ҚОРДАЙДЫҢ ҚОҢЫР ҚҰЛЖАСЫ
Осындай тақырыппен облыстық тарихи өлкетану музейінде көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының 75 жылдығына арналған конференция өтті.
Конференция алдында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев облыстық музейден ашылған жазушы архиві көрмесінің лентасын қиды. Жазушының 75 жылдығына арналған көрмеден кейін көпшілік облыстық конференцияда бас қосты.
Н.Дәутайұлының шығармашылығына арналған жиналысқа өзімен бірге жүрген қаламдас замандастары қатысты. Жиналысты облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы біртуар жазушының туған күніне орай ұйымдастырылған жиынның орны бөлек екенін атап өтіп, бұған дейін де Н.Дәутайұлының туған жерінде талай татымды іс-шаралар өткенін тілге тиек етті.
– Біз өздеріңіз сияқты зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса келе, жазушының құрметіне осы облыстық музейден бір бұрыш ашуды жөн деп таптық. Мұнда жазушының қолданған заттары мен кітаптары қойылатын болады. Алдағы уақытта Несіпбек Дәутайұлының отбасы мүшелерімен ақылдасып, тағы да басқа дүниелермен толықтырамыз. Несіпбек Дәутайұлы өзінің саналы ғұмырын әдебиетке арнаған біртуар тұлға. Ол кісінің қазақ оқырмандары ішінде аты жиі айтылады. Бүгінгі басқосудың да мақсаты – жазушының шығармашылығын насихаттауда айтылар ұсыныс-тілектер болса, қаперге алу, – деді Еркін Құлымбайұлы.
Несіпбек Дәутайұлы – тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған тұлғалардың бірі. Ол туралы Мұхтар Мағауиннен бастап, қазақ әдебиетінде жылы пікір білдірген қаламгерлер аз емес. Көзі тірісінде өзінен кейінгі жастарға қамқор болып, қанатының астына алғанын бүгінде әдебиеттің ауылына ат шалдырған қауым айтып жүр. Жазушы, журналист, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібай Н.Дәутайұлының әдебиетке өзінің болмысымен, мінезімен еңбек еткенін айтып, естеліктерімен бөлісті. Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, ақын Баймаханбет Ахмет сияқты қалам ұстаған қауым өкілдері де өздерінің ойларын ортаға салып, жазушының болмыс-бітімі, қаламының қуаты жайлы әңгімеледі.
«Анаға тағзым» орталығының директоры, журналист Эльмира Мырза-Ғали Несіпбек Дәутайұлының шынайы өмірі енді басталғанын, классик жазушыға қандай құрмет көрсетсек те лайықты екенін тілге тиек етті.
– Қазақ әдебиетіне қаламының өзі де қара сөзге айналғанша еңбек еткен бірден-бір жазушы болса, ол – Несіпбек Дәутайұлы. Бүгін біз сол аңыз адамның 75 жасқа толатын туған күніне орай жиналып, еске алып отырмыз. Әрине, бұл қазақ оқырмандары үшін қымбатты сәттердің бірі. Менің айтайын деген ұсынысым сол, тіршілігінде артынан еріп, қалам ұстаған қарлығаштай іні-қарындастарын өзінің кабинетіне жинап алып, ақыл-кеңесін жиі айтатын. Өзі де өмір бақи сол аядай ғана бөлмеде әлемді ойландыратын туындылар жазды. Бір сөзбен айтқанда, ол жерде классик жазушының рухы ұялаған. Сондықтан сол өзінің отырған кабинетін арнайы әдебиетшілер үйі қылып, «Несіпбек Дәутайұлы атындағы шығармашылық орталық» деген атаумен ашсақ өте дұрыс болар еді. Бүгінде әдебиет айдынына қонған, қаламын шығармашылығына қанат қылған іні-қарындастары сол жерге қардығаштай жиналып, жазушының рухы ұялаған жерді ұя қылып отырса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Эльмира Мырза-Ғали.
Облыс әкімінің орынбасары бұл ұсыныстың жерде қалмайтынын ескертті. Әрине, жазушы туралы әңгіме мұнымен аяқталмайтыны анық. Ол туралы естеліктер мен аңыз-әңгімелер қазақ оқырмандары арасында енді жиі айтылатыны да даусыз. Н.Дәутайұлы туралы облыс қаламгерлері ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріндегі жазушылардың өзі есті естеліктер айтып, тебіренері хақ. Тіпті Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазушының 75 жылдығына орай жылы жазба жариялаған-ды.
Онда «Қаратаудың қазынасындай, қоңыр әуенімен қоңыр күй кешкен Несағаң арамызда болса, 75 жасқа толар еді. Жақында ғана «Айғыркісі» шығармасының желісінде жаңа бағыттағы «Қаратөбел» мистикалық-вербатимі сахналанды. Туған жерінде еске алу шаралары ұйымдастырылды. Алып Алатау мен қарт Қаратау түйіскен жерде туып, қазақ әдебиетінде өз өрнегімен танылған, соқпағы соны, сонары олжалы бекзат жазушы Мархабат ағамыздың да өмірден өткеніне көп уақыт өткен жоқ. Көктемде ғана өзі елге шақырып, кешкі алаудың жанында әсерлі әңгіме айтқанымыз әлі есімізде. Қазақ әдебиетіне олжа салған, үлкен үлес қосқан ардақты ағаларымыз енді сағынышқа айналды, алды жарық болсын. Өмірден көшпестей, көңілден өшпестей көрінген абзал ағаларымыздың қатары сиреп барады. Ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп жүрген біртуар тұлғаларымыздың лайықты бағасын беру, тағылымды туындыларына терең бойлау – ертеңнің ғана емес, бүгіннің де міндеті. Уақытында айтылмаған сөздің өкініші ауыр болмақ. Лайым қазыналы қаламгерлеріміздің қадірі арта берсін», деген.
Иә, әдебиетсүйер бір қауым ел тұрғанда «Қордайдың қоңыр құлжасының» шыққан тауы биіктей беретіні даусыз.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала