Қолы «алтын» Байкелді
Талас ауданының Қызыләуіт ауылында туып өскен Байкелді Станбақы есімді өрен он саусағынан өнер тамған «алтын қолды» жігіт. Анығын айтқанда, ол бірнеше жылдан бері Тараз қаласында ұрылған-соғылған көліктерді бастапқы қалпына келтірумен және сырлаумен айналысып келеді. Аталған ауылдағы орта мектептің 9-сыныбын тәмамдағаннан кейін, яғни 2008 жылы оқуын Ақкөл ауылында бір кездері ауыл балаларына кәсіби мамандық берумен айналысқан (қазір жабылып қалған) №14 кәсіптік лицейде жалғастырады. Ол жерден «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» куәлігі мен «Газ және электр дәнекерлеуші» мамандығын алып шығады. Алайда Байкелдіге осы мамандықтар бойынша жұмыс істеудің жуық арада сәті түсе қоймапты.
Артық-ауыс тірлікпен, қақ-соқпен ісі жоқ кейіпкеріміз елгезектігімен ауылда жүріп-ақ көп көзіне түскен. Атасы Станбақы кезінде ұзақ жыл кеңшардың малын баққан, жылқының қыр-сырын жетік меңгерген, көпке сыйлы қария еді. Оның немересі Байкелді де жастайынан малсақ болып өсті. Қолды-аяққа тұрмай лыпып тұрған бозбаланы колледжден кейін К.Оязбеков атындағы «Көктал» акционерлік қоғамының малын баққан тәжірибелі шопанның бірі өзіне жәрдемші етіп алады. Бүгінгідей нарық заманында кез келген адамның шалқып өмір сүруі мүмкін емес. Оның үстіне әке-шеше, бауырларға қарайласу қазақтың қанында бар азаматтық. Міне, жас жігіт үйдің үлкені болғандықтан алғашқы табысынан бастап тапқанын өзінен кейінгі мектеп жасындағы бір інісі мен үш қарындасының керек-жарағына деп әке-шешесіне жіберіп тұрды. Кезінде алған білімін, бойындағы талантын өзіне талғажау боларлық бір кәдеге жарату үшін Алматы қаласына аттанды. Өмір болғаннан кейін ірі мегаполиске ауылдық жерден жұмыс іздеп барып бағы ашылғандар да, бос сандалыспен кері қайтқандар да болған. Байкелді аталған алып шаһарда өзінің қолынан келеді-ау деген саланы таңдап, көлік шанағын қалпына келтіру, бояу-сырлау ісімен айналысатын «костоправтарды» жағалайды. Жолы болып, жақсы адамдарға кезігіп, 5-6 жыл осы жұмыстың қыр-сырын меңгерді. Анығын айтқанда, осы уақыт аралығында Батыр есімді шебер оны отқа да, суға да салып, бар білгенін ішіне бүкпей, нағыз маман етіп шығарады.
2019 жылы ол туған өңіріне қайта оралып, Тараз қаласындағы «Жібек жолы» базары төңірегінен бір нысанды жалға алады. Содан бері елдің ұрылған-соғылған көліктерін жөндеп, бояп берумен айналысып келеді. Жалға алған нысан үшін беретін 50 мың теңгені алып тастағанда ол айына 150-200 мың теңге табыс табады екен. Әлсіздік танытқандарды иірімге тартатын өмір атты теңізде толқынға қарсы тұру кім-кімге де оңай емес. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, мемлекет қолынан іс келетін жастарға өз кәсібін ашуы үшін қолдау көрсетуге мүдделі. Оларды жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы болашақ кәсіпкер ретінде оқытып, бизнеспен айналысуға бел буғандарға төмендетілген пайызбен несие, тіпті қайтарымсыз қаржы беріп жатқанын осы күні көзіміз көріп жүр. Біз оның тапқан табысының бір бөлігі пәтер ақысына, тағы бірі жұмыс орнын жалдау ақысына, ал енді бір бөлігі ішіп-жем мен киім-кешекке жұмсалатынын ескере отырып, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді неге пайдаланбай жүргенін сұрадық. Сөйтсек ол қоғамда мұндай қолдау бар екенінен жасы 29-дан асқанша бейхабар болып келген. Қазір ол жасы 32-де болғандықтан жастар санатына жатпайды.
– Күн көріс қамымен таңертеңнен кешке дейін жұмыста болдық. Осыдан бір-екі жыл бұрын өз кәсібімді ашқым келіп, сұрастырып көргенімде жасы 29-дан асқан азаматтардың жастар санатына жатпайтынын білдім. Мемлекеттен жеңілдетілген несие алуым үшін қаржы ұйымдарына кепілзат қоюым қажет болды. Ал менде бұған мүмкіндік жоқ. Сол үшін біреудің нысанын жалға алып жұмыс жасау арқылы табыс табу маған ыңғайлы болып тұр. Егер өз жобамды ұсынып, ол сәтті қорғалып, мемлекеттен несие не қайтарымсыз қаржы алсам, біреудің нысанын сатып алып, ішіне заманауи құрылғы орнатып және құрал-сайманымды жаңалауға мүмкіндік туар еді. Негізі мен жалғыз өзім жұмыс істеп жүрмін. Өйткені ол бір ғана көлік сиятын бокс. Егер нысан өзімдікі болғанда, бокстің бірнешеуін ашып, жұмыс орнымды автокөлікке техникалық қызмет көрсететін шағын орталыққа айналдырар едім. Бірақ ондай атты күн қайда? – деді Байкелді Берікбайұлы.
Ол түсі оңған бір жеңіл көлікті бас-аяғына дейін сырлау үшін 200 мың теңге алады екен. Артқы, алдыңғы бампер секілді детальдарды шешіп, бөлек сырлайды. Есіктің тұтқаларын шешу, майысқан жерін қалпына келтіру, "шпаклёвка" жағу, тегістеу, бояу, лакпен жылтырату секілді жұмыстарды қосқанда түсі оңған көлікті бір айда қалпына келтіреді.
– Себебі жұмысымның нәтижесі ең бірінші тапсырыс берушінің көңілінен шығуы керек. Көбіне клиенттер сабырлық танытпай, «бір ай ұзақ уақыт, лажы болса ертерек бітір» деп қолқалайды. Мен айтқан мерзімнен танбаймын. Жұмысты бітіріп, көлігін иесіне тапсырғанымда олар айрықша алғыс жаудырады. Бұл өз жұмысыңа деген құлшынысты арттыра түседі, – деді ол.
Қайбір жылы қоғамда мемлекеттен жеңілдік алу мүмкіндіктерін арттыру үшін жастардың 29 жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұзарту мәселесі қозғалып, ақыр аяғында бұл ұсыныс айтылған жерінде қалып қойған еді. Алайда содан бері жұртшылық бұл ұсынысты жылы қабылдап, тіпті кейбір мекемелер жастар арасында сан түрлі сайыс, байқау, мүшәйра секілді мәдени не спортық іс-шаралар ұйымдастыра қалса, оған 35 жасқа дейінгі жастарды қатыстырып келеді. Біздің газеттің де «Жас келсе – іске» айдары жасы 35-ке дейінгі азаматтарды қамтиды.
Елімізде қазір адамның орташа өмір сүру жасы 72 жастан асқалы, 35 жас деген нағыз жігіттік шақ болып есептеле бастады. Оның үстіне қазір «жасым 29-ға келді, енді мен жас емеспін, қалған ғұмырымда уақытымды бас құрап отбасылық өмірге арнайын» деп жаппай отау тігіп жатқан жасы 29-дан асқан сүрбойдақтарды әзірге кезіктіре қоймадық. Олардың кейбірі материалдық жағдайға байланысты немесе жар таңдауда жолы болмай аяқтануды кейінге қалдырып келе жатса, ал енді бірі өзін-өзі әлі де жас сезініп жүр. Біздің айтпағымыз, қазіргі уақытта мемлекет қолдауына зәру жасы 35-ке дейінгі азаматтар қалада да, далада да жетерлік. Оның ішінде отбасын құрағаны немесе салт жүргені болсын жастарға қамқор боларлық қандай да бір бағдарлама арқылы игілікке ілігейін десе оған заң ырық бермейді. Жастардың жұмыссызы да, жұмыс істеп жүргені де 29-дан асса қоғам оларға қаталдық танытатыны белгілі. Не жас отбасы немесе жас маман ретінде баспанаға іліге алмаса, бизнеспен айналысайын десе жеңілдетілген несие не грант берілмесе, білімде де, ғылымда да жасы 29-дан асқандар осы тектес жеңілдіктен қағылса олар күйзеліске түспегенде қайтеді?
Байкелдімен әңгімелесе отырып біз мемлекеттің бір тиын көмегінсіз өз бетінше тырысып-тырмысып тірлік істеп жүрген азаматтардың арамызда көп екеніне тағы бір көз жеткіздік. Елдің болашағының баянды болуына қоғамға масыл болуды жаны қаламайтын осындай еңбекқор жастар да сүбелі үлес қосатыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала