«Елім» дейтін ерлер бар
Осы аптада «Қасіретті қаңтар» оқиғасына да бір жыл толды. Сол кезде қоғамнан әділдік іздеп, билікке өз талабын қойған қарапайым халықтың ұйымдастырған «бейбіт шеруін» арандатушылар теріс пиғылда пайдаланып кетті. Бейбіт шеру бүлікке ұласып, ақыр соңында тұрақтылықты ту, бейбітсүйгіштікті берік қалқан еткен халық жапа шекті.
Елдігіміз сынға түскен сол бір ұрымтал сәтті өз пайдасына шешуді ойлаған ниеті бөлектер қаланың астаң-кестеңін шығарып, қарсы кездескенді қанға бөктірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл қадамының арқасында тәуелсіздігімізді сақтап қала алдық. Алайда жазықсыз жапа шеккендер мен мезгілсіз қаза тапқандардың өміріне араша бола алмағанымыз өзегімізді өртейді. Олардың арасында қарапайым азаматтар да, құқық қорғау, Қарулы Күштер саласында еңбек етіп жүрген ерлер де бар еді. Елдік жолда жанын қиған батырлардың ерлігін есте сақтау – парыз.
Жақында Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде былтыр қаңтар айында қайтыс болған Ұлттық ұлан сарбаздары, қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың ерлігіне арналған бір күндік «Мәңгілік сапта» акциясы ұйымдастырылды. Мерзімді әскери қызметшілерге арналған ақпараттандыру сағатында «Қасіретті қаңтар» оқиғасының мәнін ашып көрсететін деректі фильм назарға ұсынылып, ол жеке құрам арасында талқыланды.
Сонымен қатар М.Қайсаров пен А.Амановты еске алуға арналған митинг өтті. Онда 5513 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ғазиз Кәдірбек сарбаздардың сын сағатта жасаған ерлігіне тоқталып, жиналған көпшілік қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Былтыр осы уақытта жасалған Қазақстандағы тәртіпсіздік кезінде еліміз бойынша 238 адам қаза тапты. Оның ішінде 19-ы полиция қызметкері болса, екеуі Ұлттық ұлан сарбазы. Мадияр Оразалыұлы Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімнің, ал Айбат Ерболұлы Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімнің сарбазы еді. Олар жасаған ерлігі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Өткен жылдың қаңтар айы Ұлттық ұланның әрбір жауынгері үшін тағдырлы сынақ, Отанға деген адалдықтың, табандылық пен мызғымас рухтың, азаматтық ұстанымдар мен елдік мүдде алдындағы адалдықтың сыналу сәті ретінде есте қалады, – деді Ғазиз Оңласынұлы.
Жиынға әскери бөлімнің ардагерлері де қатысып, ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник А.Дусембиев, және Тәжік-Ауған қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Б.Сағындықов сөз сөйледі.
Бұдан бөлек әскери бөлімдегі кітапханалар мен ақпараттық-тәрбие жұмыстары бөлімінде батырлардың фотосуреттері және олардың қаңтар оқиғасындағы ерлік істері сипатталатын «Батырлар бұрышы» ұйымдастырылды.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала