Айқын мақсат алға жетелейді
Елдің үміті – бүгінгі жастарда. Үлкендер жағы жастар білімді, қайратты, әділ әрі жан-жақты қабілетті болып, еліміздің болашағын жарқын етеді деп сенеді. Бала күнімізден осы уақытқа дейін өзімізге сенім артқан, үміттенген сөздерді естіп, есейіп келеміз.
Әрине, жастар сол үмітті ақтауға, үдеден шығуға тырысамыз. Қай-қайсысымыз да келешекте үлкен жетістікке жетіп, табысты болуды қалаймыз. Өзімізге сенім артқан жандарды қуантып, бізді мақтан етсе екен дейміз. Тіпті күллі халқымыздың мақтанышы болсақ деген арман да жоқ емес. Ол үшін, әрине, білім керек. Арман, мақсатыңа ұмтылу үшін сенім мен төзім керек, ұшқыр қиял мен толассыз еңбек керек. Иә, еңбек – бәрін жеңбек.
Болашақ бүгіннен басталады. Бүгін біз мектеп табалдырығындағы оқушылармыз. Біздің басты мақсатымыз – сабақты жақсы оқу, білім сынағынан мүдірмей өту. Ал ары қарай үлкен өмірге де қадам басамыз.
Білім саласындағы үлкен мәселенің бірі – қала мектебі мен ауыл мектептерінің білім деңгейін теңестіру. Бұл мәселе соңғы кездері жиі көтеріліп жүр. Көптеген ауылдарда білікті кадр тапшы. Ауылдық жерлерде еңбек еткісі келетін жастардың қарасы аз. Келешекте бұл олқылықтың орнын толтыратын да біз сияқты жастар.
Бүгінгі таңда барлық мектептерде жастарға жан-жақты білім мен тәрбие беру мақсатында үлкен іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – былтырғы жылдан қолға алынған «Өзін-өзі басқару» ұйымы. Аталмыш ұйым біздің мектепте де өз жұмысын бастады. Биыл мен ұйымның мектеп ішіндегі президенті болып сайландым.
Ұйымның президенті атану маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Барлық оқушылар мені лайық деп таңдағанда бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеді. Мектеп президенті оқуда озат, түрлі іс-шараларда белсенді және тәрбиесімен, өз мінез-құлқымен басқаға үлгі болу керек. Осы талаптарға сай болу және ұстаздарымның сенімін ақтау – менің бүгінгі таңдағы ұстанымым.
Әр мектепте осы сынды ұйымның болуы өте маңызды. Ол оқушылардың қабілетін ашады, бұрын көріне бермеген қырлары көрініп, өздерін дамытады. Ұйымның президенті атанғалы менің де шығармашылық қабілетім арта түсті, ынтам артып, қызығушылығым оянды.
Өзін-өзі басқару ұйымы арқылы оқушылар мектепішілік іс-шараларға белсенді қатысып, ойларын батыл жеткізіп, мектеп өміріне, жұмысының ілгері жылжуына өз үлестерін қосып жүр.
«Өзін-өзі басқару» ұйымының бастамасымен бірнеше іс-шара өткіздік. Ұйымдастырған іс-шаралардың негізгі
мақсаты – оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, бойларындағы дарынды ашып, қабілеттерін жетілдіру және әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету.
Оқушы тек сабақ оқып, баға алумен шектелмеу керегін біз түсініп келеміз. Әрдайым өзіңді шыңдап, дамытып отыру үшін үнемі ізденіс үстінде болу керек.
Ұйым мүшесі болу оқушыларға қызықты. Достарым күнде сабаққа жаңа идеямен келеді. Әрқайсысының өз қызықты ойы, бастамасы, жоспарлары бар. Ол мейлі көңілді іс-шара болсын, зияткерлік ойын немесе түрлі марафон, эстафета болмасын, бастысы жастардың жанарында жалын бар. Іске деген құлшыныс, ұмтылыс бар. Біздің белсенді, жан-жақты, талапты болғанымыз ұстаздарымызға қуаныш сыйлайды. Олар бізбен мақтанады.
Мектепте белсенді, жан-жақты болған оқушы ертең студент атанғанда да өз-өзін көрсетіп, әрі қарай дами түседі, ортаға тез сіңіп, тез тіл табысады. Өзіне сенімді, ортасына сыйлы әрі білімді жастан білікті маман шығары сөзсіз. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Туымызды биікке көтеретін ұлт жанашыры, баянды болашаққа бастайтын тұлға.
Үлкен жетістік кішкентай қадамдардан бастау алады. Жастар өз біліміміз бен күш-қайратымызды еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсаймыз. Бұл біздің азаматтық борышымыз!
Қорлан СЕРІК, Шоқпар ауылдық О.Жандосов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы,
Шу ауданы
Келесі мақала