Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алыстағы ауылда мұзайдын ашылды

Алыстағы ауылда мұзайдын ашылды
ашық дереккөз
Алыстағы ауылда мұзайдын ашылды
Шыныдай жылтыраған мұз көрсек болды, үстінен сырғанай кететін әдетіміз бар емес пе?! Ана басынан мына басына дейін жүйткимін деп талай тайып құлап, мұздан таяқ жегені кімнің болса да есінде шығар. Аяғымызға коньки тисе, құдды өзімізді сырғанаудың шебері секілді сезінеміз. «Мұз айдыны болса алаңсыз сырғанар ма едім» деген бала қиялдың жетегіне кейде еріп те кеткеніміз жасырын емес. Осыдан біраз күн бұрын Ақсай ауылдық округіне қарасты Б.Момышұлы атындағы саябақтан мұзайдын ашылғаны жөнінде хабар алып, сонда бардық. Әлгі қиялымызға қанат біткендей коньки тебуге асықтық. Шағын етіп ашылған мұзайдын бүгінде көптің қызығушылығын оятыпты. Әсіресе балалардың жиі келіп сырғанауы дағдыға айналған. Мұз үстінде жарыса сырғанаған олардың қуанышында шек жоқ. Бірі тайып құлап енді үйреніп жатса, бірі емін-еркін сырғанап жүр. Бұларға қарап біз де шамамызды байқап көрмекке арнайы коньки киетін бөлмеге бардық. Аяғымыздың өлшеміне қарай ыңғайлысын таңдап киіп, сыртқа шықтық. Мұз алаңына жетпей жатып-ақ жолда бір-екі рет тайып құлап алдық. Мұндайда ептілігіңіз болмаса әп-сәтте тайып кетуіңіз ғажап емес. Жүзі жалтыраған қырлы коньки мұз түгіл, қар үстінде де сырғып тұр. Әйтеуір көмекшінің демеуімен әлгі мұзайдынға жетіп жығылдық. Бір сәт балалық шақты еске түсіріп, шамамыз келгенше сырғанадық. Мұз алаңы үлкен болмаса да сырғанап үйренемін деушілерге тамаша мүмкіндік. Жоқтан бар етіп жасап берген округ әкімдігі мен жеке кәсіпкер Ғани Әлжаппарұлына жұрттың айтар алғысы шексіз. Қыс қызығын сырғанақсыз елестету мүмкін емес. Мұз айдынында конькиіңді киіп алып, шанаңды сүйретіп сырғанай жөнелсең тынысың ашылып, бойың бір сергіп қалатыны белгілі. Осы орайда ілкімді істің басында жүрген кәсіпкер Ғани Әлжаппарұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді. – Қыс басталып, аяз түскенде саябақтың бір бөлігін дайындап, су құйып қатырдық. Мұзайдынның ашылуы 13 желтоқсанда өтті. Жиналған ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Басты мақсат – балаларды спортқа тарту. Қазір өздеріңіз де білесіздер, жасөспірім балалар спорттан бұрын телефонға көп үңіліп кетті. Ешқандай қимыл-қозғалыс жоқ. Ол ертең жалқаулыққа, аурушаңдыққа әкеп соғады. Осы бастан алдын алуымыз керек. Сол үшін балалардың қызығушылығы оянсын, спортқа тартылсын, бос уақытында үйренсін деп мұзайдын аштық. Қазір жаман емес, бірінен-бірі естігендер келіп, сырғанап ойнап жүр. Конькидің түр-түрін әкеліп қойдық. Енді болашақта бұдан да кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Балалар қызығып ойнаса, бәлкім, осы қысқы спорт түрін ауданда дамытып қалармыз, – дейді демалыс орнының қожайыны Ғани Әлжаппарұлы. Айта кету керек, шағын мұзайдын кешкі сағат 17:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Жарты сағатқа мұзайдынға кіру ақысы – 500 теңге. Үйлестіруші Гүлнар Жандарбекованың айтуынша, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жеңілдіктер қарастырылған. Мұнда жеті адам тұрақты жұмысқа тартылған. Сонымен қатар келушілерге арналған ыстық шай, кофе және тәтті бәліштер беретін арнайы орын да бар. Өз жерімізде де мұндай бастамалардың ілгерілеп жатқаны қуантарлық жағдай емес пе? Ендеше саламатты өмір салтын ұстанып, бір уақыт спортқа ден қойып, балалық шағыңызда армандаған сырғанаққа келіп, сергіп қайтыңыз.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ, журналист,

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар