Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Асыл дініміз ислам адам баласын кеңпейіл болуға шақырып, әрбір істі шынайы ниетпен, ақ пейілмен, ықыласпен орындауға үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бәйина» сүресінің 5-аятында: «Негізінде олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған. Нағыз тура дін, міне – осы», деп айтқан. Сондықтан халқымызда «Пиғылы жаманды Құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер бар. Адамның пейілі оң болса, ісі оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын да алады. Сол үшін халық «Жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, ал арам пиғылға «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер» деп теріс баға берген. Пейілің тура болса жүзің жарқын, ісің берекелі болмақ. Дінімізде де «Бергенге береке бар, пейілі түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады» делінген. Сондықтан пейішке апарар пейіл екенін есте сақтап, жақсылық жасауға ұмтылған жөн. Дегенмен пейілі кең адам мынадай істерге көңіл аударғаны жөн. Атап айтқанда, біріншіден – көреалмаушылықтан ада болу. Кеңпейілді адамның бойынан табылуы тиіс ең негізгі сипат – өзгенің қуанышы мен жақсылығына қуана білуі, еш уақытта ешкімге көреалмаушылық жасамау. Көреалмаушылық деп Алла Тағаланың өзгеге берген нығметіне, яғни ризық-несібесіне қуанбау, тек өзіне ғана келуін қалауды айтады. Көреалмаушылық дертінің тарихы тым тереңде жатыр. Себебі Алла Тағала Адам атаны жаратып, бүкіл періштелерге оған сәжде етуді бұйырған уақытта барлығы сәжде еткенімен малғұн Ібіліс көреалмаушылық қылып, тәкаппарланғандығы себепті Алла Тағаланың бұйрығын орындаудан бас тартты. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 34-аятында бұл туралы: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде жасады. Бірақ Ібіліс бас тартып, тәкаппарланып, қарсы келушілерден болды», деп баяндаған. Осылайша Ібіліс тәкәппарлығы мен іштарлығы үшін Алланың құзырынан қуылып, мәңгілік тозақ иелерінен болды. Екіншіден – қанағатшыл болу керек. Кеңпейілді адам әрдайым қолындағы барына қанағат етіп, тойымсыздыққа салынбайды. «Қанағат» сөзі «барына разы болу» дегенді білдіреді. Қанағат – Алладан өзгеден дәметпеу, тек Алладан ғана үміт етіп, Оған ғана тәуекел ету. Қанағат етуде адам өміріне келер пайда көп. Ол адамға бақыттылықты, шынайы тұрмысты, тұрақтылықты, аманшылықты сыйлайды. Ал қанағатсыздық, ашкөздік, тойымсыздық – адамды екі дүниеде бақытсыздыққа душар ететін сипат. Сол үшін адам баласы бұл дүниені жақсылық іс жасауға себеп деп тануы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 14-аятында: «Адам баласы үшін әйелдер, балалар, алтын-күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні ғана. Негізінде орынның жақсысы Алланың құзырында», деп айтылған. Үшіншіден – өзгенің қателігін кешіре білген жөн. Өмірде кемшіліксіз адам болмайтындығын ескеретін болсақ, отбасы мүшелерінің, туыстардың, дос-жарандардың, қызметтес адамдардың қарым-қатынасында осы кешірімділік сипаты аса қажет. Себебі адамдардың теріс мінез-құлықтарына сабыр ету, кешіріммен қарау адами байланысты үзіп алмау үшін аса маңызды. Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 43-аятында Алла Тағала: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», деп айтқан. Төртіншіден – жаны жомарт болу керек. Жомарттық деп адам баласының мал-дүниені ізгілік жолында ауырсынбай, кеңпейілмен сарп етуіне айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 3-аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», деп айтқан. Ислам ғұламалары жомарттықты бірнеше сатыларға бөледі: 1. Сахауат. Мал-мүліктің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған. Бұған зекет беру кіреді. 2. Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Хазіреті Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) ислам жолында жасаған жомарттығы осыған жатқызылады. 3. Исар. Өзіне қажет болса да өзгеге беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен бірдей. Бұған мысал ретінде алтын ғасырдағы мәдиналық мұсылмандардың (ансар) меккелік мұһажирлерді қалаларына шақырып, барлық мүлкін теңдей бөліп бергендігін келтіруге болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хашыр» сүресінің 9-аятында: «Сондай-ақ олар өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлдебіреу сараңдықтан сақтанса, міне, солар құтылушылар», деп айтқан. Бесіншіден – кішіпейіл бол. Пейілі кең адам еш уақытта өзін жоғары санап, өркөкіректенбейді, биязы, кішіпейіл болады. Халқымыздың «Кісі пейілді болам десең, кішіпейіл бол» деуі осыдан болса керек. Кішіпейілдік дегеніміз – өзгелерді менсінбеу немесе адамдарға жоғарыдан қарау сынды істерден сақ болып, атақсүйгіштікті, басқалардың өзін көтермелеп, құрметтеуін ұнатпай, керісінше, оларды сыйлауда ыждағаттылық таныту, қарапайым болу. Соңғы кездері қоғам арасында «заман қатыгезденіп бара ма, жоқ әлде адамдардың пейілі тарылып, пиғылы бұзылды ма?» деген сауалдар жиі естіле бастады. Әрине, оған заман кінәлі емес. Заман – сол заман. Аллаға шүкір, біз қазақ ата-бабамыздың тәлім-тәрбиесін, ізгілік, инабат мектебін, кішінің үлкен алдындағы ілтипаты мен ізетін көрген халықпыз. Осы дәстүріміз бен тәлімімізден арылмай, келер ұрпаққа жол көрсетуіміз керек. Әрине, бәрі емес, кейбір теріс пиғылды адамдардың қоғам үшін келтірер залалы айтпаса да түсінікті. Дегенмен әр адам өз ісіне жауапты, әрбір ісі үшін сұралады. Алла Тағала біздерге кеңпейілді мінез, әр ісімізге ықылас нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Жұма уағызды жүргізген «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК