ӘУЛИЕАТАДА ӘУЕЛЕДІ ӘУЕЗДІ ӘН
Облыстық халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен апта сайын бір ауданның «Әуенді Тараз кештері» атты мәдени іс-шарасы әр ауданның өнерпаздарының концертімен жалғасуда. Бұл жолы Шу ауданынан жеткен әуезді ән Тараз көгінде әуеледі.
ШУЛЫҚ ӨНЕРПАЗДАРДЫҢ ШАБЫТТЫ КЕШІ
Аяз Бетбаев, Әбдімомын Желдібаев сынды дүлдүлдердің бүгінгі ізбасарлары тараздық тұрғындарға ерекше кеш сыйлады. Өңірге есімі белгілі Ерлан Сәулебаевтың орындауындағы «Туған жер», «Ағаларым» әнімен ашылған концертті қызыға тыңдаған өнерсүйер қауымның қатары аз болған жоқ. «Көріктім», «Қалай да» әндері Нұржан Амангелдінің орындауында тіпті құлпырып сала береді екен. Жанболат Алғабек, Нұрлан Тастанов, Нұрбек Амалбек бірге орындаған «Ерке сылқым» күйі де Тараз аспанын тербеп тұрды. Үш бірдей күйшінің орындауындағы бұл шығарма күйдің авторы Әбдімомын Желдібаев ағамыздай асқақ, биік көрінді. Осы орындаудағы «Адай» күйі де көпшіліктің көңілінен шықты. Бақытжамал Қосыбаева шырқаған орыстың «Было не прошло» және «Жүрегім ақ» әндері де жүректерге жетті. Әділбол Мұратбек «Бұл өмірде» әнімен ерекшеленді. Дәурен Алтынбек пен Әбілбол Мұратбектің дуэт болып орындаған «Үнсіз махаббат», «Бауырым» әндеріне де көрермен ризашылықпен қол соқты. «Шу серілері» тобының да өнері тараздық жұртшылықтың назарын бірден аударды. Олар «16 қыз», «Молдабай», «Бозжорға», «Ал аш ұраны» әндерін орындағанда көпшілік «Сері десе, серілер екен!» десті. Жас әнші Нұрхат Төлеу мен Мәди Жапардың орындауындағы әсерлі әндердің де тыңдаушылары аз болған жоқ. Ермахан Жұмағұлов пен Талғат Алтыбаев та көпшіліктің зор сүйіспеншілігіне бөленді. Концерт барша шул ық өнерпазд ардың орындауындағы «Қазақстан» патриоттық әнімен мәресіне жетті.ҚОРДАЙЛЫҚТАР ҚОШЕМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, жазғы мезгілде ашық аспан астында өңір тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған келесі іс-шарада қордайлық таланттар өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаның шымылдығын «Туған ел» әні түрді. Махаббат Бәденова жетекшілік ететін «Махаббат» халықтық би ансамблі орындаған «Алтынай» биі де жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Күйші Қуаныш Ахметовтің орындауындағы «Мәңгілік», «Шаттанамын» күйлері де құлақ құрышын қандырды. «Сосед ушки» хал ықтық фольклорлық ансамблі орындаған орыс халқының әндері де көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, «Эх, гармошечка», «Как по горк ам», «Играй, гармонь» әндері жүректен шығып, жүректерге жетіп жатты. Махаббат Баденова орындаған «Хорезм» биі де, Гафар Агачиев шырқаған шығармалар да жиналғандарға жақсы әсер қалдырды. Жас әнші Жаңыл Оңғарованың күміс көмейінен шыққан «Қазағым», «Шағала» іспетті әуезді әндер мен «Поппури» жоғары шеберлікпен орындалды. Қордайлық әншілер концерт соңында Ғани Мәтебаевтың «Жайна, Жамбыл» әнін хормен орындап, әнсүйер қауымның тұла бойын дүр сілкіндіргендей болды. Тараздықтар осынау сырлы әндер мен әсерлі күйлерге толы концертті қызыға тыңдап, керемет сезімге бөленді.