ДҮЛЕЙ ДАУЫЛ ДҮР СІЛКІНТТІ - ДЕГЕНМЕН ЖАҒДАЙ БІРТІНДЕП ҚАЛЫПҚА ТҮСІП КЕЛЕДІ
- author AR-AY
- 9 қаңтар, 2023
- 144
Сарысу
Ауа райының қолайсыздығы Жаңатаста 20 мыңнан аса тұрғынды жарықсыз қалдырды. Жоғары кернеулі электр желілері бірнеше жерден үзілді. Электр желілерінің үзілуі, 70-тен аса бағананың құлауы тиісті электр қуатының тарауына кедергі келтірді. Осыдан кейін «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорны жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Жылу қазандықтары істен шығып, 527 нысан жылусыз қалды. Оның ішінде 97-сі көпқабатты тұрғын үй. Жарық сөнгеннен кейін «Бүркітті» және «Көкбұлақ» сумен қамту орталықтарының да жұмысы тоқтады. «Қазпошта» АҚ филиалы, орта мектептердің, аудан әкімдігі ғимаратының, көпқабатты тұрғын үйлер секілді бірқатар әлеуметтік нысандардың шатыры желге ұшты. Қалыптасқан жағдайға орай төтенше жағдай салдарын жою жөнінде шешім қабылданды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов 4 қаңтарда Сарысу, Талас аудандарына шұғыл жұмыс сапарымен барған еді. Сол кезде өңір басшысы жауаптыларға ең алдымен Жаңатас қаласына электр энергиясын және жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қалаға электр энергиясы беріліп, артынша қаланы жылумен қамту шаралары қолға алынды. Нақты айтқанда, «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесінің жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторлардың қуатты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, 5 қаңтарда жаңатастықтар жылумен толық қамтамасыз етілді. Сол күні таңертең және кешкісін екі сағатқа ғана беріліп тұрған ауызсудың да берілуі қалыпты жағдайға көшті. Жаңатаста 4 жылыту пункті жасақталып, жұртшылық ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қаладағы наубайханалардың істен шығуына байланысты Тараз қаласынан 10 мың бөлке нан жеткізілді. Негізінде Жаңатас қаласында 2 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік, 9 спорттық нысан бүлінген еді. Табиғи апат салдарынан қаламен қоса ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтердің де көше жарық шамдары өшіп, электр желілері үзіліп, жеке тұрғын үйлердің шатыры зардап шеккен-ді. Қазіргі таңда Сарысуда 18 бригада, 23 техника жарықты қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. 25 елді мекеннің 11-де электр желілері іске қосылған, Жаңатас қаласы бойынша 97 көпқабатты тұрғын үйдің барлығына да жарық берілген. Жаңатас қаласының орталық қазандығына 4 қаңтар күні электр қуаты беріліп, 5 қаңтар күні жылыту жүйесі іске қосылды. Ауыз су қалыпты режимде берілуде. Ауданда барлық бағыттағы жолдар ашылып, көлік қатынасы реттелген, азық-түлік тапшылығы жоқ. Дауыл болған сәттегі атқарылған шаруаларды айтар болсақ, құтқарушылар мен полицейлер жолда қалғандарға көмек көрсетіп, қираған нысандарды қалыпқа келтіріп жатты. Сарысу аудандық полиция басқармасының басшысы Асхат Әлметов жолда қалған 17 автокөлікке көмек көрсетілгенін айтты. – Құтқарылған 61 адамның арасында 10-нан астам кәмелетке толмаған балалар болды. Зардап шеккендер жоқ. Бізбен бірге облыс орталығынан 3 «КамАЗ» жүк көлігі және 25 қызметкер келген болатын. Соның арқасында қиындық еңсерілді, – деді ол. Төтенше жағдай орын алғанда Сарысу аудандық орталық ауруханасында емделіп жатқандардың арасында ауыр жағдайдағы науқас болмаған. Аурухана генераторларға қосылып, жылыту құрылғылары пайдаланылды. Перзентханаға да арнайы жылыту құрылғылары қойылған. Желдің жылдамдығының секундына 7-8 метрге дейін төмендеуі Жаңатас қаласында қардан тазарту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Қардың биіктігі 21 сантиметрге дейін жеткенімен тазарту жұмыстарына 13 техника, 20 адам жұмылдырылып, 27 көше қардан ашылды. Қалған көшелер де біртіндеп қардан тазартылды. Ақтоғай, Ұ.Сыздықбайұлы, Саудакент елді мекендерін жалғайтын жолдар сол күні-ақ қалыпқа келді.Талас
Талас ауданында орын алған табиғи апат Қаратау қаласының да астаң-кестеңін шығарды. Мұнда да тұрғындардың жарық пен жылуға, нанға мұқтаждығы туындады. Табиғи апаттан зардап шеккендер саны облыс бойынша онға жуықтаса, оның ішінде біреуі бала. Талас ауданы бойынша зардап шеккендер саны алтау болса, оның екеуі хирургия бөліміне жеткізілген. Десе де 5 қаңтарға дейін аталған аудандағы 6 адамның төртеуі үйіне қайтарылған. – 3 қаңтар күні сағат таңғы 08:40-та Қаратау қаласындағы «Игілік» коммуналдық кәсіпорнында жарықтың сөнуіне байланысты тұрғындарға жылу беру тоқтатылған еді. Десе де келер күні түс қайта жарық қайта қосылып, нәтижесінде жылу беру қазандығы іске қосылды. Қазандықтың штаттық режимде жұмыс істеуіне газ, мазут секілді отын түрі жеткілікті. 4 қаңтардан бастап «Көктал», «Тамды» су қоймасына жарық беріліп, Қаратау қаласы ауызсумен қамтылды. Берікқара, Қасқабұлақ, Қаратау ауылдық округтерінде қатты желдің әсерінен электр сымдары үзілген. Осы олқылықтарды қалпына келтіру үшін сол күні Тараз қаласынан – 3, Жамбыл және Шу аудандарынан келген бас-аяғы 5 жедел топ құрылып, аталған ауылдардағы электр жарығын қалпына келтіруге жұмылдырылды. Ал аудандық электр жүйесі мекемесінің 21 маманынан құралған 4 бригада Қаратау қаласы бойынша электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Қаладағы көпқабатты үйлерге түгелдей жарық берілді. Жеке сектордағы үйлерге де жарық біртіндеп беріліп жатыр. Қаратаудағы барлығы 10 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры желге ұшқан еді. Ауданда 8 наубайхана бар. Олар аудан бойынша орташа есеппен күніне 6 100 әлеуметтік (бөлке), 2 950 тандыр нан пісіретін. Қазіргі таңда қаладағы «Дәмді себет», «Фиркан» сауда орталықтарында орналасқан екі наубайхана 1000 әлеуметтік нан, 1 500 тандыр нан шығаруда. Одан бөлек 4 қаңтарда Тараз қаласынан 3 мың бөлке нан жеткізілді. Облыстық полиция департаментінің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштік құрылымдары төтенше жағдайды жою жұмыстарына аянбай атсалысып жатқанын айта кеткім келеді, – дейді Талас ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Серік Тәжібаев.
Жуалы
Бұл ауданда да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылған. Б.Момышұлы – Шымкент бағытында жолдан адамдарды құтқаруға 3 қаңтар күні төтенше жағдайлар қызметінен 4 арнайы техника, 10 адам және аудан әкімдігінен 8 техника, 11 адам жұмылдырылыпты. – Жол бойында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жүйелі ұйымдастырылды. Жылыту пунктіне жолда қалған жалпы 299 адам жеткізілсе, оның ішінде 76-сы балалар. 3 қаңтар күні күндізгі уақытта 21 адам Шымкент бағытына қарай полиция қызметкерлерінің қадағалауымен жөнелтілді. Кешкі уақытта 95 адам Тараз бағытына №30 Атырау – Алматы пойызымен, сағат 19:30-да Шымкент қаласына №55 Көкшетау – Қызылорда пойызымен 133 адам жөнелтілді. Жылыту пунктіне келген азаматтарға ыстық тамақ беріліп, олар керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Жолдарды тазалауға 4 жүкартқыш, 3 «Урал», 6 «МТЗ» тракторы, 5 «КамАЗ» жүк көлігі, 2 автогрейдер, барлығы 20 арнаулы техника тартылып, соның арқасында қазір жол толық ашылды. Ауданда басқа келеңсіз жағдай орын алған жоқ, – дейді аудан әкімінің бас инспекторы Бахытгүл Жексекеева.Қордай
4 қаңтарда бұл ауданда ауа райы аса қатқыл мінез көрсетпеген. Автожолдар қазір ашық. Жол-көлік оқиғалары тіркелмеген. Республикалық маңызы бар автожолда ДЭУ-34 мекемесінің 9 техникасы қар тазалау жұмыстарын атқарған. Аудандық маңызы бар жолда коммуналдық шаруашылық мекемесінің 4 техникасы қар тазалау жұмыстарын жүргізген. Десе де Қордай, Сарыбастау, Әлжан ана ауылдарында электр жарығы апатты түрде ажырап, жедел түрде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. 4 қаңтарда Қордай, Сарыбастау ауылында электр жарығы қалпына келтірілген. Қарасу, Өтеген ауылдарында да 4 қаңтарда таңғы сағат 7:41-де электр энергиясы апатты түрде үзіліп, сағат 8:49-да электр қуаты желілері қайта қалпына келтіріліпті. Арал және Степное ауылдарында да осы күні таңғы сағат 6:36-да электр желісі үзіліп, сағат 7:40-та электр қуаты қайта берілген. Үзілген электр сымдары Қордай аудандық электр желілері кәсіпорнының 6 техникасының және 8 бригадасының күшімен жөнделген. Кенен ауылында 4 қаңтар күні сағат 04:35-те электр энергиясы үзілген. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын Красногор АЭЖ-дегі 2 бригада, 2 техника жүргізген.Тараз
Қатты желдің жойқын күші облыс орталығында қалай болғанын көзбен көрдік. Тараз қаласында екі адам жараланған. Оның біреуі бала. Жасөспірім оң жақ қабырға асты сүйегінің сынуы диагнозымен облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургиялық бөлімшесіне жатқызылыпты. Баланың жағдайы орташа деңгейде. Екіншісі қалалық көпбейінді ауруханада амбулаторлық тексеруден өткен. Оған да медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық жағдайда үйіне ем алуға жіберіліпті. Осыдан кейін біз Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіге хабарласып, шаһарда нақты қандай жағдай орын алғанын сұрап білдік. – 3 қаңтардағы дауылды желге байланысты Тараз қаласында тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және желдің салдарын жою бойынша тиісті жұмыстар уақытында жүргізілді. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қала тұрғындарынан 43 өтінім түскен еді. 4 қаңтарда 36 өтінім бойынша ақаулар қалпына келтірілді. Қалған өтінім бойынша қалпына келтіру жұмыстары біртіндеп жүргізілді. Тиісті жұмыстарға 24 адамнан құралған 6 бригада және 6 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Жамбыл ауданы аумағындағы «Қазфосфат» кәсіпорны желісіндегі кабельдің үзілуіне байланысты «Победа», «Юбилейный» және «Дорожник» саяжайларында апаттық ажырату орын алған болатын. Аталмыш орынға авариялық топ шығып, қалпына келтіру жұмыстарын уақытында жүргізді. Қазір аталған саяжайлар электр желісіне қосылған. Қалада газ және жылу беру тиісті деңгейде. Білім беру және денсаулық сақтау объектілерінде авариялық ажыратулар болған жоқ. Жұмыс штаттық режимде. Дауылдың салдарынан «Бәйтерек» ықшамауданының №36,37 үйлерінде парапет пен сайдинг бұзылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін желден құлаған орындар арнайы қоршалды. Сондай-ақ қалада істен шыққан 3 бағдаршам жұмысы қалпына келтірілді. 2 ағаш құлаған. Оның бірі көлікті басып қалған. Ол бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді Д.Төлендіұлы. Адамның қолынан келетіні – орын алған зілзала, қар көшкіні, өрт, жел, сел секілді техногендік сипаттағы апаттардың зардабын жою, одан алдын ала сақтану ғана. Сол үшін де халқымыз «Апат айтып келмейді» деп алдын ала сақтануды қаперде ұстаған. Бір өкініштісі сол, жолда қалып қойып, қар құрсауынан құтқарылып жатқандардың дені жолдың жабылғаны туралы ескертпені біле тұра «нартәуекел» деп сапарға шығатындар. Енді осындай ескертуді елемей, ауа райының қолайсыз кезінде жолға шыққан жүргізушілер 15 тәулікке дейін қамалатын болды. Бұл жайында мәліметті «Экспресс К.» ақпараттық порталы таратты. Тиісті өзгеріс Үкіметтің «Жолдардағы көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына енгізілген көрінеді. Мұны Индустрия минстрлігі хабарлапты. Жолды жауып тұрған полиция қызметкерлеріне бағынбай, әлдебір бағытқа бет алған азаматтар алғаш рет 30 АЕК немесе 91 890 теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады. Бұл жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, 15 күннен 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Қамауға алынбайтындарға (мысалға алсақ, мүгедектігі бар адамдарға) 50 АЕК, яғни 152 150 теңге көлемінде айыппұл салынбақ. «Қайтсем де барар жеріме жетіп жығылам» дейтін пиғылдағы жолаушыларға осылай тоқтам жасамаса, олар өз басын қатерге тіккенін қар құрсауында қалғанда бірақ түсінетіні анық. Ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін. Сондықтан халық ережеге де, ескертпеге де бағынғаны дұрыс.Нұрым СЫРҒАБАЕВ