Шерағамен болған сұхбаттарды оқи отырып, студенттік кезеңдеріне шамалы тоқталатын тұстары көңіліме ілікті. Бос жүрмегені анық. Белсенді студент. Дос-жаранмен де тіл табысып ортада жүреді, мамандығына сай үйірмелерден де, байқаулардан да қалыс емес. Мәскеудегі студенттік баспа, радио жұмысына да араласа жүреді. Институтішілік спартакиадаларға да қатысып, бокста бағын да сынапты. Кәсіпқой боксшы болып кетпесе де, осы қызығушылығ мінез шыңдауға қажетті дағдыларды қалыптастырғаны анық.
Күнкөрістің қамымен жүк те тасиды, жалдамалы жұмыстың біразынан нан тауып, әбден піседі. Кейін мамандыққа бейімделу үшін аударма ісімен де айналысқан. Тек ардан аттауға өзіне рұқсат етпеген. Тәрбие, болмыс солай. Сұхбаттарының бірінде арамдықтың бәріне бірдей жұғым болмайтынын да айтады.
Дәл осы студенттік кезде жасаған жұмыстарының ішінде «Мосфильм» киностудиясында массовкада жүру де болыпты. Орайы келіп, екі фильмге де түседі. Ол жайлы «Жұлдыздар отбасы» журналында жарық көрген сұхбатта баяндайды. Міне, қызық. Шераға да киноға түскен. Ол жерде нақты 1953-1955 жылдары екі киноға түскені жазылыпты. Жазушы әңгіме барысында «Мосфильмге» өзбектер келіп, басмашылар туралы кино түсіргенін, сонда шапан киген басмашылардың тобының ішінде болғанын жеткізеді.
Фильмге түскені туралы алғаш рет 2001 жылы жазушы, журналист К.Сәттібаевқа берген сұхбатында айтады. Онда Шераға: «Біз студент болып жүргенде өзбектер Мәскеуде Тұрар Рысқұлов жөнінде фильм түсірді. Соған «массовкаға» қатысу үшін бізді де шақыратын. Ақша береді. «Үш сом» кәдімгідей ақша о кезде»,- дейді. Алайда ол заманда Тұрардың әлі ақталмаған кезі. Ол туралы арнайы кино түсірілмегенін ашық деректерден көрдік. Дегенмен басмашылар туралы болған соң, бір жағы сондағы түсірілім барысынан Тұрар жайлы дерек естіген соң да бұл сұхбатта фильм Тұрар жайлы десе керек. Сұрақтың райы да «Алғаш Тұрар туралы жазу неден басталды?» болып келеді.
Айтылған дерек бойынша «Мосфильмде» сол жылдары басмашылар туралы түсірілген киноларды іздей бастадым. Ізденісім «Узбекфильм» киностудиясының тарихына дейін жалғасты. Қызығы, ол кезеңде тіпті «Узбекфильм»-нің аты да басқаша болып, олардың 1957 жылға дейін кино түсірмегенін білдім. Сипаттамаға сай келетіні жалғыз ғана Константин Юдиннің «Застава в горах» деген фильмі болды. Фильмде Мәскеуден шекара заставасына аға лейтенант Лунин келіп, застава бастығының орынбасары болып тағайындалады. Кейіпкер жауынгерлік өмірге тез араласып кетеді. Ал осы кезде шетелдік барлау қызметі қаржыландырып отырған Исмаил-бектің бандасы өз әрекеттерін күшейте түскен. Арадағы басмашылар бандасымен болған қақтығыстың өрбуі, шекарадан жауды өткізбеудің маңызы осы фильмнің тақырыбына арқау болыпты.
Шераға айтатын «өзбектер келіп түсірген» бұл фильмде негізгі кейіпкердің бірі Исмаил-бекті Мухаммеджан Касымов ойнапты. Ол Қоқанда туып, Ташкенде білім алған сол заманның беделді артисі. Бірақ сол тұста Тәжік драма театрының артисі қызметінде болған. Бұл фильмге түскен Аслы Бурханов, Мухаммад Халилов, Михаил Аронбаев, Абдулхамит Нурматов – бәрі де Тәжік драма театрының артистері еді. Тағы бір қызық дерек, бұл фильмде өзіміздің Абдолла Қарсақбаев та шекарашы болып ойнаған. Сондай-ақ бәрімізге «Джентельмены удачи» фильмінен белгілі Василий Алибабаевичтің рөлін сомдаған артист Раднэр Муратов та осы фильмге түскен екен.
Бір жарым сағаттық фильмді мен де көрдім. Әрине, көпшіліктің ішінен Шераға бейнесін тауып аламын ба деген ой болды. Өкінішке орай, таппадым. Тіпті онда репликасы бар кей артистердің де есімі титрларда көрсетілмепті. Дегенмен Шерағаның дәл осы фильмге түскеніне күмәнім жоқ.
Шераға түскен екінші фильмнің аты – «Салтанат». Бұл қырғыз киностудиясының Мәскеуде 1955 жылы түсірген алғашқы түрлі-түсті бейнедегі көркем фильмі. Картинаның режиссері – Василий Пронин. Фильм «Мосфильм» киностудиясымен бірлесе отырып түсірілді. Басты кейіпкер зоотехник Салтанат есімді келіншек. Онда Шерағаға таныс атмосфера қырғыз-қазақ даласындағы мал бағу мәселесі, колхоз бастықтарының жалған ақпарат беруі сынды дүниелер қамтылған. Ал негізгі тақырыптың арқауы тағы да әйел теңдегі.

Назым ҚОЖАМАР,
Ш.Мұртаза атындағы руханият
және тарихтану орталығының «Дәстүр
және өнер» бөлімінің меңгерушісі,
ҚР Журналистер одағының мүшесі




