардың қатарында біз сөз етіп отырған Қуандық Шолақ та бар.
Ақын Қуандық
Ақынның бар болмысы туған табиғатына тартқан. Сондықтан да ол даладай дарқан, баладай аңқылдақ. Ақынның сол аңғал мінезі өлеңдерінің әр жолында мөлдіреп тұрады. «Селтең қағып құлағың, Шұнаңдама лағым. Шөбіңді де берейін, Жеміңді де берейін. Шыға көрме далаға, Қақап тұр ғой мына күн», – деп төгілтеді өзінің «Менің атам» атты кітабында. Ақынның бұл кітабы балаларға арналған. Бұл қазіргі заман балалар әдебиетінің қоржынына түскен алтын қазына іспетті. Оның өлеңдері қай қырынан қарасаңыз да табиғаттың құланындай тарпаң, лағындай момын. Өзеніндей сырлы, ауасындай нұрлы. Оның жырынан ауылдың дәмі шығады. Таудың иісі бұрқырайды. «Түстігің таулар, тәкаппар басын қар шалған, Теріскей жағың құбақан құммен қоршалған. Батыс, Шығысың қос қанатың болса, Құланым, Жүрегім, өзіңсің бар жақсылықты қарсы алған», – деп еміренеді. Міне, бұл ақынның кіндігі туған жеріне байланған тамырдай екенін аңғартса керек. Осынша алып жүректі кеудесінде қалай сақтаған дерсіз мұндайда. Жүрегі жоқ қоғамда, осындай жүрекпен жасаған ақынның көңілінен айналасыз. Ұлы Абай: «Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың жаны – терең сай, Тасыған өзен гүрілдеп», – деп жырласа, Қуандық: «Жазғы түн, жаңбыр басылған, Қонақтаған қорымға Ай. Жұлдыздар сирек шашылған, Баланың асықтарындай», – деп өз өрнегін салады. Ақынның табиғатты жырлауы мұнымен аяқталмайды. Оның өзі де табиғат суретшісіне айналғандай. Ол өзі де аққан өзеннің арнасы, ақын Абайдың жалғасы екенін аңғартқандай. «Алаштың айналсам деп айбынына, Жасырмай ашық айтам жайды мына. Үкісін үмітімнің үлпілдетіп, Кеп тұрмын кішігірім кәусар бұлақ, Қоссам деп ұлы Абайдың айдынына», – деп ағыла жырлайды. Жалпы ақын туралы сөз әртүрлі ауыздан әртүрлі болып айтылуы мүмкін. Бірақ ақын туралы ақын айтқанға не жетсін? – Ақындар туады, өлмейді. Бұл сөзіме ордалы ойын оймақтай сөзге сыйдырған талант Қуандық Шолақ дәлел. Ол туын, елі мен жерін сүюдің жарқын үлгісін көрсетті. Сондықтан оның атына көше берсек те, тіпті жыл сайын шығармашылық кешін ұйымдастырып, ол туралы мүшәйра өткізсек те артық болмайтын тұлға. Біз өнерді сүйіп, оған өз анамыздың көңіліндей, әкеміздің ақылындай қарайтын болсақ, онда баба аманатына адал болғанымыз. Ал оны көздің қарашығындай сақтау үшін ақындар қызмет етуі керек деген тұжырымға келсек, онда Қуандық сол өзінің миссиясын адал атқарған ақындардың қатарынан деуге болады, – деп еске алады ақын Шырын Мамасерікова. Ата Қуандық Ақын өмірден өткеннен кейін оның орнында жылы естеліктер мен ұлы сағыныштар қалатыны ақиқат. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, артында қалған ұл-қыздары ақынды ата ретінде де, әке ретінде де жиі еске алып отырады. – Мен атамның баласы болып өстім. Сондықтан да менің бойымдағы әрбір тәрбиенің басында атамның ақылы жатыр деуге болады. Атам қатал да емес, қатты да емес еді. Аңқылдаған ақкөңіл, мейірбан, түсінігі мол, жан баласына жамандық ойламайтын жан болды. Кішкене күнімізде біздің дастарқан жиналмайтын. Ақын-жазушылардың бәрі біздің үйден табылатын. Біз сол жаны жайсаң жақсылардың үлгісін көріп өстік. Құдайдың құтты күні есігімізден келген-кеткен қонақтың аяғы үзілмейтін. Ол да болса атамыздың бізге көрсеткен үлгісі, тәрбиесі еді. Ол кісінің маған айтқан әрбір ақылының ішінде «Елге қызмет ет», «Адал бол» деген сөздер болушы еді. Мен сол сөздердің қадір-қасиетін енді біліп жатырмын. Бір жағынан атамның арманын да аласартпай, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап жүрмін. «Жақсы атаның атағы баласына қырық жыл азық» дегендей, ол кісіден көрген өнеге-үлгілерім менің өмірлік ұстанымыма айналған, – дейді немересі Ерсайын Қуандық.Ұстаз Қуандық
Әдебиетке келген кез келген буынның өзінің орны болады. «Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» дегендей, алдыңғы толқын ағалардың ізін басып келе жатқан артқы толқын інілер де аз емес. Ал қалам ұстаған ағалардың алдынан өткен інілері, шәкірттері оларды еске алып отыруының өзі де адам жанына жылылық сыйлайды. – Мен өзім ол кісінің шығармашылығымен жетінші сынып оқып жүргенде «Көк сеңгір» деген кітабы арқылы таныстым. Ол 1999 жылы Шерхан Мұртазаның алғысөзімен шыққан кітап еді. Сол кітаптың ішінде ол кісінің нағыз «табиғат тамыршысы» екенін айқындайтын өлеңдерімен қатар, «Зағира» деген поэмасы болды. Онда соғыстың жесірлері мен жетімдерінің көз жасы, зар-мұңы сөйлейді. Міне, бұл әдебиет ауылына енді ғана қадам басқан біздің ойымызда жарылыс жасаған шығарма деуге де болады. Ал ол кісімен бетпе-бет жүздесуім де оңай болған жоқ. Мен он сегіз жасымда «Қазақ әдебиеті» газетіне өлең алып барғанымда сол жерден бірінші Ғалым Жайлыбай мен Қайрат Әлімбек ағаларымызды көрдім. Ол кісілер ол кезде мені танымайды. Менің кім екенімді, қайдан келгенімді сұрап алды да: «Осы ағаңа өлеңдеріңді алып барып көрсетсең, ол кісі бағыт-бағдар береді», деп мені Қуандық ағаға жіберді. Бірақ ол кезде менде Қуандық ағаны іздей қоятындай жүрек жоқ болды ма, әлде балалық қылдық па, әйтеуір ол жолы ағамызға кезіге алмай кеттім. Кейіннен Серік Томанов атындағы облыстық мүшәйраға қатыстым. Міне, сол жерде ағамыз қазылар құрамында болған екен. Сөйтіп, Қуандық аға менің өлеңдеріме өзінің оң бағасын беріп, 20 жасымда танысқан едім. Қуандық ағаның ініге деген ізеттілігіне келсек, ол кісі жалғыз маған ғана емес, жалпы біздің буынға қамқор болған кісі. Өзі ауылда тұрса да әдеби ортаның айдынына еркін келіп-кетіп жүретін қаламгерлердің қатарынан болды. Ол кісінің жүрегін таза табиғат жаратқан адам еді. Ол кісі жақсы аға ғана емес, бізге ұстаз да бола білді. Бірде мен ол кісіге «Жұлдыздар» туралы өлеңімді оқып бергенімде: «Өлеңің жақсы екен, бірақ Жұматай Жақыпбаевтан кейін жұлдыз туралы жазу жастар арасында көбейіп кетті», деп өзінің ағалық ақылын айтып, шығармашылығымызды сынайтын жерде сынап, бізге оң жол нұсқаған ұстаз да бола білді. Өмір өкінішсіз болмайды ғой. Қуандық ағаның да басынан қилы тағдырлар өтті. Ол кісінің жайқалып келе жатқан Салтанат Аббашова деген қызы болды. Сол ақын қыз беймезгіл өмірден озды. Бұл Қуандық ағаның ақын жүрегін сыздатса керек, оны жиі айтып, өкінішпен еске алып отыратын. Екінші бір өкініші – бір жолы ойламаған жерден қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергеновке кездескенін әңгімелеп, «Ол кісі қайда тұратынымызды, қазір қалай қарай бара жатқанымызды сұрағаннан соң «Несіне автобус күтеміз? Баратын жеріміз екі-үш-ақ аялдама екен. Жүріңдер, жаяу кеттік», деді. Төлегеннен осындай сөз естігенде қуанғандықтан ғой, бойымды бір белгісіз күй биледі. Біраз әңгімелесе жүріп, жолымыз екі айырылатын тұсқа келдік. Төлеген мені үйіне шақырып: «Қуандық, жүрсейші үйге, жыр оқиық», деді. Шақыртуды қуана қабылдап, барғым-ақ келіп тұр. Бірақ қасымдағы жолдасымнан ұялдым. Оны жалғыз қалдырғым келмеді. Және ертеңіне мемлекеттік практикаға, ауылға жүргелі тұрғанбыз. Соны айтып: «Аға, кешіріңіз. Мемлекеттік практикадан қалай ораламын, сізге міндетті түрде келемін», дедім. Бірақ жазмышты қарасаңшы, ақиық ақынмен сол кездесуім соңғысы екен», деп жиі еске алып отыратын. Ол кісі бізге кешегі Төлегендерді аңыз қылып айтса, кейіннен Әмірхан Балқыбек ағаларымыз бізге Қуандық ағаның өзін аңыз қылып «Мен Қуандық Шолақовтай ақыны бар ауылды, елді сағынам. Сол кісі кешіп жүрген қоңыр тіршілікті кешкім келеді» деп айтып отыратын. Әрине, мұның бәрі де Қуандық ағаның ақындық қуатын айшықтайтын әңгімелер деуге болады, – дейді облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман. Өлеңі өмірін ұзартқан санаулы ақындардың ішіндегі саңлағы, Құланның құлагері Қуандық Шолақтың адамдық тұлғасы мен ақындық қуаты туралы аз-кем әңгіме қозғадық. Әрине, ақынның бағасын біз бермейміз, оны уақыт пен халық береді. Біз тек өнегелі өмір кешкен ағаларымыздың ертегі ғұмырын естелікке түсірушілер ғанамыз. Ал төменде ақынның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.Шапағат ӘБДІР
Жалғасы жазғы кештің Келгендей уақыты ауысымның, Түскен жандай мінбеден. Кербез күні маусымның, Көкжиекке сіңді әрең. Лекілдейді жай, әлсіз, Самал сүйіп тау-тасты. Бір-бірімен аяусыз, Ақ пен қызыл айқасты. Төбелесті құптар кім?! Жүрген лағып қаңғырып, Қабағына бұлттардың, Қапты жұқа қан жұғып. Толқыған көл шатыс кіл, Лақтырады шоқты ырғай. Қабарып күнбатыс тұр, Қоңырайып жақтырмай. Қырдың қызыл иегін, Жапқан ымырт жасқанбай. Көгіс көктің жиегін, Өлім табы басқандай. Сездіріп бәсең хал-жайын, Жоғалтқан аймақ қыры нұр. Ымырттың шертіп маңдайын, Кеудесін керіп тұр іңір. Куә оған таудың асқары, Қабағы қалың тоң ірең. Түн бәрін сүртіп тастады, Қап-қара орамалымен. Жазғы бақ Кеткен үйдей бірлігі, ынтымағы, Тал бастары ұйытқып жұлқынады. Қара бұлттар желіккен бауырынан, Құтылғысы келгендей бұлқынады. Сыбырға үні ұласып, күбірге үні, Сәмбі талдар етегі түрілді ірі. Желді күнгі желпінген көлеңкелер, Тепкілейді аяусыз бірін-бірі. Түлеген дала көркі жаңа қандай, Бүршігін өсімдіктер жаяр қалмай. Кезең бұл, бар дүние оянғандай. Ақ қайың айдын көлге төне қапты, Сұлу қыз айна алдында боянғандай. Түлеген дала төрі жаңа қандай, Гүл иісі таза ауамен тарағандай. Қырқалар көңілді аулап, көзді арбайды, Кестелі қыз сыйлаған орамалдай. Көк пен жер жасағандай бір-біріне ем, Ұшықтап ақ жаңбырмен тынды білем. Қыр төсі құлпырып тұр табаныма, Әлдекім төсегендей гүлді кілем. Әлдебір жотада жер кеппеген, Боз мұнар мұнартады белде ептеген. Көк төсі жұқа ақша бұлт, аппақ бормен. Жазғандай көк параққа өрнекті өлең. Қашанда сабақтасқан нұрмен бірге, Табиғат сыйы екенін білген кім де. Жігіттей қыз таңдаған байыз таппай, Қонады көбелектер гүлден гүлге. Шөп шабық, пісікшілік Бұлт қалқып аспандағы ала шарбы, Кигендей аймақ көйлек жаңа сәнді. Барады қыр шөптері сыпырылып, Сағынып қалғандайын дала шалғы. Көңілді сүйсінтердей ел еңбегі, (Сірә, осы төккен тердің төленгені). Тайланған шөптер жатыр бір сызықта, Қойлардай бұршақталған көгендегі. Қалғандай көк ерніне ұшық шығып, Қаратау қабағына түсіпті бұлт. Таласа шөп шабықпен сары табан, Кезіп жүр егін-жайды пісікшілік. Көл маңы көркем, келісті Көл маңы көркем, келісті, Жаз айы еді күн ыстық. Қаймақтана қап көл үсті, Тұрған-ды ұйып тыныштық. Алқымдарына жұқа, аппақ. Бақалар алған шар байлап. Бірі қуса қалмай тықақтап, Қашады бірі борбайлап. Кенеттен мылтық атылып, Ауаға түтін асылды. Шошынған құстар қапылып, Шекім тастардай шашылды. Дегендей бәрі бітті енді, Жандының түгел сасқаны-ай. Сужылан суға зып берді, Бір сабақ шикі таспадай. Дір етті көлдің құрағы, Ести сап бақа ащы үнді. Шолп етіп шошып құлады, Лақтырылған тас сынды. Шалт қимыл жасап шағала, Барады ұшып, қаша ол да. Қу түлкі тұрған жағада, Бұғына қалды тасаға. Көңілін тербеп күй қызық, Салғандай сан ой санаңа. Құшағына бәрін сыйғызып, Манаурап жатыр Көл-ана. Жазғы ымырт Шау тартқан кез шілденің шіліңгірі, Өр өзеннің қайрат бар түрінде ірі. Қойлар сынды тар жолда топырласқан, Кимелейді толқындар бірін-бірі. Табылардай қожыр құз көңіл емі, Аңғар қуып аңқылдақ жел үреді. Асау өзен арындап азуға сап, Қос қапталын тынымсыз кеміреді. Алып бір күш тұрғандай артында нық, Аунағандай бауыры жарқыл қағып, Соңғы сәуле ойнайды толқынменен, Секіре ойнап жатқандай алтын балық. Ар жағынан түпсіздің қолын көріп, Көлеңкелер келеді соңында еріп. Ымырт деген інісі, ақшам деген, Ағасына тұрғандай жолын беріп. Әнін еркін айта алмай бұлбұл ашық, Табанымен қап-қара қырды басып. Көлге келіп құлаған қос өзендей, Ымырт, ақшам барады түнге ұласып.
Келесі мақала