2023 жылы Үкімет құрамы қалай өзгерді
ҚР Үкіметі жаңа министрлермен толықты.
Желтоқсан айының соңында өткен ҚР Парламенті Сенатының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдан кейін Үкімет құрамы ауысатынын, бірқатар өзгеріс болатынын айтқан еді. Өйткені ел президентінің сөзінше, өкіметтің бұрынғы құрамы шешім қабылдауда белсенді емес. Сондықтан да Министрлер кабинетіне дереу шешім қабылдап, өзекті мәселелерді дер кезінде шешетін жаңа тұлғалар қажет. Сөйтіп, Мемлекет басшысының жарлығымен үкіметте ауыс-түйіс болып, бес министрліктің, атап айтсақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт, Әділет, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылары өзгерді. Тіпті, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңа министрлерді ұжымдарына таныстырып үлгерді. Ендеше, жаңадан тағайындалған министрлердің кім әрі қайда қызмет еткені жөнінде шолу материалды назарларыңызға ұсынамыз.
Мемлекет басшысы өткен айда қаңтарда Үкіметте бірқатар өзгеріс болатынын айтқанын жоғарыда атап өттік. Ол өз сөзінде: «Халқымыз үшін өзекті мәселелерді шешуде Үкіметіміз белсенділік танытпай отыр, олар мәселені шешуге асығар емес. Жақын арада Үкімет жұмысының тиімділігін арттыру керек деп есептеймін, өйткені олар елдегі жағдайды реттеу бойынша шаралар қабылдайды. Жаңа жылдың басында Премьер-Министрдің ұсынысы бойынша, Үкіметте бірқатар кадрлық өзгеріс болмақ»,-деген болатын.
Зүлфия Сүлейменова – Экология және табиғи ресурстар министрі, 32 жаста
Кеше бес министрліктің басшылары ауысты. Олардың ішіндегі ең жасы - Зүлфия Сүлейменова. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды.
Фото: primeminister.kz
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. 2021 жылдың қаңтарынан бастап осы уақытқа дейін VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Сонымен бірге 2022 жылы 14 наурызда Зүлфия Сүлейменова экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалған еді.
Ол отандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында аң терісінен жасалған киімдерді кимейтінін, ет жемейтінін, жүн өнімдерінен бас тартқанын, сонымен бірге жануарларға тексерілген косметиканы қолданбайтынын айтқан болатын.
Жалпы Зүлфия Сүлейменова ең жас министр ғана емес, министрліктегі басшылық қызметтегі үшінші әйел атанып отыр. Қазіргі таңда Денсаулық министрі мен Халықты әлеуметтік қорғау министрі – әйелдер. Енді олардың қатарына Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қосылды.
Ал тоғыз әйел министрдің орынбасары қызметін атқарса, енді бірі бір ведомствоның аппаратын басқарады. Осылайша, бүгінгі таңда Үкіметте 13 әйел басшылық қызметте жұмыс істейді.
Асхат Оралов – Мәдениет және спорт министрі, 32 жаста
Бүгін тағайындалған екі жас министрдің екіншісі – Асхат Оралов. Ол Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды.
Фото: primeminister.kz
Асхат Раздықұлы 1990 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетін тәмәмдаған.
Әр жылдары Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің бас маманы, протокол бөлімінің аға маманы болып жұмыс істеген. Сонымен қоса «Нұр Отан» партиясының «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының» ММ басшысы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметін Дәурен Абаев атқарды. Ол бұл қызметке өткен жылдың 11 қаңтарында тағайындалған еді.
Марат Қарабаев - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, 35 жаста
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына Марат Кәрімжанұлы Қарабаев тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті Қайырбек Айтбайұлы Өскенбаев атқарған еді.
Фото: gov.kz
Марат Қарабаев 1987 жылы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысында дүниеге келген. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмәмдаған.
Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің Су шаруашылығы имараттарының желілерін пайдалану және дамыту басқармасы сарапшысының м.а. ретінде бастап, әр жылдары түрлі қызметте болған. Атап айтсақ, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жаңа технологиялар және энергия үнемдеу департаменті Сервистік индустрияны технологиялық дамыту басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы; ОҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары м.а.; ОҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысының орынбасары, басшысы. ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінде басшылық қызметтер атқарды. Сонымен бірге ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Азамат Есқараев – Әділет министрі, 43 жаста
Азамат Есқараев ҚР Әділет министрі лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Заң бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Фото: primeminister.kz
Азамат Несіпбайұлы 1979 жылы 7 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. Ол Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қаласындағы ДЭЗ-2 жұмысшысы болып бастап, әр жылдары түрлі қызметте болды. Атап айтсақ, ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің бас маманы, ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінде бөлім басшысы, басқарма басшысы, Алматы қаласы әкімдігінің бас инспекторы, «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ Заң қызметтері департаментінің бас менеджері, ҚР Әділет министрлігінің құқықтық мәселелері жөніндегі консультанты, ҚР Әділет министрлігінің Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры. ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 2019 жылғы маусымнан бастап қазірге дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Заң бөлімінің меңгерушісі болды.
Ал бұған дейін ҚР Әділет министрі лауазымында болған Қанат Мусин Конституциялық Соттың судьясы болып тағайындалған еді.
Ғани Бейсембаев – Оқу-ағарту министрі, 53 жаста
Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Фото: primeminister.kz
Ол 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмәмдаған. Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметінен бастап, қазақ тілі мұғалімі, орта мектеп директоры, ҚР БҒМ Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы президентінің ғылыми хатшысы, кеңесшісі, Қапшағай қаласы білім бөлімінің басшысы, халықаралық білім беру орталығының бас директоры, техникалық-экономикалық колледж директоры қызметтерін атқарған. 2020 жылы ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры болды. Ал 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР БҒМ Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті қызметін атқарып келді.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетов қызметінен босатылды. Ол 2019 жылдың маусымынан бастап 2022 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметін атқарған еді. Кейін бұл министрлік ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлініп, 2022 жылдың11 маусымында мемлекет басшысының Жарлығымен Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған болатын.
Бұдан біз Үкімет құрамының «жасарғанын» байқап отырмыз. Бүгінде ең жас министр 32 жаста (Зүлфия Сүлейменова) болса, ең үлкені - 58 жаста (Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов). Жалпы соңғы жылдары билікке араласатын жастар қатары көбейіп келеді. Оны алысқа бармай-ақ, Үкімет құрамындағы өзгерістерден де аңғаруға болады.
Еске салсақ, кешегі тағайындаулардан кейін Мемлекет басшысы жаңа министрлерді қабылдап, бірқатар тапсырма берді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР
Келесі мақала