Іс-шараға қатысқан Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров ақынның өлеңдеріндегі терең ой мен халық өмірін суреттеу ерекшеліктеріне тоқталып, Жамбыл жырларының мән-мағынасына үңілді. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастырушысы Гүлгаухар Бүркітбаева Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнының айрықша екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік іс-шараға қатысқан облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының өнерпаздары ақынның жырларын мәнерлеп оқып, айтысынан үзінділерді көрсетті.
Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың жас ұрпаққа қалдырған аманаты мен тәлімін Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Абу Шонбаев шынайы сезіммен жеткізді.
Сонымен қатар «Дәуірдің дара тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сирек кездесетін басылымдар мен мақалалар таныстырылып, келушілерді терең ойға жетеледі.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ




